jasqazaq.kz

Ілияс Есжанов: Шымкентте «ақылды» электр желілері іске қосылады

01 қыркүйек, 14:43

Шымкентте жылу және электр желілерін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл қаладағы 5 шақырым магистральдық жылу желісіне құбырішілік диагностика жүргізілді. Мұндай технология құбырлардың ішкі жағдайын тексеруге мүмкіндік береді.

Электр желілері бойынша да ауқымды жұмыс қолға алынған. Жаңа қосалқы станциялар салынып, тозған желілер жаңартылуда. Алдағы жылдары қалада SMART GRID жүйесі енгізіліп, 45 мың электр есептеу құралы автоматтандырылған жүйеге қосылады.

Шаһардың энергетикалық инфрақұрылымындағы өзгерістер туралы Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ілияс Есжанов Jas Qazaq тілшісіне айтып берді.

– Шымкентте жылу желілерінің тозуын азайту үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Биыл жылу саласында ең маңызды жаңалықтардың бірі – құбырішілік диагностика технологиясының енгізілуі. Бұған дейін жылу желілерінің жағдайы негізінен сыртқы тексерулер арқылы бағаланатын. Енді арнайы құрылғылардың көмегімен құбырлардың ішкі қабаты зерттеліп, олардың нақты техникалық жағдайы анықталады.

Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 345,1 миллион теңге бөлінді. Жоба аясында қаланың жеті учаскесіндегі диаметрі 720 миллиметрге дейінгі магистральдық жылу құбырларының жалпы 5 мың метріне диагностика жүргізілді. Бұл жұмыстар толық аяқталды.

Мұндай тәсілдің басты артықшылығы – апат болуы мүмкін тұстарды алдын ала анықтау. Яғни құбыр жарылғаннан кейін емес, мәселені ертерек байқап, уақытында жөндеу мүмкіндігі пайда болады. Бұл жылыту маусымындағы күтпеген апаттардың санын азайтуға көмектеседі.

Сонымен қатар алдағы жылыту маусымына дайындық аясында 18,5 шақырым жылу желісіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары шілде айында басталды. Қазірдің өзінде 6 шақырым жаңа құбыр орнатылды, қалған жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жалғасып жатыр.

– Қаладағы электр желілерін жаңарту қалай жүріп жатыр?

– Электр энергетикасында да ауқымды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының инвестициялық бағдарламасы бойынша биыл 61,9 шақырым электр желісі, 80 трансформаторлық қосалқы станция және екі ірі қосалқы станция қайта жаңартылуда.

Бүгінде ондаған шақырым әуе және кабельдік желілер ауыстырылып, ондаған трансформаторлық станция жаңартылды. Сонымен бірге электр энергиясын есепке алу жүйесі де цифрландырылып жатыр. Биыл қалада 4300 автоматтандырылған электр есептегіші орнатылады.

Бұл тұрғындар үшін бірнеше маңызды өзгеріс әкеледі. Біріншіден, электр энергиясының шығыны мен ақауларын анықтау әлдеқайда жылдам болады. Екіншіден, есепке алу жүйесі автоматтандырылғандықтан, тұтыну көрсеткіштері дәлірек тіркеледі. Үшіншіден, электр желілеріндегі ақауларды қашықтан бақылау мүмкіндігі кеңейеді.

Сонымен қатар қала бойынша 160,7 шақырым электр желісі мен 166 трансформаторлық қосалқы станцияға жөндеу жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.

– SMART GRID немесе «ақылды» электр желісі дегеніміз не? Оның қарапайым тұрғындарға пайдасы қандай?

– SMART GRID – бұл электр желілерін автоматты түрде басқарып, олардың жұмысын онлайн бақылауға мүмкіндік беретін интеллектуалды жүйе.

2026–2027 жылдары ұлттық жоба аясында 59,2 шақырым тарату желісі мен 19 трансформаторлық қосалқы станция толық жаңғыртылады. Сонымен бірге қалада SMART GRID жүйесі және электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі енгізіледі.

Жоба шеңберінде 45 мың есептеу құралы цифрлық форматқа көшіріліп, 566 трансформаторлық қосалқы станция осы жүйеге қосылады.

Бұл нені білдіреді? Егер желінің белгілі бір бөлігінде ақау пайда болса, жүйе оны автоматты түрде анықтап, мамандарға хабар береді. Кейбір жағдайда электр қуатын қайта бағыттау арқылы тұтынушыларды жарықсыз қалдырмайтын мүмкіндік те қарастырылған.

Яғни бұл – қаланың энергетикалық жүйесін «ақылды» басқаруға көшірудің алғашқы кезеңі.

Жалпы осы жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін электр желілерінің тозу деңгейін 56,5 пайыздан 56,1 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.

– Жаңа тұрғын аудандары мен өндірістік аймақтарды жарықпен қамтамасыз ету үшін қандай жобалар іске асырылып жатыр?

– Шымкент қарқынды өсіп келеді. Сондықтан жаңа тұрғын алаптары мен өндірістік аймақтарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі.

Биыл бюджет есебінен сегіз жоба жүзеге асырылуда. Тұран, Сайрам, Қайнарбұлақ және Сәуле тұрғын алаптарында жаңа электр желілері салынып жатыр. Бұл жаңа қоныстанған аудандардағы электр қуатының тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге өндірістік аймақтар да назардан тыс қалған жоқ. ТЛЦ, «Жұлдыз», «Dala Construction» аумақтарында және Бадам өзенінің бойында жаңа қосалқы станциялар мен электр желілерінің құрылысы жүріп жатыр.

Өткен жылы «Ақжар» 110/35/10 кВ қосалқы станциясының құрылысы аяқталды. Енді оны толық қуатында пайдалану үшін Бадам өзенінің бойында тағы бір 110/6 кВ қосалқы станциясы мен жаңа жоғары кернеулі желілер салынып жатыр.

Жоба аясында қуаты 125 МВА автотрансформатор орнатылды. Бұл қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі электр жүктемесін теңестіріп, «Қазығұрт» қосалқы станциясына түсетін салмақты азайтады.

Қысқасы, бүгінгі жұмыстар тек тозған желілерді жөндеумен шектелмейді. Мақсат – Шымкенттің алдағы жылдардағы өсіміне сай келетін, апаты аз, цифрлық басқарылатын және тұрғындарға тұрақты қызмет көрсететін жаңа энергетикалық инфрақұрылым қалыптастыру.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Олжас Әбдіхалық

01 қыркүйек, 14:43
Ілияс Есжанов: Шымкентте «ақылды» электр желілері іске қосылады
27 тамыз, 13:57
Банк депозитінің сыйақысына салық салынбайды
26 тамыз, 14:32
Мемлекет басшысы: Құрылтай сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелді
26 тамыз, 13:38
Alatau City қаласының инвестициялық пулы 67 жобаға дейін ұлғайды
26 тамыз, 12:18
Алматы облысының Жамбыл ауданы “Мектепке Жол” акциясына ат салысуда.
21 тамыз, 15:34
Шымкент: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
21 тамыз, 15:25
Нүрсұлтан Сүлейменов: Жаңа өндіріс орындары қала экономикасын алға бастырады
20 тамыз, 14:53
Өмір Қалыбаев: Шымкентте қоғамдық көлік паркін жаңарту тұрақты жүргізіліп келеді
19 тамыз, 15:42
Шымшаһарда қолжетімді баспанамен қамту қарқынды