Ілім іздеп, ғылым қуған

01 қантар 2017, 15:28

Алматы облысы ілім-білімді жанына серік етіп, ғылымда жаңалық ашып жатқан оқушы жастардан кенде емес. Олар халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып, облысымыздың ғана емес, жүмлә қазақ жұртының атын әлемге мәшһүр етіп жүр.

Егеменді елдің ертеңі – білімді ұрпақтың қолында десек, біздің елде ондай балалар шаш-етектен. Олар бүгінгі заман талап етіп отырған инновациялық технологиялардың тетігін меңгерген ғалымдар, техниканың тілін тапқан асқан ақылдылар, қала берді жаһандануға жұтылып бара жатқан ұлттық әдет-ғұрпымыз бен өмір сүру салтымызды жандандырып жүрген патриот жандар. Олардың болашағы жарқын, келешегі кемел.


Жаркенттік Әсия Мақұл мен Карина Тұрсұнова өздері тұратын елді мекенде ғарышкерлерді оңалту орталығын ашқысы келеді. Жас ғалымдар Жаркенттегі радон суын пайдалана отырып, ғарыштан кейінгі бейімдеу шараларын жасауға болатынын айтады.
Карина Тұрсұнова, Халықаралық ғарышты зерттеу жобалары байқауының жүлдегері:
– Азотты газ, фтор, кремний қышқылы, күміс, фосфор, йод, марганец, сынап сияқты микроэлементтерге бай радон суы тек ғарышкерлерге ғана қажетті минерал емес, бұл сумен артериялық қан қысымы қалыпсыз адамдарды және көптеген гинекологиялық ауруларды емдей аламыз. Жаркент қаласы жанындағы радон суын ғарышкерлерге қолдану арқылы оңалтуға өз үлесімізді қосқымыз келеді. Осы бағытта зерттеу жүргізудеміз. Мақсатымызға жету үшін біз Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне түсіп, жоғары квалификациялық маман иесі, дәрігер болып, ары қарай өз жобамызды тереңірек зерттегіміз келеді.


Биыл 11-сыныпты бітірген жас ғалымдар осы жобасы бойынша Байқоңырда өткен халықаралық ғарышты зерттеу жобалары байқауының үшінші орын жүлдесін алып, ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылған.
«Білекті бірді, білімді мыңды жығады» демекші, білімі мен парасаты келіскен оқушылардың арасында ұлттық өнердің көсегесін көгертуді мақсат еткен 11 жасар Айболат Қажыәкпар ата-анасының ғана емес, Жетісу жұртшылығының мақтанышы. Айболат биыл «Зерде» шығармашылық байқауына «Қазақтың ағаш ұқсату өнері» жобасын ұсынып, облыстық іріктеуден бірінші орын, республикалық байқаудан екінші орын жүлдесін жеңіп алды.
Айболат ҚажыӘкпар, «Зерде» шығармашылық байқауының жүлдегері:
– 2014 жылдан бастап ағаштан бұйым жасауға қызығушылығым артты. Маған ағаштан бұйымдар жасауды ұстазым – Жұмабай Немеребаев үйретті. Мен жас техниктер стансасында оқығанмын, бірақ өкінішке қарай, ол станса жабылып калды. Бірақ мен қолөнерімді ары қарай жалғастыра беремін. Маған ағаштан бұйымдар жасаған ұнайды. Ағаштан бұйым жасау дегеніміз – қолда бар ағаштарды босқа тастамай, кәдеге жарату.
Биыл республикалық пән олимпиадасында біздің облыстың оқушыларынан құралған командалық топ «Үздік олимпиадалық команда» атанды. Команданың сапында география пәнінен республикалық олимпиаданың алтын медаль иегері Әдепхан Шырайлы да бар.
Әдепхан Шырайлы, республикалық пән олимпиадасының алтын медаль иегері:
– Мен дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №20 мектебінің 8-сыныбында оқимын. Биылғы жылы Көкшетау қаласында өткен жалпы білім беретін республикалық пәндер олимпиадасында 10-сынып оқушыларының тапсырмасын орындап, география пәнінен бірінші орын, алтын медальға ие болдым. Бала кезімнен атам мен әжем: «Жер – атадан балаға қалған асыл мұра. Оны сақтап қалу және оны ары қарай көркейту тек сендердің қолдарыңда» дейтін. Сондықтан, еліміздің кең-байтақ жерін зерттеуге, еліміз әлемдік қазба байлықтарға бай екендігін зерттеуге ден қойдым. Дүниежүзілік олимпиадаларда да топ жарған оқушылар біздің облыстан шықты. Оның бірі – Серік Еркін. Ол биыл Мәскеу қаласында өткен дүниежүзілік Менделеев олимпиадасында қола медаль алды.
Серік Еркін, дүниежүзілік Менделеев олимпиадасының қола медаль иегері:
– Менің жетістігім – тек менің ғана емес, ата-анамның, мұғалімдерімнің, достарымның еңбегі деп білемін. Болашақта органикалық химия мен бейорганикалық химияны байланысын зерттегім келеді. Өйткені, органикалық химия жеке-дара дамыса, ғылымға жаңалық әкелмейді, ал бейорганикалық химиямен байланыса дамыса, онда көптеген өндіріс орындарына, медицинаға, жаңа технологиялардың қарыштап дамуына өз септігін тигізетін еді. Өзімнің болашақ жетістіктерімнің бәрін ел дамуына арнаймын.
Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарына облыстан 178 оқушы қатысып, 135-і алдыңғы қатарлы орындарға ие болды. Оның 9-ы алтын, 34-і күміс, 92-і қола медаль.
Халықаралық олимпиада мен ғылыми жоба байқаулары – Дэджон, Мәскеу, Королев, Тбилиси және еліміздің Байқоңыр, Көкшетау, Петропавл, Алматы қалаларында өтті.
Атап айтсақ, Алматы қаласында өткен республикалық ғылыми жоба жарыстарына 36 оқушы қатысып, оның 13 (І орын – 2, ІІ орын – 5, ІІІ орын – 6) жүлделі орын, Көкшетау, Петропавл қалаларында өткен республикалық пәндер олимпиадасына 72 оқушы қатысып, 4 алтын, 9 күміс, 11 қола медальдарға ие болды. Қорытынды есепте құрама команда жүлделі ІІ орынды және «Үздік олимпиадалық команда» атағын үшінші мәрте растады.
«Жаһандану заманында мемлекет пен оның азаматтары бәсекелестікке сай болуы үшін, ең бірінші білім мен ғылым өркендеуі керек» деген ел Президентінің сөзін алға тартқан өңір басшысы білім мен ғылымға қолдау көрсету – басты міндеті екенін айтты. Сондай-ақ дарынды балалардың талабына нұр жауып, арман-мақсаттарының орындалуына тілектестігін білдірді.

Шынаргүл ОҢАШБАЙ, Алматы облысы
Суретті түсірген автор

24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді