
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бостандыққа шығуына қатысты түсініктеме берді.
«Ол үкімге заңға сәйкес шағым түсірген. Менің білуімше, сот шешімі шықты, жаза мерзімі 4 жыл 8 айға дейін қысқарды. Оның үштен екісін ол өтеп қойды, бір жылдан сәл ғана артық қалды. Бұл мерзім жеңіл жазаға ауыстырылды», -деді Қожаев үкімет кулуарында.
Оның айтуынша, Бишімбаев мерзімінен бұрын шартты түрде босатылмаған, жазасы жеңіл жазаға ауыстырылған.
«Енді ол пробация қызметінде бақылауда болады», — деді министрдің бірінші орынбасары.
Қожаев бұрынғы министрдің кінәсін мойындағанын да атап өтті.
2019 жылдың 11 қазанында Қуандық Бишімбаевтың бостандыққа шыққаны белгілі болды.
ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінен мәлімдегендей, Шымкенттің Абай аудандық соты 25 қыркүйекте Бишімбаевтың мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы қолдаухатын қарастырған. Сот өтінішті қанағаттандырды. Жазаның өтелмеген мерзімінде экс-министр пробациялық бақылауда болады.