
Петропавлда полиция қызметкерлері бұрын көлік басқару құқығынан айырылған 38 жастағы ер адам тізгіндеген автокөлікті тоқтатты. Ол сот шешіміне қарамастан, белгіленген тыйымды елемей, қайтадан көлік басқарған. Сот шешімімен құқық бұзушы әкімшілік қамаққа алынды.
Алматыда полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынды ұстады. Одан ойық ұңғылы винтовка, тапанша, оқ-дәрілер мен үш пышақтан тұратын қару-жарақ арсеналы табылды. Сондай-ақ әртүрлі қару түрлерінің макеттері тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Осы қалада полиция қызметкерлері қараусыз қалған үйден 2022 жылдан бері жоғалғандар қатарында болған аңшы мылтығын тапты. Онымен бірге 30 патрон мен жарық-дыбыс гранатасы анықталды. Табылған заттардың барлығы тәркіленіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылып отыр.
Қарағанды облысында полиция қызметкерлері халықаралық пошта жөнелтілімін алу кезінде 47 жастағы ер адамды ұстады. Кейін жүргізілген тінту барысында Польша, Үндістан және Германиядан жеткізілген 480 таблетка тәркіленді. Препараттардың бір бөлігінен аса ірі мөлшерде психотроптық зат – модафинил анықталды. Препараттарға интернет арқылы тапсырыс берілгені белгілі болды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
Маңғыстау облысында автокөлікті тексеру кезінде полиция қызметкерлері марихуана болуы мүмкін зат салынған пакеттерді анықтады. Одан әрі жүргізілген іс-шаралар барысында базалардың бірінен есірткінің тағы бір партиясы табылды. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы шамамен 130 келіні құрады. Тергеу жүргізіліп жатыр. Сот төрелігінен жасырынып жүрген адамдарды іздестіру жұмыстары да жалғасуда.
Алматыда алаяқтық жасады деген күдікпен мемлекетаралық іздеуде жүрген Қырғызстан азаматы ұсталды. Іс материалдарына сәйкес, оның жер учаскесін заңсыз сатуға қатысы бар. Соның салдарынан жәбірленушілерге 125 мың АҚШ доллары көлемінде залал келтірілген. Іздеуде жүрген азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы ІІМ-нің сұрау салуы бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген еліміздің азаматы ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол Қытайдан тауар сатып алып, жеткізіп беремін деген сылтаумен жәбірленуші мен оның ата-анасының жалпы сомасы 24 миллион теңге қаражатын иемденген. Қазіргі уақытта күдікті қамауда отыр.
Сурет: ІІМ/видеодан кадр