jasqazaq.kz

ХХІ ғасыр. Жаңғырған Жібек Жолы «Бір белдеу, бір жол»

27 тамыз 2021, 12:27

30 QARYŞTY QADAM

Тәуелсіздік жылдарында еліміздің сыртқы экономикалық стратегиясында көлік-транзит әлеуетін арттыруға басым бағыт берілді.

Бұл тұрғыда Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасының маңызы айрықша екенін айту керек. Рас, оған дейін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы халыққа арнаған Жолдауында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында транзит хабын құру жөнінде айтылған болатын. Содан да болар, 2016 жылы «Нұрлы жол» мен «Жібек жолының экономикалық бағытын» (ЖЖЭБ) ұштастыру туралы келісімге қол қойылғанда ешқандай келіспеушілік болған жоқ. Шындығында, бұл ғаламдық саясатта өте сирек кездесетін құбылыс.

«Жібек жолының экономикалық белдеуін» құру идеясын алғаш рет Қытай төрағасы Си Зиң Пин 2013 жылы елімізге мемлекеттік сапармен келгенде жария етті. Ол «2100 жыл бұрын қытайдың Хан династиясының өкілі осы аймаққа бейбітшілік һәм достасу ұсынысымен екі рет келді. Бұл Шығыстан батысқа апаратын Жібек жолының ашылуына ықпал етті», – деді өз сөзінде. Сөйтіп 2015 жылдың наурызында «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және «ХХІ ғасырдағы Теңіз Жібек жолын» бірлесіп құру тұжырымдамасы дайын болды.

Шығыстағы көршіміздің халықаралық бастамасы – «Бір белдеу, бір жол» Орталық Азия, Еуропа мен Африкадағы 60-тан астам мемлекетті байланыстырып келген бұрыннан бар бағыттарды жетілдіруге, сондай-ақ жаңа сауда-көлік дәліздерін құруды көздейді. Бұл жобаның экономикалық тиімділігін былай қойғанда, Орталық Азияның, оның ішінде біздің еліміздің геосаяси маңызын арттырады. Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Бір белдеу, бір жол» жобасын үштастыруда бірлескен басты бағыттар жоғары деңгейде белгіленді. Қос жобаның сайма-сай келуі екеуінде де көлік және логистика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы экспорты, тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық инфрақұрылым, білім мен адам капиталын, шағын және орта бизнесті дамытуды көздейтіндігінде болса керек.

2016 жылдан бастап «Нұрлы жол» бағдарламасын «Жібек жолының экономикалық белдеуімен ұштастыру» жоспары табысты іске асуда. Еуропа мен Қытайды Ресей мен Қазақстан арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық жоғары деңгейлі автомагистраль байланыстырды. Еліміз Қытайдың Лянюнган портында логистикалық терминал салды. «Қазақстан – Түркіменстан – Иран – Парсы шығанағы» бағытындағы теміржол іске қосылды. Қытайдан Оңтүстік Кавказға, Түркияға және одан әрі Еуропаға Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арқылы жөнелтілетін жүктердің көлемі артып келеді.

Бүгінгі күні Қытаймен шекарада кедергісіз сауда-саттықты өркендету мақсатында «Қорғас – Шығыс қақпасы» сауда-экономикалық аймақ (СЭА) толығымен құрылып бітті. СЭА инфрақұрымына индустриалдық және логистика аумағына қоса, Құрғақ порт та кіреді. Ол 2015 жылы жүктерді шоғырландыру және өткізу үшін ашылды.

Соңғы он жылда инфрақұрылым мен көлік-логистика активтерін дамытуға шамамен 30 миллиард доллар инвестиция салынды. 3 мың шақырымға жуық ұлттық теміржол желісі және 12,5 мың шақырым автомобиль жолдары салынды немесе қайта жөндеуден өтті. Теңіз және әуе порттары жаңғыртылды. Осылайша қысқа мерзімде заманауи және бәсекеге қабілетті транзиттік хаб құрылды.

 

Батыс Еуропа – Батыс Қытай

Мұндай автожолдың құрылысы – отандық Индустриаландыру картасындағы ең ауқымды жоба. Жаңа Жібек жолы еліміздің бағзы замандағы Азия мен Еуропаны жалғаған тарихи маңызын қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді. Бұл үшін бізде барлық жағдай бар. Ішкі саяси және экономикалық тұрақтылық, сондай-ақ географиялық орналасуы да маңызды фактор саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы орайда: «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінде қазақстандық бөліктің құрылысын аяқтау маңызды. Бұл шынымен де ғасыр құрылысы. Басқа қай жерде үш жылдың ішінде 2700 шақырым сапалы автожол құрылысы салынды?» – деген.
2032 жылға қарай күре жолдан күтілетін экономикалық пайда бірнеше өлшеммен есептелді. Біріншіден, жолға жұмсалатын уақыт есебінен мемлекеттік бюджетке 33,9 млрд теңге түседі. Жол сапасының жақсаруы жол-көлік апатын азайтуы тиіс. Сауда айналымының артуынан басқа, дәліз бойында орналасқан қалалар мен ауылдарда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және коммерциялық қызметтің қанат жаюына, сауда мен қызмет көрсету сапасының жақсаруына ықпал етеді.
Сондай-ақ мына жағдайды ескеру керек: Азия – Еуропа бағытымен жүк тасымалдауда жалпы құны 700 млрд доллардың тауары су көлігімен тасымалданады. Жолға 40-50 тәулік кетеді. Ресей аумағында Транссібір теміржолы арқылы 14-15 күн жүреді. Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы арқылы жүк тасымалына жұмсалатын уақыт 10 тәуліктен аспайды. «Қытай – Орталық Азия» және «Қытай – Ресей» бөліктерімен тауар жеткізу уақыты одан да аз. Еліміздің географиялық орналасуы да транзиттен қомақты табыс табуға мүмкіндік береді. Есеп бойынша, 10 жылдан кейін ел арқылы өтетін жүк тасымалы 2,5 есе артып, 900 мың тоннадан 3,5 млн тоннаға жетуі тиіс.
Қалай болғанда да, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі мемлекетаралық байланыстың нығаюы есебінен елдегі аймақтардың экономикалық дамуын жеделдетеді. Тасымал тиімділігін арттырады, инфрақұрылым салынып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Әлбетте, бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.

 

«Қытай халқында «Бай болғың келсе, жол сал» деген тәмсіл бар. Бұл дана сөз бірлесе жаңғыртып жатқан Ұлы Жібек жолының тарихына да тікелей қатысты. Екі мың жыл бұрын адамдардың батылдығы мен іскерлігінің арқасында Еуразия жолдардың бір желісіне біріккен еді. Мұны адамзат тарихындағы жаһанданудың алғашқы қадамдары деуге болады.
Адамзат дамуының болашақ үрдісі айқындалғандай болып көрінген еді. Бірақ 2013 жылы Қытайдың Қазақстанда ұсынған Жібек жолы моделі қазіргі заманғы геосаяси жағдайларда өміршең ғана емес, табысты жобаға айналды. Бұған оның бес жылдан астам уақыттағы даму кезеңі дәлел.
Әлем жұртшылығы қарама-қайшы геосаяси тұжырымдардан шаршағаны анық. Барған сайын геоэкономика мен бірлесе дамудың маңызы артып келеді. «Бір белдеу, бір жол» – экономикалық ынтымақтастық үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктерден де ауқымды әрі маңызды жоба. Бұл – әлемдегі 120-дан астам мемлекеттің қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, кеңінен сауда-саттық жасауға және өсіп-өркендеуге деген тарихи сұранысынан туындаған бастама».

Нұрсұлтан Назарбаев,
Қазақстанның Тұңғыш Президенті

Қазақстан Еуразия трансқұрлықтық дәлізі – Жібек жолының экономикалық белдеуінің үш бағытына тікелей қатысады:

1. Қытай – Қазақстан – Ресей – Еуропа: Балтық теңізіне;
2. Қытай – Қазақстан – Әзірбайжан – Грузия – Түркия – Еуропа
(TRACECA халықаралық бағдарламасы шеңберінде):
Қара теңіз бен Жерорта теңізіне;
3. Қытай – Қазақстан – Түркіменстан –
Иран – Пәкістан: Парсы шығанағы мен Үнді мұхитына;

Қорғас – Шығыс қақпасы

Біздің елімізден Қытайға және кері қарай жүк тасымалдау көлемі жыл сайын артып келеді. Әлбетте, бұл бағытта инфрақұрылымды дамыту қажет. Сондықтан еліміз алдында қолайлы тасымал мен жүкті сақтау жағын қамтамасыз ету міндеті тұрды. Бұл ретте Достық – Алашаңқай және Алтынкөл – Қорғас шекара өткеліне айрықша маңыз берілді.

Қазіргі кезде Қазақстан-Қытай шекарасында жүк ағымын жедел өткізуге арналған заманауи инфрақұрылым бар. Орталық Азиядағы ең ірі Құрғақ порт стратегиялық маңызды орында – «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аумақта орналасқан.

Жоғары сапалы қызмет көрсету мақсатында 102,8 гектар аумақта ұзындығы 24 шақырымды құрайтын теміржол төселді. Контейнер терминалында 6 жүк тиеу-түсіру жолы бар. Жүк сақтайтын 18 мыңнан астам контейнер, аумағы 10 мың шаршы метрлік уақытша жүк сақтау қоймасы, техниканы жөндеу және қызмет көрсететін шеберхана, сондай-ақ автокөліктерді түсіруге арналған аппарель бар.

Құрғақ порт Алтынкөл стансасындағы ең қуатты терминал саналады.
Заманауи жүк тиеу техникасымен, вагон мен контейнерлерді есепке алатын ең жаңа автоматты жүйемен жабдықталған, шекарадан өтетін жүкті өңдеу, сақтау, өткізу бойынша кең ауқымды қызмет көрсетіледі.

Алтынкөл мен Құрғақ порт арқылы негізінен халық тұтынатын тауарлар, металдар мен химикаттар, шағын жүктер тасымалданады. Мәселен, өткен жылы Қытайдан Түркіменстанға 300 комбайн жөнелтілді. Үш жылдың ішінде 1,5 мыңдай ауыл шаруашылығы машиналары тасымалданды.

Еліміздің аумағы арқылы Қытай – Еуропа – Қытай бағытымен жылдам бұзылатын тауарлар жөнелтіледі. Өйткені бұл бағытпен жүргенде теңіз жолына қарағанда 2 есе аз уақыт кетеді.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан осындай ғаламат жобалар елімізге көлік-логистика саласында зор мүмкіндік пен артықшылықты иеленуге мүмкіндік берді.

Гүлнар Ахметова

Бүгін, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия