
Несие несібені арттырмайды десек те елімізде банктерден қарыз алатындар көп. Бүгінде тұрғындар банктерге 6 триллион теңгеге жуық қаражат қарыз. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық.
«Түркістан» қоғамдық-саяси апталық басылымында осы өзекті тақырып көтерілді. Мақала авторы Әсел Әнуарбек статистикалық деректерге сүйене отырып, маңызды жайттарқа үңіледі. Несие алғандардың арасында жылдар бойы қарызын қайтара алмай жүрген жандар да аз емес. Тіпті, соңғы уақытта олардың қатары тіптен арта түскен. Оның ішінде мүлдем өтемей, ісі сотқа жеткен де жетерлік. «Бірінші кредиттік бюро өкілдерінің мәліметінше, 6 миллионнан астам қазақстандық банктерге берешек. Қазір жеке тұлғалардың 92 пайызы екінші деңгейдегі банктерге, 5 пайызы түрлі қаржылық ұйымдарға, ал 3 пайызы онлайн несие берушілерге кіріптар. Олардың 1,5 миллионы алған несиесін мүлдем өтей алмай жүр. Несие алған азаматтар банк алдындағы қарызын өтеуге неге қауқарсыз? Мәселе – несиенің пайыздық үлесінде. Біздің елдегі банктер несиені өте жоғары пайыздық үлеспен беретіні ешкімге де жаңалық емес. Ал әлем елдерінің көбінде несие пайызы Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда төмен». Жалпы елімізде несие алу бойынша Алматы қаласы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары көш басында тұр. Ал «Жас Алаш» апталығы Алматы облысы, Панфилов ауданындағы ауыл тұрғындарының ахуалын жазды. Көктал ауылының іргесінде орналасқан елді мекеннің әлі күнге дейін ресми атауы жоқ екен. Бұл келеңсіздік кесірі ауылдықтардың өз үйлерін заңдастыруға кедергі келтіріп отыр дейді мақала авторы Ербол Ілияс.