jasqazaq.kz

Халықпен үндесіп, күн кешіп келеді

25 қараша 2022, 13:27

Қазіргі ақпарат ғасырында өмірімізді бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елестету мүмкін емес. Бұрын жаңалықты газеттен оқитын жұрт, бүгінде бүкіл ақпаратпен алақандай смартфон арқылы таныса алады. Қаптаған сайтты былай қойғанда, әлеуметтік желінің өзі ақпарат көзіне айналып үлгерді. Заман талабына қарай, бүгінде кейбір газеттер электронды нұсқаға ауысты. Ал кейбір республикалық, облыстық, аудандық мерзімді басылымдар қағаз түрінде шығуын тоқтатқан жоқ. Бұл да мемлекет қамқорлығының аясында.

Бүгінде аудандық газеттердің жағдайы нешік? Аудан тұрғындарының мерзімді басылымға деген ықыласы қандай? Бұл сауалдарға Жамбыл облысындағы аудандық газеттердің тізгінін ұстап отырған бас редакторлар жауап беріп, ой-пікірін ортаға салды.

Дүйсен Молдақұлов, «Талас тынысы» газетінің бас редакторы:

Рухани-мәдени саланы дамытуға үлес қосып келеміз

Алаштың біртуар азаматы Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген екен. Сол секілді, тарихы терең «Талас тынысы» газеті де халықпен үндесіп, күн кешіп келеді. Қоғамдық мәселелерді көтеріп, тиісті орынға жеткізуде басылымның рөлі үлкен дер едім. Олай дейтінім, өзім де басылымда біраз жылдан бері қызмет етіп келемін, әрі аудан жұртының газетке деген зор ықыласына куә болдым. Қазір аудандық газеттердің жағдайы жақсы. Мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істеп жатырмыз. Негізінен, өздеріңіз білесіздер, аудандық газеттердің көпшілігі жеке адамдардың қолына өтті. Алғашқыда 49 пайызы, кейіннен 51 пайызы да сатылып, толығымен жекеменшікке өтті. «Газеттің беті – тәжірибе» деген қанатты сөз бар. Дәлірек айтсам, менің өмірлік те, қызметтік те тәжірибем осы аудан айнасымен өрілді.
Газет мемлекеттік тапсырыс аясында бөлінген қаржы мен аудандық әкімдік бөлген қаражатпен күн көріп отыр. Шығармашылық ұжымда 4 журналист бар. Аудандық басылымға бас редакторлық еткеніме 22 жыл болды. 1984 жылы киелі шаңырақ Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдағам. Аудан жаршысы аптасына 4 беттен екі рет шығады. Тиражымыз 3000 данадан асады. Бірінші беті мен соңғы беті түрлі-түсті форматта. Қызметкерлердің жалақысы уақытында төленеді. Бұрын мемлекеттен тапсырыс аудан арқылы бөлінетін, қазір бұл тапсырыс облыстық ішкі саясаттан беріледі. Қаржы бүкіл облыс бойынша бөлінетін болды. Алғашқыда біраз түсінбеушіліктер, қиындықтар болғаны жасырын емес. Бүгінде аудандық газет мемлекеттік тапсырыс арқылы, одан бөлек, ақылы мақалалар мен жарнамалар арқылы және газетке жазылудан түсетін қаржымен өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр. Материалдық техникалық базамыз толық. Шығармашылық адамы болғандықтан, ауданымыздың рухани-мәдени жағын дамытуға барынша үлес қосудамыз. Біздің газет аудан орталығы Қаратау қаласында орналасқан. Қаламыздың өзінен 57 кәсіпорын жазылған. Осы кәсіпорындарға газетті жеткізу жағын өзіміз жүзеге асырамыз. Ал ауылдық жерде тұратын оқырмандарымыз пошта қызметі арқылы жазылады. Жеткізу қызметі қосылатындықтан, қала мен ауылға жазылу бағасы екі бөлек. Ауыл тұрғындарына сәл қымбаттау келеді. Бұл да газетімізге жазылушыларға әсер етеді. Биыл біз қаладағы мектеп, балабақша, кәсіпорындар мен ұйымдарға хат жаздық. Оларға жеткізіп беру жағын да өзіміз қамтамасыз ететін боламыз. Мемлекеттік саясатты ақпараттық сүйемелдеу үшін редакциямен жалпы медиа жоспар жасалынады. Ақпараттық тәртіп бойынша, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы, елдің, облыстың, ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы туралы мақалалар жарияланады.

Перизат Нұрпейісова, «Жаңа өмір. Новая жизнь» қоғамдық саяси газетінің бас редакторы:

Аудан тұрғындарының газетке деген көзқарасы ерекше

«Біздің Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінің тарихы тереңде жатыр. Кезінде Баукеңнің, Шерағаның ізі қалған. Қазіргі журналистикада ойып орын алатын мықты мамандар да біздің газетімізден шықты. Газет бүгінге дейін бірнеше кезеңді басынан өткерді. Қолдан қолға өтті. Ауданды басқарған кейбір атқамінерлер «газеттің оқырмандарға керегі бар ма» дегенді де алға тартты. Қазір басылым толықтай жекенің меншігіне өтті. Тарихы терең басылымның жаңа тынысы ашылғандай болды. Жалпы аудандық басылым сан алуан соқпақты жолдардан өтті. Шыңдалды, небір алынбас асуларды бағындырды. Сыналды, сынады, құлдырап құлауға айналса да, еңсесін қайта тіктеді, жаңарды, жаңғыра түсті. Заманауи талаптарға бейімделіп, нарықтық қатынастарды еңсерді.
Шығармашылық құрамымыз аз болса да, шетінен өз ісін сүйетін мамандар. Қазіргі аудан басшысының да газетке деген көзқарасы жақсы. Біз облыстағы басқа да аудандық газеттермен үнемі байланыстамыз. Бір-бірімізбен ақылдасып, кеңесіп отырамыз. Әрине, бүгінде интернет кеңістігі еркін жаулап, қолында ұялы телефоны бар жандар ұзынды-қысқалы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы біліп алып отырады. Оған өз үнін қосып, әрмен қарай желдей естіріп таратады. Бірақ өзі бір күндік болса да, сөзі мың күндік газет дәуірін ешкім жоққа шығара алмайды. Газеттің әр қарпінде өткен күннің өмірі мен белесі тасқа жазылған таңбадай мәңгілікке қалады. Газеттің бүгінгі ұжымы аға-апаларымыз салған сара жолдан жаңылмай, ұлы үрдістен шығып жүр. Аудандық елді мекен болғандықтан, маман жағы тапшы. Одан бөлек, азғантай айлықпен жүктемесі жоғары жұмыс істегілері келмейді. Дегенмен де мамандығына адал, журналистиканы сүйетін жас мамандарымыз бар. Бірақ өздеріңіз білесіздер, аудандық газеттер жекенің қолына өткеннен кейін, ең алдымен, штатты қысқарту жағы орын алды. Ал аз адаммен сапалы жұмыс істеу қиын. Өз мәселесін шеше алмай жүрген журналистер өзгенің мәселесін қалай шешеді? Осы сынды мәселелердің кезінде болғаны рас. Журналистердің әлеуметтік жағдайын көтеруге арналған БАҚ туралы заң қабылданады деп жатыр. Алдағы уақыттан үмітіміз зор. Аудандық газетте жұмыс істейтін журналистердің орташа айлығы 130-140 мың теңге шамасында. Қазір редакцияда 3-4 журналист бар.
Біздің негізгі мақсатымыз — жергілікті биліктің жұмысын насихаттау. Ауданның тыныс-тіршілігінен құлағдар ету. Ақпараттық саясатты жүргізу. Біздің ауданның тұрғындарының газетке деген көзқарасы ерекше. Үнемі бізбен байланыс ұстайтын тұрақты оқырмандарымыз бар. Саясат өз алдына бір бөлек тақырып, оқырмандарымыздың көңілінен шығатын мақалаларды үнемі беріп отырамыз. Одан бөлек, біз жыл сайын оқырмандарымызға сауалнама жібереміз. Қандай тақырыптың қозғалуын қалайды, қандай жаңа айдарлар жасау керек, осы жағынан олармен тығыз қарым-қатынастамыз. Жұмысқа келген жастарға барынша қолдау көрсетіп, білгенімізді үйретіп жатырмыз. Ауданымызда өзге де ұлттың өкілдері тұратындықтан, мақаланың 10 пайызы орыс тілінде, 90 пайызы қазақ тілінде жарияланады.

Жазып алған Мақпал Ноғайбаева

Бүгін, 14:37
Сагынтай Татибаевич: Государственный язык — духовная опора нации
Бүгін, 14:24
Туркестан: за пять месяцев привлечено 614,2 млрд тенге инвестиций
15 маусым, 15:57
Туркестан: С начала года реализовано 78 бизнес-проектов
15 маусым, 13:59
Стратегическое партнерство Туркестанской области и ведущих китайских компаний выходит на новый уровень
15 маусым, 13:56
Рысдаулет Пайланулы: В Арыси расширяется сфера применения государственного языка
15 маусым, 13:06
Главная цель - повышение качества обучения государственному языку
13 маусым, 12:15
Chevron Direct Investment Fund Қазақстандағы KazBoltService өндірістік зауыты жобасына инвестиция салады
11 маусым, 14:09
Более тысячи крестьянских хозяйств Туркестанской области перешли на водосберегающие технологии
11 маусым, 14:01
В Тюлькубасском районе введут в эксплуатацию четыре новых медицинских пункта