
Қала әкімінің Еңбекші ауданы тұрғындарымен өткен есепті кездесуінде аудан әкімі Д.Есілбек негізгі көрсеткіштерді атап, жоспарлармен таныстырды.
Еңбекші ауданында 27 ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. Оның ішінде 3 өндірістік аймақта (Оңтүстік ИА Ордабасы ИА, Оңтүстік АЭА) 123 жоба іске қосылған. Бұл жылы аймақтарда 713 жұмыс орнымен 12 жоба жүзеге аспақ.
—Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, жаңадан «Жұлдыз» индустриалды аймағы ашылуда. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр,-деді аудан әкімі Д.Есілбек.
Шымкент қаласында ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасы өзінің нәтижелілігн көрсетуде. Еңбекші ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 1,8 есеге артқан.
Бұл жылы тұрғындардың ұсынысымен 79 үй ауласы абаттандырылады. Алғашқы кезеңде 58 үй ауласы, 2-кезеңде 21 үй ауласы жөнделеді.
Жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.
Сонымен қатар, ауданды биыл мобильді интернетпен қамту көрсеткішін 92 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
Өткен жылы интернет сапасы төмен Абдулабад елдімекеніне базалық станция орнатылды. Биыл 10 мыңнан аса тұрғыны бар Елтай мен Тоғыс тұрғын алаптарына базалық станциялар орнатылады.
Оптикалық интернет желімен қамту: қаладан шалғай орналасқан Мирас және Қарабастау елдімекендеріне талшықты оптика желісі жүргізіледі. 2025 жылға дейін қосымша тағы шалғайдағы 8 елдімекенге оптикалық желі тартылады.

Аудандағы 702 көшенің 15-і магистралдық, 596-сы ішкі орамдық көшелер. Оның ішінде 437 көше асфальт, 158-і тас жол, 16-сы топырақ жол. Өткен жылы 57 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Биыл 132 көше жөнделеді.
2025 жылға дейін ұзындығы 200 шақырымды құрайтын 174 көше орташа жөндеуден өтеді. Осы жылы сапалы жолмен қамту көрсеткіші 76 пайызға жетеді.
Тоқтар Жақаш