
Қазақстанда тұрмысы төмен отбасылар үшін азық-түлік қорын құру керек. Сенаторлардың мұндай бастамасына коронавирус дағдарысының салдарынан елдегі өмір сүру деңгейінің төмендегені түрткі болыпты. Өйткені бар жиған-тергенін халық тек тамаққа жұмсап жатыр деп алаңдайды депутаттар. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Ақылбек Күрішбаев, Сенат депутаты:
— Бағаны реттеу жөніндегі мемлекеттік шаралар барлық тұрғынға пайдалы болуы үшін осы қорға сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін ұлғайту қажет деп санаймын. Егер аталған мақсаттарға бюджет қаражатын көбейту мүмкіндігі болмаса, ақшаны бұлай шашпай, тікелей тұрмысы төмен отбасылар санатын қолдауға көшкен дұрыс. Ол үшін халықтың тұрмысы нашар топтарына арнап, әлеуметтік азық-түлік тауарларынан қор қалыптастыру қажет.
Күрішбаевтың сөзінше, азық-түлік бағасын қымбаттатпауға бюджеттен 30 миллиард теңгеге жуық ақша бөлінген. Алайда баяғы жартас сол жартас. Елде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы маусым бойынша ғана емес, жыл сайын өзгеріп отырады. Депутат тұрақтандыру қорларының тиімділігіне де күмән келтірді. Себебі, онда жемқорлық жайлаған. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік осы мәселемен айналысса деген тілегін білдірді. Ал құрылуы мүмкін аз қамтылғандарға арналған азық-түлік қоры бойынша, Күрішбаев отандық тауар өндірушілерге жеңілдетілген несие беру керек дейді. Сенатордың пікірінше, мұндай тәсіл бюджет ақшасын оңды-солды шашпай, бірінші кезекте мұқтаж халықтың белгілі бір топтарын қолдауға мүмкіндік бермек.