jasqazaq.kz

Халқы ардақтаған қаламгер

15 қазан 2021, 18:47

 

Алдағы 5 қараша күні Қазақстан Халық жазушысы, ақын, филология ғылымдарының докторы, әнші, Т.Әбдірахманқызының дүние есігін ашқанына 100 жыл толады. Бұл тұтас бір ғасыр деген сөз. 2003 жылдың қазан айында көлік қағып, дүниеден өткенде 82 жаста еді. Содан бері 18 жыл өтіпті. Арамызда жүрсе, бүгінде 100 жылдық мерейтойын да аталып өтер ме еді?..

Ақын апамыз 82 жасқа келсе де, денсаулығы сыр бермеген, өте ширақ, қаламы қолынан түспей, халқына еңбек жасап, өлеңдері әр түрлі тақырыпты қамтып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы қазақ халқының аяулы қызы еді.

Өкініштісі ауырып өз ажалынан кетпей машинаға қағылып өмірден озғаны. Т.Әбдірахманқызы, тағдырдың ауыр талқысын көп көрген, ерте ата-анадан айырылып жетімдіктің ащы дәмін татса да, мойымай қиындықты өз күшімен жеңіп, жазушы, ақын, ғалым, әншілік дарынды бойына жинап өз еңбегімен абыройға бөленген ерекше тұлға деуге болады.

«Ел үшін еңбек етсең халқың сүймек,

Біз үшін, отқа-суға түсіп жүр – деп,

Ер өлсе де еңбегің ол өлтірмес неше мың жыл өтсе де тарих білмек» – деп, Сұлтанмахмұт ақын жырлағандай артына өшпес із қалдырған қазақтың қайсар қызы Тұрсынхан апай – деп айтуға болады.

Ақынның өлеңдерінің дені халқына, туған жеріне, жастарға арналады.

Мәселен:

Қасиетіңнен айналайын,

Қарабұжыр Қалбаның

Киелі өңір, құтты қоныс

Қайырымы мен Алланың.

Ел басына күн туған бір

Қиын шақта қысымнан

Кім білмейді бұл таулардың,

Елге ризық болғанын, деп жырласа.

«Құлама» — деген өлеңінде, жастарды еңбек етуге, шыдамды болып, қиындықты жеңе білуге шақырады.

Қызым саған айтайын,

Ұлым сен де құлақ сал

Бұл өмірде болмайды

Мәңгі бақи тұрақтар

Берекенің түбі еңбек,

Тауып алу қарманып

Жоғыңды берер түгендеп

Өзгені одан жалған ұқ.

Ақынның қай өлеңін алып қарасаңыз да, философиялық терең мағынаны байқауға болады. Өмірінің қиындығына қарамастан, еңбекпен шыңдалған ақын өмірінен көп ғибрат алуға болады.

Әкенің мейірімінен, ананың аялы алақанынан ерте қалса да, жалғыз ағасы Сапарғали Әбдірахман ұлының арқасында, жетімдікті көп сезінбей, еркін, батыл, өр мінезді болып өсті. Жастық шағы, Ұлы отан соғысымен тұспа-тұс келіп, еңбекке ерте араласуға тура келді. Жастайынан жауапкершілігі мол жұмыстарға араласып, еңбек жолын, Абай ауданынан мұғалімдік қызметпен бастап, Абай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып жалғастырды. Соғыстан кейін, білімін толықтыру мақсатымен, 1954 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің «Журналистика» бөлімінің студенті атанып, 1959 жылы қызыл дипломмен бітіріп, ғылым жолын таңдап, М.Әуезовтың қамқорлығымен ғылымның шыңына жетіп, өмірінің соңына дейін қажымай-талмай, қаламы қолынан түспей еңбек етті. Ақын өзінің шыққан тегін мақтанышпен айтып біздерге үлгі етіп отыратын.

«Менің тегім» — деген өлеңі соған дәлел.

Қажыға менің атам барғаны жоқ,

Сахара асып шөлде талғаны жоқ.

Елінің не өзінің намысынан,

Табылмай арына дақ салғаны жоқ.

Өзгенің еңбегімен бай болмаған

Құлық қып, айла асырып ай болмаған

Саннан да,  санаттан да қалғаны жоқ

Халқының батыр – деуі жәй болмаған.

Міне, осы шумақтан-ақ, ақынның тегін адам болмағанын аңғаруға болады. Өлеңдерімен, тәрбиелі мағыналы сөздері мен артынан ерген ақын-сіңілілеріне де күш беріп, олардың кейбір налыған сәттерінде өлеңімен рухтандырып отырған.

Мәселен: «Әр лебізің аумасын жанған өрттен» — деген өлеңінде

Сенбе әсте, сенбе Фариза қыз,

Ақындардың дегенге бәрі жалғыз

Ел мерейін өсіріп аспандатқан

Үлкен шоғыр қазақтың қызы бармыз.

Сара, Мәриям, Шолпаннан бізге қалды із,

Жалғастырған сол ізді өңшең нармыз.

Ұлы аналар қаны бар бойымызда,

Намысынан туған ел табыламыз – деп көлеңке түскен көңілді бір сергітіп тастайды.

Ақынның бойындағы тағы бір ерекше адами қасиеті, еш уақытта өзім болдым, өзім осы дәрежеге жеттім демейтін, үнемі үлгі ретінде алдыңғы буын ағаларын, М.Әуезов, Е.Ысмайылов, М.Кәкімжанова т.б. ақын-жазушылардың өзіне жасаған көмегін, қамқорлығын айтып, ризашылығын білдіріп отыратын.

Алланың бойына дарытқан тағы бір қасиеті, адамды бірден танушы еді, кім адал, кім пайда үшін жүр, соны ажыратып, бет-жүзіне қарамай тіке айтып тастайтын, сондықтан да болар жанына көп дос жинамай, өзіне адал, адамгершілігі бар адамдармен сыйласып өтті.

Ол кісінің шаңырағында, дастарханынан дәм татқан Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сынды заңғар жазушыларды көруші едік. Кейінірек, 90-2000 жылдары өз жанына жақын ұстап араласқан, сыйласқан жазушылар, Ә.Нұршайықов, Т.Кәкішев, С.Досанов сынды  қабырғалы қаламгерлер еді.

Ақын өмірден өткеннен кейін азаматтық парызын атқарып, С.Досанов, «Сырлы Әлем» — атты естелік кітап шығарды. Ол кітапқа көптеген ақын жазушылардың апай туралы жазған естеліктері енді.

Ә.Нұршайықов өзінің естелігінде: «Тұрсынхан Әбдірахманова қазақ халқының атақты әйелдерінің ғажап қасиеттерін бойына жинаған, әр асылдың қосындысы, алтынның сынығы дейтіндей кісі еді» -деп жүрекжарды лебізін білдірген.

Атақты Сара Тастанбекқызының ақындығы, әйгілі ару Күләш Байсейітованың әншілігі, дана Нәйля Базанованың ғалымдығы дарыған қазақ әйел қауымынан шыққан сирек саңлақтардың бірі болды.

Тұрсынханның бір басынан осы үш асыл әйелдің асқақ тұлғалары қатар танылатын еді. Бізде тек ақын, тек әнші, тек ғалым әйелдер баршылық, көп. Бірақ, осы қасиетті бір өзіне тоғыстырған әйел біреу — ақ. Ол – Тұрсынхан Әбдірахманова еді.

Рахманқұл Бердібаев, өз естелігінде ақынға былай деп, баға берді. «Тұрсынханның «Жаңғыртып жеті жаста жердің үстін, ән қостым дауысына ұшқан құстың» деген өлең жолдары әсірелеу болып сезілмейді. Өзі — әйгілі әнші. Сарыарқаның қайталанбас сұлу сазды әуендерін бабына келтіріп орындайтын Тұрсынханның бұрыңғы ақындар салтымен серпіле, көтеріле сөйлеуі табиғи. Көптен бері ақындықты ғалымдықпен қатар алып келе жатқан Тұрсынханның өлеңдерінде ойшылдық, дүние құбылыстарына баға берушілік, тұжырым айтушылық басым түсіп жүретіні кәміл».

Мәриям Хакімжанова өз естелігінде, Төл әдебиетімізде, осындай іргелі іс тындырған ақын, зерттеуші Тұрсынхан Әбдірахманованың творчествосымен Одақ оқырмандары да кеңінен таныс. Әр жылдары Орталық және Республикалық басылымдардан орыс тілінде оның жеті кітабы жарық көрді. Солардың ішінде «Ақ шуақ», «Нәзіктік», «Дала қызы», «Шапағат» атты жинақтары, «Советский писатель», «Правда», «Художественная литература» баспаларынан көпшілікке жолдама алды. Оның өлеңдері көптеген шет тілдерге – француз, неміс, чех, испан, поляк, араб, корей, қытай, жапон, вьетнам тілдеріне аударылды, — деп Тұрсынхан апай 60-қа толғанда жазған еді.

 

Ал белгілі әдебиетші Тұрсынбек Кәкішұлы «Сан қырлы талант» атты естелігінде «Тұрсынхан Әбдірахманова… Осы есімді радиодан естіп, газет-журнал бетінен көргенде, басқаларды қайдам, өзімнің ойыма ең әуелі әнші Тұрсынхан, сонан кейін ақын, онан ғалым Тұрсынхан оралады және осы Тұрсынхандардың қазақ мәдениетінің айдынынан қалай келгенінің басы-қасында болғандай сезінемін. Бүкіл қазақ жұртының көңілінен әуелі әнші Тұрсынхан, онан кейін атақты ақын Тұрсынхан, жан-жаққа көз салып жүретіндер үшін ғалым Тұрсынхан бейнесі орын алғаннан артық қуаныш болмаса керек» -деп толғайды.

Міне осындай шын көңілден, ақынның еңбегін бағалай білген аға-бауырлары, апа-сіңілілерінің көбі өмірден озып кетті. Бұл кісілердің көзі тірі болғанда бір ғасырлық мерейтойдың қарсаңында баспасөз беттерінен талай мақала, жарық көрген болар еді. Амал не?

Ақынның жасы келіп, жалғыздық мұң торлаған кезде, жанынан табылып 80 жылдық мерейтойын, Астанада өткізіп беруге мұрындық болған, жазушы Сәбит Досанов еді. Осы азаматтың адамгершілігіне тәнті болған ақын, өзінің шексіз ризашылығын білдіріп, ол кісіні «ұлым» деп атауы да таза көңілден шыққан. С.Досанов ақынның 5-томдық шығармалар жинағының 3 томын шығаруға ат салысты, естелік кітабын шығарды. С.Досанов: Жақұт сөзбен өрілген жауҺар жыр –атты естелігінде ақынға былай деп баға берген еді: «Құдай берген құдыретті таланттың толысып, гүлденуі үшін қажетті алғышарттар көп. Соның бірі – талантты адамның жан дүние байлықтарын таза сақтай білуі, биік адамгершілік қасиеттерін кірлетпей таза ұстауы десек, екіншісі – тапжылмай істейтін табанды еңбек. Тұрсынхан Әбдірахманқызы шығармаларының шырайын кіргізіп тұрған да құстың қос қанатындай домбыраның қос ішегіндей осы егіз қасиет».

5-ші қарашада ақынның дүниеге келгеніне де бір ғасыр толады. Артында өзінен ұрпақ қалса, қазір шырылдап жүгірер ме еді кім білсін?! Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас – демекші, 90 жылдығы да атаусыз қалды, енді міне 100 жас. Дегенмен көңілге бір тоқ болатын нәрсе, ақынға берілген тағдырдың сыйы, артында қалған еңбектері, радионың алтын қорында сақталған әндері ақынды ұмыттырмас.

Мәдениет Мәженова,

Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі,

тарих пәнінің ұстазы

Бүгін, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия