
Гүлзат КӨБЕК
Кинотанушы,
Өнертану PhD докторы,
Тұран университетінің профессоры
— Бүгінгі әлемдік кино өнерінің даму үдерісіне қандай баға бересіз?
— Европа киноөндірісінің жетістіктері қуантады. Озық ойлы мемлекеттерге қарап көш түзейміз. Қажеттіліктерді үйренеміз. Салыстыру арқылы даму деңгейіне баға береміз.
Өнердің тілі ортақ. Оның мүмкіндігі де шексіз. Осы қарым-қатынас құралы арқылы киногерлер адамзатқа өзін мазалаған ойларын жеткізіп жатады. Бүгінгі үздік идеялардың ауқымы таңқалдырады. Ғылыми прогресс кинода бар. Адамның қиялының шексіздігін киногерлердің жер шарының келешегі туралы болжамдар жасаған фильмдерінен көруге болады.
Жүректің құпиясы ашылған. Мидың мүмкіндігі көрсетілген. Жанның жаратылысы зерттелген. Ғаламшар мен ғарыштың тылсым құпиялары ашылған. Бүгінгі кино үдерісіндегі көптеген туындылар терең философиялық мәнге ие. Бұл шығармашылық тұлғалардың ізденісінің жетістігі. Ғылым мен өнерге қосқан үлесі. Адамзатқа ұсынған игі өнімі.
Бүгінгі заманда бәсекеге қабілетті мамандардың бақ сынауға толық мүмкіндігі бар. Әлемнің кез келген нүктесіне барлық есік әлеуметтік желі мен қалта телефон арқылы қолжетімді. Бұл идеяңды жүзеге асыру билігі өз қолыңда тұрғандығының айқын дәлелі.
Біз, кинотанушылар қашан да отандық режиссерлардың үлкен жетістіктерінің куәгері болғымыз келеді. Режиссерларымыз масштабты идеяларымен таңқалдырып, олардың халықаралық беделінің үстем болғаны маңызды. Жеке киностудиялардың қарқынды дамып, фильмдерімен әлемдік прокатта батыл қадамдар жасағанын қалаймыз. Киногерлеріміздің отансүйгіштігі мен ұлттық құндылықтар алдындағы жауапкершілігі артып, белсенді болуын тілейміз.
— Отандық режиссерлар кино нарығына қалай бейімделуде?
— Нарық — еркіндік. Нарық — мүмкіндік. Нарық – бәсеке. Нарық – әділдік. Нарық – ашық алаң. Нарық — есеп. Нарық — әр адамның өзіне жеке өмірінің жауапкершілігін көтеруді үйретеді. Адамзаттың қай заманда да бар қалауы еркіндік болған. Дәл қазіргі нарық дәуірі әр адамға жеке тұлға ретінде өз өмірін өзі басқарудың кілтін беріп отыр.
Меніңше, дәл бүгінгі нарық заманында еркін ойлайтын, бәсекеге қабілетті, нағыз кәсіби мамандардың белсенділік танытуының мүмкіндігі көп деп есептеймін. Себебі, дәл осы уақытта іскерлікті көрсетудің тетігі көп. Қабілетіңнің қарымын әділ екшелейсің. Идеяларыңды еркін жүзеге асыра аласың. Тәуелсізсің.
Қазіргі уақытта кез келген режиссердің жеке киностудия ашып, қалаған жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндігі бар. Мемлекет барлығын маған жасап беруге міндетті деген ойдан арылып, мен елімнің дамуына өз мамандығыммен қандай үлесімді қоса аламын деген жауапкершілікті көтеретін сәт. Сын сағаты деп айтар едім. Сапаның деңгейі өзгеруі керек. Сұрыптау да әділ жүреді. Қазір көрерменнің де талғамы мен талабы өзгерген. Нашар фильміңді қанша тықпаласаң да көрмейді.
Коммерциялық кино бағытында жасалып жатқан қадамдар бар. Санаулы болса да белсенді авторлардың шығармашылық жолын бақылап, іштей қабілет-қарымын бағамдап отырамыз. Ғажайып туынды жасамаса да кино арқылы қаржы тауып отыр. Аудиторияға өнім ұсынуда. Қашанға дейін прокатта тек шетелдің өнімдерімен қоректенеміз?! Ұлттық рухыңды жігерлендіретін дәрумендер алу үшін соған сай өнім тұтынуың керек.
Сұранысқа сай жұмыс істеу сол саланың мамандарының міндеті деп есептеймін. Егер кино саласының өз кәсіби мамандары белсенділік танытпаса, нарыққа бейімделуге құлықсыз болса, әрине шоу-бизнес өкілдеріне енді кино түсіргеннен басқа не қалады?! Іскерлер қашан да игерілмеген бос кеңістіктен қаржы табуды қалайды. Аудитория бар да, сапалы өнім жоқ. Әрекет жоқ жерде, нәтиже жоқ. Нарықтың талабында ешбір бәсекелеске ренжу жоқ.
Кәсіби киногерлер бір маңызды фактіні ескеруі керек. Бүгінгі техникалық прогресс дәуірінде киноөндірісінің атқаратын рөлі ерекше. Келешектің барлығы экран өнерімен байланысты. Қазір кітап та, қажетті ақпараттар да тек электрондық нұсқада көбірек оқылады. Демек, режиссерлар мен операторлық мамандыққа деген сұраныс жоғары болады. Әсіресе, операторлық өнердің алтын дәуірі туды деп айтуға болады.
Кез келген адам қазір өз-өзіне оператор. Қалта телефон арқылы кино да түсіруге болады. Яғни, әуесқой бәсекелестер өте көп болады. Қажеттіліктен кәсіби шеберлігін ерікті түрде шыңдайтындар да көбейеді. Ақылы курстар да көп. Демек, өз іскерлігіңді белсенді түрде көрсете алмасаң, кәсіби маман ретінде арнайы жоғары оқу орнынан дипломы болмаса да әділ бәсекелес болатын әріптестер табылады.
— Ұстазсыз. Білім жүйесінде қандай өзгерісті қалайсыз?
— Бүгінгі балалар еркіндікті жақсы көреді. Шәкірттерімнің ішкі әлемінің күйі мен үшін маңызды. Етене тану мақсатында олардың сұранысы мен қалауын зерттеймін. Тілін түсінуге тырысамын. Оларға еркін кестемен жұмыс жасаған ұнайды. Қатып қалған қағидалар, бос мораль оқудың тәсілдері ұнамайды. Олар ақылды. Еркін. Батыл. Үнемі ісіңді, сөзіңнің салмағын бақылайды. Білімнің өзі табиғи үдеріс. Оған зорлық жүрмейді. Қысыммен берілген білім қабылданбайды. Ерікті түрдегі қалау көп нәрсе шешеді.
Біз өмірге келгеннен бастап үйренуге деген табиғи талпынысымызды бастаймыз. Білім құштарлықтың арқасында қабылданады. Ұстаздар шәкірттерді қысыммен емес, шабыттандыру арқылы жігерлендіру техникасын көбірек қолданса ұтады. Уақыт меніңше, келешекте білім жүйесіне үлкен өзгерістерді енгізеді. Талап өзгереді. Шығармашылық мүмкіндікке көп мән беріледі. Қажетсіз мамандықтардың саны да көбейеді. Сұрыптау қатаң жүреді. Өйткені, жаһандану заманының сұранысы мүлдем бөлек. Онда үнемі өз-өзіңді шыңдап, жан-жақты болмасаң, қарқынды бәсекелестік мүмкіндігіңді шектейді.
Бүгінде бір адам ауқымды компанияның басқару жүйесі мен жұмысын жалғыз жүргізуге қабілетті. Оған техникалық мүмкіндіктер ықпал етеді. Көп қызметкерлер кейде энергиясын сапасыз және өнімсіз бағытта бос жұмсайды. Еш нәтиже бермейді. Көбісі, тек жалақы күтеді. Бір мекемеде 100 қызметкер болса, көп жағдайда соның 5 пайызы ғана белсенді. Өзі қызмет жасайтын саланы үлкен жетістікке жетелейтін де, жауапкершілігін көтеретін де солар.
Біз көп жағдайда әділеттілік қалаймыз ғой. Меніңше, қабілет-қарым мен білімнің әділетті үстемдік құратын заманының ауылы алыс емес. Сол себепті, әр адамның келешегінің қандай болатынын өзінің білім деңгейі екшелейтін болады. Білім – күш. Біліміңнің күші жетсе, мүмкін емес қамалды аласың, білімсіз болсаң, жәй ғана жарамсыз болып қаласың.
— Шәкірттеріңізді бақылайсыз. Бүгінгі жастар қандай?
— Ақымақ емес. Жеке мүддесін көпшілігі жақсы біледі. Кез келген тоқырау үдерісі бізді жаңаша деңгейге көтеру алдындағы дайындық сатысы. Сол үшін бүгінгі жастар жаман деген пікірмен келіспеймін. Ол түбегейлі зерттелмеген жаңсақ ой. Үлкендер осындай көзқараста болса, онда олар өздерінің кейінгі буынға үлгі болу ұстанымдарын қайта қарастырып көруі керек деп есептеймін.
Жалқау деген көзқараспен мүлдем келіспеймін. Оларға бар болғаны ескірген жүйе жарамсыз. Біз бір нәрсені мойындауымыз керек, адамзат үнемі жаңаша деңгейде жаңғырып отырады. Санада, жалпы ойлау жүйесінде өзгерістер болуы заңды.
Жастар жеке ресурстарын мүмкіндігінше игеруге келгенде пысық. Өздігінен іздене біледі. Үнемі мүмкіндік іздеп жүреді. Шәкірттерім өз уақыттарын тиімді игереді. Сапалы білім талап етеді. Ақылы оқу орнында оқыған соң, ата-анасының төлеп отырған қаржысының құнын біледі.
«Тұран» университетіндегі тәжірибемнен жастардың толқынынан байқайтын бір мінездемені жақсы білемін. Істеріне тиянақты. Шәкірт болса да іскер. Жауапкершілік көтереді. Жаңашылдыққа талпынады. Шетелдік кәсіби шеберлердің тәжірибесін игеру мақсатында әртүрлі мәдени шараларды өз қалауларымен белсенді түрде талап етеді. Оқу орнының ұстаздары да шәкірттерге барлық мүмкіндікті жасау жолында тыным таппайды. Еңбекқор ұжымның іскерлігіне қарап, «Тұран» университетінен келешегінен Қазақстанның Гарвардын көремін.
— Мемлекеттің дамуы әр саланың сауатты да кәсіби мамандарына байланысты. Мамандық таңдауда неге мән берген дұрыс?
— Мамандықта адасып жүретіндерге жаным ашиды. Өмірде жолым болмайды деп өз жанын өзі күйзеліске душар ететіндер бар. Әркім өз қайғысының құрбаны. Қалауыңа көп мән беруді балаға меніңше балабақшадан үйретуді білім жүйесінде сауатты жолға қою маңызды. Мектеп табалдырығында баланың сол қалауына ерекше мән беріп, сол салаға бағыттауды жолға қойып беруге ата-ана мен ұстаздар бірлесіп жұмыс жасаса нәтижелі болады. Жоғары оқу орнына талапкер тек өмірдегі нақты мақсаты бойынша шеберлігін шыңдауға толық дайын болып келсе, сауатты маманның сол саладағы негізі дұрыс қаланады.
Әр адамның болмысын зерттесеңіз, оның бойына міндетті түрде бір қабілеттің дәні салынғанына көзіңіз жетеді. Кез келген адам өз өмірінде бір жауапты миссияның иесі. Адамның қалауы көп түйінді шешеді. Осы бағытта шеберлікті шыңдау маңызды. Егер осы жолда өзіңізді толық танып, шеберлігіңізді шыңдап шықсаңыз, теңдессіз маманға айналасыз. Үлкен жетістікке жеткен шеберлерді сол саланың Құдайына теңеп жатуы да бекер емес. Себебі, оның шеберлігіне теңдесер ешкім жоқтығының дәлелі. Демек, ол адам өзінің өмірлік жолы мен миссиясын дұрыс жолға қоя білді деген сөз.
Белгілі бір сала тоқырап жатса, басты себепті оның мамандарынан іздеген жөн. Демек, ол салада мамандықта адасып жүргендердің саны көп. Ең әуелі, олар өзін алдап жүргенін түсінуі керек. Екіншіден, әр саланы мемлекеттің дамуының маңызды бір бөлігі деп қарастырсақ, онда оларға қоғамда өздерінің «тежеуіш» қызметін атқарып жүргенін ашық түрде түсінікті тілмен түсіндіру керек. Дамыған мемлекеттердің жетістігінің артында әр саланың өз мамандарының лайықты деңгейде көтеріп отырған жауапкершілігін көруге болады.
Ата-аналардың өзі кейде мамандық таңдауда балаларының тағдырына ықпал жасап, өздері шешіп жатады. Баласының жеке қалауымен есептеспей, оның қабілет-қарымы тартпайтын жаққа бағыттаудың рухани қиянат пен қылмыс екенін олар да түсінуі керек. Ең бірінші зардапты әлбетте өз баласы тартады. Мамандық алу — бұл жауапкершілік. Бұл – сенімділік. Бұл – келешегіңе кепілдік.
— Өнер саласының өкілі, мемлекетіміздің азаматшасы ретінде халықтың ішкі күйі, қалауы туралы қандай ойлар мазалайды?
— Бейбітшіліктің өзі көп нәрсе. Оның құнын білемін. Осы бейбіт өмірге мен де қоғамның бір мүшесі ретінде тәубе етемін. Таңертеңгі ұйқыңнан алаңсыз күйде тұру да -үлкен бақыт. Осындай бейбіт заманда көп түйткілді шеше алмай отырсақ, онда оған өзіміз ғана кінәліміз. Еркіндік бар. Игерем деген ниет болса, нарықта бос кеңістік жетеді. Көзін тапта, іскерлік қабілетің жетсе, қалаған жобаңды жүзеге асыруға мүмкіндік те көп.
Территория бар. Тәуелсіздік бар. Тіл бар. Ұлт бар. Ресми және заңды. Мемлекетті өзіміз қалағандай деңгейге көтеру тек өзімізге байланысты. Мүмкін билік пен халық арасындағы мәмілеге келу шеберлігін әлі де меңгеруіміз керек шығар. Бірлік — көп нүктенің орнына бір нүктені қоятынын үйренсек деймін.
Біздің ойлау деңгейімізге, іскерлік шеберлігімізге бір-ақ көрсеткіш әділ баға береді. Дәлелдер – бұл біздің шамамызды екшелейді. Елдігіміздің артында қашан да ер-азаматтарымыздың бет-бейнесі тұрады.
Мен қазақтың жігіттерінің ой еркіндігін – рухының бірлігінен көргім келеді. Олардың жүрегінің кеңдігін – жетім, тастандылардың жоқтығынан білгім келеді. Жігіттердің жауапкершілігін – отбасындағы ажырасу көрсеткішінің аздығынан сезінгім келеді. Олардың ер-азамат ретіндегі ерлігін – ел үшін жасаған нақты іскерлік қадамдарынан көргім келеді. Намысының еңсесі – Қазақстанның байтақ территориясындағы көптеген азып-тозған ауылдардың орны алып шаҺарларға айналған сәулет өнерінің биігінен көрінсе деймін.
— Адами құндылықтар алдыңғы қатарға шыққан зайырлы қоғамға айналу үшін неге баса назар аудару қажет деп ойлайсыз?
— Материалдық пен рухани құндылықтарды тепе-теңдік заңдылығының шеңберінде үйлестіру маңызды. Жан мен тәннің қажеттілігін бір-бірінен ажыратып қарау дұрыс емес. Біз екеуіне де мұқтажбыз. Екеуі де біздің жер бетіндегі тіршілігіміз үшін маңызды. Нарық заңдылықтарымен келісім мен үйлесімге келуді үйренуден басқа бүгінгі таңда біздің алдымызда таңдау тұрған жоқ. Әлеуметтік санадағы теңдікті орнатудың бір-ақ жолы бар. Ол – идеология.
Өремізде ертелі-кеш өзгерістер болатыны анық. Адамның табиғаты рухани дертке ұзақ төзе алмайды. Адам болмысынан ақыл-парасаттың иесі. Оның программасының негізі өте мықты қаланған. Кім соны қандай деңгейде шыңдайды. Мәселе сонда. Ақылды адамның кез келген уақытта ақымақ қадамға баруы да ғажап емес. Бірақ, ақырында айналып келіп түбінде бізді арымыз мазалайды. Бұл мазасыздық күйі – біздің табиғатымызға қарсы шығудың, азғындаудың тиімді емес екендігінің көрсеткіші. Өзімізді тәрбиелеу — шеберлік сонда. Жаратылыстың заңдылығын бұзатын та өзіміз.
Мен үшін адам құқы сақталған қоғам ғана зайырлы. Санада үлкен серпіліс болуы керек. Рухани тазару. Кемелдену. Болмысыңды тану. Жаңа сапаға өту. Өз арыңа есеп беру. Жаңаша ойлау. Жауапкершілік көтеру. Адами қарым-қатынастың орны бөлек. Бізге дәл қазіргі уақытта осы айығу үдерісімен мақсатты түрде жұмыс жасайтын идеология керек. Рухани мешелдікті біздің табиғатымыз ұзақ көтермейді. Ғажайып өмірді де бізге сырттан біреу келіп жасап бермейді. Бар тылсым – идеяда. Оның күшін сауатты игере білсек, алтын дәуір жасау да адамдардың өз қолында.
Сұхбаттасқан:
Анель АСҚАРҚЫЗЫ