
Биыл Қаныш Сәтбаевтың туылғанына 120 жыл толады. Осы орайда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде академик, көрнекті ғалым Қ. Сәтбаевқа арналған «Қазақ ғылымының жұлдызды тұлғасы» тақырыбында тарихи-танымдық дәріс өтті.
Дәрісті университет жанындағы «Ұлы дала тұлғалары» орталығы ұйымдастырды. Жиында сөз алған университет ректоры, профессор Тахир Балықбаев: «Қазақтың ұлы перзенті Қ.Сәтбаевтың есімі мен ісі елімізбен бірге жасап келеді. Жыл сайын 12 сәуірді «Ғылыми қызметкерлер күні» деп атап өткенімізбен, оған себепкері – Қаныш Сәтбаев. Еңбек жолын ұстаз болудан бастаған Қаныш атамыз Алаш ардақтыларының тапсырмасымен 1924 жылы Омскіде студент болып жүрген кезде «Алгебра» оқулығын жазған. Қазір қарасаңыздар, кәдімгідей 300 беттік, әлі күнге дейін оқуға тұрарлық, үлкен кәсіби еңбек. Жиырмаға толар-толмастан Алаш қозғалысына тартылған қазақтан шыққан тұңғыш академик, ғалым Қаныш Сәтбаевтың студент кезінде-ақ құнды кітаптар жазуы бүгінгі жастарға кәдімгідей үлгі-өнеге», – деді университет ректоры.
Ал Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, Қаныш Сәтбаевтың өмір жолына тоқтала келе, «Қазақстан ғылымы Ресейден кейінгі үшінші орында тұр. Бұл біз үшін үлкен баға. Егер Қаныш Сәтбаев Ресейде туылса, онда міндетті түрде Социалисттік Еңбек ері болар еді. Егер Қаныш Сәтбаев Батыс Еуропада туылса, онда Нобель сыйлығының иегері атанар еді. Оның Қазақ елі үшін істеген басқа да сан-салалы қызметтері біз үшін баға жетпес байлық. Ұлы ғалым болған соң артынан қызғаныш та қатар жүретіні белгілі. 1952 жылы оны орнынан алған кезде академиядан шығару үшін үш түрлі айып тағылып, Академияның президенті қызметінен босатты, қудалады», – деді.
Кештің қадірлі қонақтары Қаныш Сәтбаевтың ұрпақтары, атап айтсақ, немересі, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА құрметті академигі Әлима Жармағамбетова, немересі, филология ғылымдарының кандидаты, Қ.Сәтбаев музейі директорының орынбасары Нұрлан Жармағамбетов, немересі, геология ғылымдарының докторы, профессор Александр Третьяков, немересі, химия ғылымдарының докторы, профессор Еркеш Батырбеков, шөбересі Ернар Жармағамбетов, шөбересі Ғабдулғани Сәтбаев кешті ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Қ.Сәтбаевтың өзі тұтынған заттарынан құралған шағын көрме ұйымдастырылды.
Ә. Назаралы,
«Ұлы даланың тұлғалары» орталығының қызметкері