jasqazaq.kz

Газ саласы – өсім драйвері

12 қыркүйек 2018, 12:01

Соңғы бірнеше жылда қаржы тұрғысынан алғанда да, өндірістік көрсетікіштеріне қарағанда да, қарқынды дамып келе жатқан бірден-бір сала – бұл газ тасымалдау саласы. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 13,7 млрд текше метр газ өткізілді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл 4 млрд текше метрге немесе 41% көп. Оған қоса Қытай Халық Республикасына экспортталған көгілдір отынды қоса есептегенде, сыртқа шығарылған газ көлемі 2,9 млрд текше метрге артты.

Бүгінде еліміз Орталық Азиядағы газ тасымалдау жолдарының ең маңызды әрі технологиялық тұрғыдан ең қуатты операторы атанды.

Сарапшылардың пікірінше, бұл бірнеше маңызды іс-шараларды біріктірген нақты стратегияның арқасында мүмкін болды. Нақтылап айтар болсақ, біріншіден, бірыңғай газ тасымалдау жүйесінің құрылуы және бір-бірімен жалғанбаған, елдің әр өңірінде салынған газ құбырларының біріктірілуі; екіншіден, жаңа газ құбырларының құрылысы және ескі газ құбырларының жаңғыртылуы; үшіншіден, Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінің мүмкіндіктерін арттырған қуатты, жоғары технологиялық жабдықтар, атап айтқанда компрессорлық және сығымдау станциялардың іске қосылуы.

Заманауи газ тасымалдау жүйесінің құрамдас бөліктерін өзара байланыстырған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры болды. Осы магистральдық құбыр арқылы батыс өңірлерде өндірілген отандық өнім еліміздің оңтүстік аймақтарын үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Осының барлығы ішкі нарыққа да, экспортқа шығару үшін де тасымалдау бағыттарын диверсификациялауға жағдай жасады.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, «ҚазТрансГаз» АҚ шоғырландырылған таза пайдасы өткен жылғы осы уақыттағы көрсеткіштен 88% жоғары. Егер экономикалық өсімді қаржылай табыстармен емес, пайыздық көрсеткіштер бойынша салыстырар болсақ, онда газ саласы тіпті ІТ-саладан да ілгері кетті. Ал бар болғаны 5-6 жыл бұрын газ тасымалдау саласы осындай рейтингтердің тіпті үздік ондығына да кірмейтін.

«ҚазТрансГаз» АҚ 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы пайдасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 88 пайызға өсті.

Өз қызметінің қорытындысын шығарған Ұлттық оператор осындай мәліметтерді жария етті. Мәліметтерге қарағанда, «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының өткен 7 айдағы шоғырландырылған таза пайдасы 83,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылғы осы уақыттағы көрсеткіштен 39 млрд теңгеге немесе 88% жоғары. Бұған қоса еліміздегі ең ірі салық төлеушілердің бірі мемлекеттік бюджетке 38 млрд. теңге көлемінде салық төлемдері мен өзге аударымдар жасады.

Газды өткізу көлемі де айтарлықтай өсті. Есептік кезеңдегі сатылған газ көлемі 13.7 млрд. текше метрді құрады. Бұл өткен жылғы осы кезеңмен

салыстырғанда 4 млрд. текше метрге немесе 41% көп. Экспортқа шығарылған газ көлемі 2,9 млрд текше метрге артқан. Оның ішіне Қытайға экспортталған 3,1 млрд текше метр газ да кіреді.

Ұлттық оператор хабарлағандай, шоғырландырылған таза пайда құрамындағы магистральдық тасымалдау үлесі 40%, экспорттық операциялар 46%, өзге қызмет түрлерінен түскен табыс 14% құрады.

Айта кету керек, соңғы бірнеше жылда Қазақстанның газ тасымалдау жүйесі айтарлықтай жаңартылып, нәтижесінде саланың тиімділігі мен табысы әлдеқайда артты.

Айта кетерлігі, ҚазТрансГаз ішкі нарыққа жеткізілетін газ бағасын дотациялау арқылы қолжетімді деңгейде ұстап отыр. Осының арқасында тұтынушылар газды өзіндік құнынан төмен бағаға сатып алады. Бұл өз кезегінде көгілдір отынды ішкі нарықта сатуда үлкен шығын әкеліп отыр дейді компания өкілдері. Ұлттық оператор бағадағы осы айырмашылықты өзінің табысынан жауып, тек бірінші жартыжылдықта ғана 27 млрд. теңгені дотацияға бағыттапты.

БИЗНЕСТІҢ ГЕОСТРАТЕГИЯСЫ – ТАБЫСҚА ЖЕТУДІҢ БІРДЕН-БІР ЖОЛЫ

Кез-келген қарқынды дамып келе жатқан іске белгілі бір аймаққа сыймай кететін сәт туады. Ресурстар мен технологиялар жеткілікті, алайда бұған дейін еңбек еткен аймақта дамуға еш мүмкіндік жоқ. Мұндай кезде озық ойлы ұжымдар жаңа игерілмеген кеңістіктер, өнімін өткізетін тың аймақтар іздей бастайды. Яғни өзіндік геостратегия қалыптастырады.

Бастапқыда «геостратегия» термині саяси ғылымда қолданылды. Бұл мемлекеттің геосаяси мақсатына жету үшін қолданатын құралдары мен әдіс-амалдары. Бүгінгі таңда көптеген ірі корпорациялар өздерінің геостратегиясын қалыптастырады, бірақ ол таза экономикалық мақсаттарды көздейді, өзінің жоспарларын жаңа жағрапиялық кеңістікте жүзеге асырады.

Қазіргі Ресейдің ірі бизнес өкілдерінің басым бөлігі Шығысқа көз тігіп отыр, дәлірек айтсақ Орталық Азия мен Қытайға. Бұл көп жағдайда Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен Өзбекстанның жаңа саясатына байланысты. Аймақтағы арзан жұмыс күші, оған қосылған Қытайдың айтарлықтай шексіз мүмкіндіктері көптеген трансұлттық компаниялардың қай бағытқа бет бұрса пайда түсетінін анық көрсетті.

Дұрыс құрылған геостратегияның нәтижесінде көгілдір отын қоры шектеулі бола тұра, өз өңіріндегі газ тасымалдау саласының көшбасшысына айналған кішігірім компанияның тәжірибесі көптеген басшылар үшін пайдалы болары сөзсіз.

Кеңестер Одағы құрамында табиғи газ қоры Ресей Федерациясынан кейін Орталық Азия мемлекеттері – Түркменстан мен Өзбекстанда көп болғаны көпшілікке белгілі. Бұл қатарға Қазақстанды да қосуға болады, алайда біздің көгілдір отын қорымыз бұл елдерге қарағанда әлдеқайда аз екені анық. Сондықтан да газ өндірумен қатар қуатты тасымалдау жүйесі де жұмыс істеді. КСРО ыдырағаннан кейін осы алпауыт инфрақұрылым тәуелсіз мемлекеттердің меншігіне өтті. Қолына тиген осы жүйені әркім өз шама-шарқынша пайдаға асырып, қажетіне жарата бастады. Бірі еш өзгеріс енгізбей, тек құбыр арқылы газ тасымалдап, пайда табуға тырысса, енді бірі мүмкіндіктерін пайдаланып қана қоймай, оны қалай дамытуға болады, мүмкіндіктерін қалайша кеңейтеміз деген сауалдарға жауап іздеп, белсенді түрде жаңа технологияларды енгізді.

Газ тасымалдау жүйесіндегі «белсенділік», бірінші кезекте, мемлекет басшыларына, екіншіден, осы ұлттық газ компанияларының менеджментіне тікелей байланысты болды. Қазақстан газ саласын дамыту бағытында атқарған қыруар еңбегін мақтан тұта алады. Өзге елдерге өз жерін тек газ транзиті үшін пайдалануға рұқсат етіп келген жақын көршіміз соңғы бірнеше жылда өңірдегі газ нарығының маңызды тетігіне айналды, былтыр өз газын Қытайға тасымалдай бастады.

Қазақстандағы газ саласының көршілеріне қарағанда қарқынды дамып келе жатқанын ресейлік мамандар да, шетелдік сарапшылар да мойындап отыр. Мысалы, ресейлік «Neftegaz.ru» порталының пікірінше, Қазақстан бүкіл Орталық Азия өңіріндегі газ саласының көшбасшысына айналды.

Бүгінгі күнге жету үшін газ саласы талай аумалы-төкпелі заманды бастан кешірді. Тіпті экономиканың бір саласы ретінде жоғалып кету алдында тұрды деуге болады. Бүгінде алпауыт ұжымға айналған ұлттық оператордың негізінде «ҚАЗАҚГАЗ» деген шағын ғана компания болды. 1997 жылы оны газ құбырларымен бірге шетелдік инвестор – Бельгияның «Трактебель С.А.» компаниясы өз бақылауына алды да, бірнеше жылдан кейін кері қайтарды. Бірақ газ құбырларының жағдайы мүшкіл еді.

20 ғасырдың 90-жылдарында бауырлас республикалар ұжымдық шаруашылықтан нарықтық экономикаға көше бастаған шақта ешкімге оңай болған жоқ. Экономиканың барлық тармақтары, оның ішінде газ саласы да қиын кезеңнен өтті. 2000-шы жылдарға дейін газ құбырлары тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетті, бір-бірімен ешқандай байланыс болмады.

Құбырдың бір бөлігі коммуналдық меншікте болса, басқа бір бөлшегіне жекеменшік компания иелік етті. Міне осы кезеңде бүкіл газ саласын жүйелендіріп, ортақ газ секторын құру міндеті туындады.

Осы міндетті жүзеге асыру нәтижесінде, газ саласын жаңғырту арқылы, өзінің бірегей геостратегиясының арқасында «ҚазТрансГаз» АҚ кішігірім газ компаниясынан Ұлттық операторға айналып қана қоймай, Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы деген атаққа қол жеткізді. Бұл жоспар қалай іске асты? Осы бағытта жасалған негізгі 7 қадамды талқылап көрейік.

Бірінші кезекте қазақстандық газ мамандары ескірген магистралдық газ құбырларын күрделі жөндеуден өткізіп, ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Кезінде жекенің қолына өтіп кеткен газ құбырлары ортақ газ тасымалдау жүйесіне біріктірілді. Осы қыруар жұмыстан кейін ҚазТрансГаз жаңа жобаларды жүзеге асыра бастады.

Екінші кезекте геостратегияға сай ауқымды жобалар жүзеге асырыла бастады. Қытайлық CNPC Мұнайгаз корпорациясымен бірлесіп, қысқа мерзім ішінде «Орталық Азия — Қытай» трансұлттық газ құбырының екі ел арасындағы бөлігі салынып бітті. Бүгінде осы құбыр арқылы Түркменстан, Өзбекстан және Қазақстаннан Қытайға 55 млрд текше метр газ тасымалдауға мүмкіндік бар. Жоба жүзеге асырыла бастаған 2009 жылдан бері осы бағыт бойынша 250 млрд текше метр газ тасымалданды. Болашақта «Орталық Азия

— Қытай» магистралдық құбыры әлемдік көгілдір отын транзитінің ең ауқымды газ тасымалдау жүйесіне айналады.

Үшіншіден, ҚазТрансГаз ұзындығы бір жарым мың шақырым болатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбырының құрылысын аяқтады. Бұл еліміздің батысы мен оңтүстіктігін өзара жалғап, газ тасымалдау жүйесін біріктірді. Осының нәтижесінде енді көгілдір отынды кез-келген бағытқа жеткізуге мүмкіндік бар. Аталған нысан тәуелсіз Қазақстан тарихындағы энергетика саласындағы ең ірі индустриалдық жоба. Ол еліміздің оңтүстік өңірін газбен үздіксіз қамтамасыз етуге жағдай жасады.

Төртіншіден, ҚазТрансГаз бұған дейін ешбір жерде болып көрмеген оңтайландыру шараларын жүзеге асырды. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» құбырын салу кезінде мемлекет бюджетінің жарты миллиард доллары үнемделді. Жұмыссыз тұрған компрессорлық станцияға «қан жүгіртіп», бір өңірден екіншісіне апарып орнатты.

Бесіншіден, газ тасымалдау жүйесінің тар бөліктерінде қосымша сығымдайтын компрессорлық станциялар орнатылды. Бұл өз кезегінде тасымалдау мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік берді. Осылайша «Бұхара газ өндіру ауданы – Ташкент-Бішкек-Алматы» және «Қазақстан-Қытай» магистралдық газ құбырлары арқылы экспорттық бағыттарға тікелей шығуға жағдай туғызған компрессорлық станциялар пайда болды.

«Бозой» жерасты газ сақтау қоймасында «Газды құрғату қондырғысы» орнатылды. Бұл қондырғы оңтүстік өңірлерді газбен үздіксіз қамтамасыз етіп, шығысқа экспортталатын көгілдір отын көлемін арттыруға мүмкіндік берді.

Алтыншы қадам бойынша газ құбырларын басқару, қажет болған жағдайда жедел іс-шаралар қолдану мақсатында Астанада ортақ диспетчерлік пункт құрылды. Мұнда Қазақстанның бүкіл газ тасымалдау жүйесі бақыланады. Газ инфрақұрылымының барлық нысандары он-лайн режимде диспетчерлердің көз алдында. Мамандар көгілдір отынның қысымының көтерілгенін немесе төмендегенін, басқа да өзгерістерді қалт жібермей, бақылап отырады. Өзгерістерге сай жедел түрде әрекет жасайды.

Жетіншіден, мұны ұлттық оператор жасаған ең басты қадам деп те атауға болатын шығар, компанияны басқару барынша тиімді болу үшін басқару жүйесінде де өзгерістер жасалды. Ол трансформация бағдарламасына енгізілді. Бұл тиімділікті айтарлықтай арттырып, компания активтерінің қымбаттауына себеп болды. Бірін-бірі қайталап келген бизнес-процестер толығымен жойылды, өндірістік қызмет жетілдірілді, компанияның басқару құрылымы өзгеріске ұшырады. Әкімшілік-басқару персоналы қысқарды, менеджмент жақсарды.

Осылайша, газ компаниясы көгілдір отын транзиті мен экспортқа негізделіп жасалған геостратегияның арқасында эволюциялық даму жолынан өтті. Бүгінде ҚазТрансГаздың таза пайдасының 80% газ тасымалдау мен транзиттен түседі. Ал осы жүйе толықтай Астанадағы заманауи диспетчерлік пункттен басқарылады.

Руслан Достаев

Бүгін, 15:48
Үнді дипломаты: Қазақстанның сыртқы саясаты сындарлы әрі теңгерімді ұстаныммен ерекшеленеді
Бүгін, 15:30
Серікбай Жәңгірбаев: Су ресурстарын ұтымды пайдалану – экологиялық қауіпсіздік негізі
Бүгін, 14:22
Есірткіге қарсы ымырасыз күрес тоқтамайды
20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді