
Шикізатты өзімізде терең өңдеп, дайын өнімді өзімізде пайдаланып, артығын экспортқа жөнелтуге басымдық берілуі тиіс. Жолдауда жүктелген осы міндет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыруға бағытталған тапсырмасымен үндеседі.
Осы аптада Мемлекет басшысы «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауовты қабылдап, еліміздегі газ өңдеу саласының жай-күйімен танысты. «QazaqGaz» басшысы Қашаған мен Қарашығанақ кеніштерінде газ өңдеу зауытын салуды көздейтін жобалар жайында баяндады.
Ал күні кеше отандық газды ел игілігіне жаратуда тағы бір нақты қадам жасалды. Әлібек Жамауовтың Қытай сапары барысында жергілікті серіктестерімен Қашаған газ өңдеу зауытын салу бойынша келіссөз жүргізді. Айта кеткен жөн, болашақ кәсіпорын аталған кеніште өндірілетін шикізатты пайдалануы тиіс. Мұның логистика және тасымал тұрғысынан да тиімді екені анық. Келіссөз нәтижесінде жобалау, жабдықтарды жеткізу, құрылыс және зауытты іске қосуды қамтитын ЕРСС – келісімшартына қол қойылды.
«Көгілдір отын» өндірісі саласындағы аса маңызды мәміле «QazaqGaz-дың» еншілес компаниясы «QazaqGaz Processing» ЖШС мен мердігерлер консорциумы арасында жасалды. Консорциумға келсек, оның құрамында «China National Chemical Engineering Sixth Construction Company — Kazakhstan Branch», «China Wuhuan Engineering Corporation Ltd.» «AVC Production» ЖШС және C-NRG (Синержи)» сияқты компаниялар бар.
Жобаға сәйкес, жаңа өндіріс ошағы жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейді. Үш жылдан кейін кәсіпорын іске қосылған соң ішкі нарықтағы тұтынушыларды тауар газы, сұйытылған көмірсутегі газы, сондай-ақ күкіртпен қамтамасыз етеді.
Ең бастысы, жоба Қашаған кенішіндегі шикі газды өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік туады. Өйткені қазір аталған кен орнында тағы бір зауыттың құрылысы жалғасып жатыр. 2027 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілетін осы кәсіпорынның жылдық қуаты — жылына 1 млрд текше метр. Энергетика мамандарының есебіне жүгінсек, 1 млрд текше метр шикі газды өңдеу арқылы 700 млн текше метр тауар газын, 180 мың тонна сұйытылған «көгілдір отын» алуға болады. Елдің кейбір өңірлеріндегі тұрғын үйлерді газдандыруға, сондай-ақ кәсіпорындарды, әсіресе, жылу электр орталықтарын газға көшіру көкейкесті міндетке айналған қазіргі кезеңде импортқа иек артпай, отандық өнімді пайдаланудың тиімді екенін дәлелдеп жатудың өзі артық. Бұл бір жағынан мұнаймен бірге шығатын ілеспе газды жер астына қайта жіберу машақатынан да құтқарады.
Ілеспе газды кәдеге жарататын кәсіпорын Қарашығанақ кенішінде де салынады. Жылдық өндірістік қуаты 5 млрд текше метрге жететін зауыт құрылысын Оңтүстік Кореяның «Hyundai Engineering» компаниясы тарапынан жүргізіледі. Жоспар бойынша өндіріс ошағы 2030 жылға қарай пайдалануға берілуі тиіс. Айта кетейік, әлемдегі аса ірі кен орындарының қатарына кіретін Қарашығанақтағы газ қоры 1,35 трлн текше метрді, ал мұнай 1,2 млрд тоннаны құрайды. Демек көмірсутегінің мұндай мол қоры өңдеу өнеркәсібінің өркендеуіне серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді.
Шикізат экономикасына тәуелділіктен арылуда мұнай өнімдері өндірісінің үлесін арттыру да шешуші рөл атқарады. Бұл ретте Үкіметтің төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде аса маңызды шешім қабылдағанын айтқан жөн. Еліміздің энергетика министрлігі хабарлағандай, 10 млн тонна жанар май өндіретін осы кәсіпорынның қай жерде бойы көтеретіні жақын арада жария етіледі. Әзірге үміткер – өңірлер ретінде Маңғыстау, Атырау және Ұлытау облыстары. Бүгінгі замануи өндірістегі беталыс (тренд) тауардың түр-түрі болуын талап етеді. Сол себепті, «төртінші зауыт бензин мен керосинге қоса, мұнай — химия (petrochemical) өнімдерін де шығаратын кәсіпорын болады» деген пікір айтылуда. Егер ол рас болса, бүгінгі әңгімеміздің арқауына айналған әртараптандыру бағытында елеулі қадам жасалар еді.
Срайыл Смайыл
Сурет: Reuters