
Бүгін референдум. Тәуелсіз Қазақстан тарихында аса маңызды мәселелер жалпыхалықтық дауыс беруге осымен екінші мәрте шығарылып отыр.
Конституциялық реформаға байланысты өтіп жатқан республикалық референдумда 100-ге келген қарт ана Сара Ибрагимқызы мен Барахова Сайлаукүл аналарымыз өз таңдауын жасады.
– Қазіргі Президенттің бастамасын қолдап, референдумда дауыс беріп отырмын. Заманымыз тыныш болсын, Қазақстан аман болсын. Ел халқы бір-бірімен тату болсын, – деді Сара Ибрагимқызы.
Кейуана өмір бойы теміржол саласында жұмыс істеген. Зейнеткер бүгінде бес қыздан 69 немере-шөбере сүйіп отыр.
Шымкент қаласының тұрғыны — Утробина Вера Степановна 99 жаста. Вера Степановна 1923 жылы дүниеге келген. Ғасыр жасаған кейуана Ұлы Отан соғысының ардагері. Әл-Фараби ауданының тұрғыны № 303 референдум участкесіне тіркелген. Бүгін қария Конституциядағы өзгерістерге таңдау жасап, үйінде дауыс берді
Бүгін Шымкентте қоғамдық көліктер референдумға қолдау көрсету мақсатында қала тұрғындары мен қонақтарын тегін тасымалдауда. Қала аумағында мыңға тарта қоғамдық көлік 78 бағытта жолаушы тасымалдаумен айналысады.

Бүгін еліміздің Ата заңына түзетулер топтамасын енгізуге қатысты жалпыхалықтық референдум өтуде. Бұл өзгерістер жалпы тыныс-тіршілігімізге, құқығымызға, өмірімізге байланысты өзгерістер. Сондықтан саяси маңызы өте жоғары іс-шара. Қазіргі конституциялық реформа тікелей бүкілхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асырылатыны қуантады. Конституциялық түзетулер жобасы бойынша азаматтардың референдумда дауыс беруі біздің демократиялық қағидаттарды ұстанымымызды көрсетіп, сайып келгенде мұның барлығы Мемлекет басшысы ерекше назар аударатын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келетінін жеткізді.
Қалада референдум барысын бақылау үшін қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне де жағдай жасалған. Кез келген учаскеге барып, тіркеліп бақылай алады. Халықаралық байқаушылар да жұмыс істеп жатыр. Барлығы ашық, заң аясында өтіп өтуде. Нақтырақ айтқанда, 900-ге жуық байқаушы бақылау жүргізуде. Оның ішінде шет мемлекеттерден келген 12 байқаушы бар.
Жалпыхалықтық референдум халыққа тең мүмкіндіктер береді. Ата заңға енгізілетін түзетулер мен толықтырулар — демократиялық мемлекет қалыптастырудағы маңызды қадам дейді тұрғындар. Саяси науқанға қатысты көптің пікірі де әр алуан. Дегенмен халықтың басым бөлігі референдумды қолдайтынын білдіріп жатыр.
Тоқтар Жақаш