
Футболдан UEFA Ұлттар лигасының үшінші турында Қазақстан кезекті ойынын сырт алаңда Беларуське қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ойын барысында қазақстандық футболшылар тізгінді өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде бірінші кезеңнің 13-минутында Абат Айымбетов мергендігімен көзге түсті. Бұл — Абаттың аталған турнир барысында соққан үшінші голы. Бұдан бұрын өз алаңындағы Әзербайжанмен кездесуде ол қос голдың авторы атанған болатын.
Екінші кезеңде Беларусь құрамасы таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойынның 85-минутында беларусьтік Владислав Малькевич гол соғып кетті. Кездесуде құрамалар 1:1 есебіне қанағат білдірді. Енді Қазақстан 13 маусымда өз алаңында Словакияны қабылдайды.
Үш ойыннан кейін Қазақстан 7 ұпаймен көш басында келеді.