Отандық Fly Arystan әуекомпаниясы 1-мамыр күні алғашқы жолаушыларын Нұр-Сұлтан қаласына Airbus A320 ұшағымен алып келді. Еліміздегі алғашқы бюджеттік әуекомпаниясы өз қызметін БАҚ өкілдеріне таныстырды. Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылған Fly Arystan бюджеттік әуе компаниясы осылайша Елордаға алғашқы рейсін орындады. Айта кетейік, отандық лоукостердің алғашқы жолаушылары елордаға Роза Бағланова атындағы Airbus A320 ұшағымен ұшып келді.

Еліміздің Бас қаласына алғашқы рет қонған ұшақты «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр, «Эйр Астана» компаниясы тобының президенті Питер Фостер қарсы алды.

Алғашқы болып сөз алған Ахметжан Есімов алдымен жиналған қонақтарды 1 мамыр мерекесімен құттықтады. Ол: « Осыдан тура жарты жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа тиімді, арзан әуе компаниясын ашу туралы тапсырма берген болатын. Елбасымыздың тапсырмасы — бүгінде орындалған жоспарға айналыды. Осы күнге дейін жүйелі жұмыс атқарылды. Бірінші ұшақ Алматыдан елордамызға қонды. Бүгінгі күннен бастап енді еліміз бойынша басқа да қалаларға бағыттар ашылады. Бүгін біз үшін айтулы күн» -деді.

Өз кезегінде сөз алған индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр елімізде жыл сайын әуе жолаушыларының саны артып келе жатқанын тілге тиек етті. Ол: « Былтырғы жылы шамамен 8 миллион жолаушы тасымалданған. Бұл 2017 жылдың көрсеткішінен 6 пайызға артық. Бүгінде халықаралық практикадан көріп отырғанымыздай, әуе жолаушылары үшін шығыны аз лоукостерлер белсенді дамып келеді. Олар қарқыны жағынан классикалық әуе компанияларын басып озуда», — деді. «Эйр Астана» компаниясы тобының президенті Питер Фостер журналистерге қазақстандық лоукостердің жоспары туралы айтып берді. Ол: «Қазір бұл ұшақ Таразға, Қарағанды, Оралға ұшады. Осы айда Павлодар мен Шымкентке рейстер ашылады. Алдағы уақытта халықаралық рейстер ашу жоспарланып отыр. Осы жылдың қазанында үшінші және төртінші ұшақтарды алғаннан кейін халықаралық бағыттарды ашу жоспарда бар. Әзірге Орта Азия, Кавказ және Ресейге ұшуды көздеп отырмыз», — деді. Сондай-ақ, келесі жылы жаз маусымында еліміздің курортты аймақтарына да жаңа бағыттар ашылуы мүмкін. Өйткені әуекомпания 2020 жылға Ыстыққөл мен Алакөл аймақтарына бағыт ашуды жоспарлап отыр.

Fly Arystan – «Эйр Астана» әуе компаниясының бөлімшесі. Лоукостер билеттері 29 наурыздан бері сатылып жатыр. Бастапқыда Алматыдан Таразға және Оралға ұшатын рейстерге сатылса, кейін Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Павлодар және Шымкент бағыттары қосылды. Fly Arystan әуе компаниясының маркетинг және сатылым жөніндегі директоры Жанар Жайлауованың айтуынша, бүгінге дейін 50 мыңға жуық жолаушы билет алған. Олардың 85 пайызы – салмағы 5 келіден аспайтын қол жүгімен билет алғандар. Ол : «Мәселен, Алматы мен Тараз арасындағы билет құны 4 мыңнан басталады. Ал Алматыдан Нұр-Сұлтанға 7 мың теңге, Оралға 12 мың теңгеден басталады», — деді. Биыл отандық лоукостер 700 мың адамды, келесі жылы 2,5 миллион, ал 2022 жылы 4 миллион жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр.
Ғалия Қалиева
Фото автордан