
Есіл өзенінде балықтар жаппай су бетіне шыққаны туралы ақпараттан кейін «Қазгидромет» РМК судан сынамалар алды.
«Нұр-Сұлтан қаласында Есіл өзеніндегі балықтардың ерекше құбылысы жөнінде БАҚ-та жарияланған ақпаратқа байланысты 26 мамыр күні ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Қазгидромет» РМК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экологиялық мониторинг департаментінің Қоршаған ортаның ластану мониторингі сынақ зертханасының қызметкерлері жоспардан тыс су сынамаларын алды», — делінген «Қазгидромет» РМК мәліметінде.
Су сынамалары келесі нүктелерден алынған:
— «Қараөткел» автожол көпірінің астында;
— «Қараөткел» автожол көпірінен 0,5 км жоғары;
— «Қараөткел» автожол көпірінен 0,5 км төмен;
Жер беті суларының сапасын талдау 42 физика-химиялық көрсеткіш бойынша жүргізіледі.
Оның ішінде басты иондар, биогенді, органикалық және органикалық емес заттар, ауыр металдар бар.
«Бірінші күннің талдауы бойынша судың температурасы 23,7 — 24,2 градус шегінде екені анықталды.
Сутегі көрсеткіші – 8,70-8,75. Суда еріген оттегінің концентрациясы қалыпты және 9,30-11,8 мг/дм3 диапазонында.
Түсі – 25-30 градус, мөлдірлігі — 25 см, иісі — 0 балл, табиғи суға тән емес иіс табылмады. 27 мамырда қалған көрсеткіштер бойынша талдау нәтижелері туралы қосымша ақпарат жарияланатын болады.
Сондай-ақ, 31 мамырда 5 тәуліктен кейін дайын болатын «оттегіні биохимиялық тұтыну (5)» анализінің нәтижесін ұсынамыз», — деді компанияның баспасөз қызметінен.