Ерлан Нысанбаев: Алматының экологиялық ахуалы жақсарады

29 қыркүйек 2023, 15:36

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған биылғы Жолдауында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық ахуалды жақсарту қажеттігін айрықша атап өтті. Бұл ретте ірі кәсіпорындардың ауаны ластауына жол бермеу — маңызды міндет. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Алматыға БАҚ өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Алматының экологиясы бұрыннан айтылып жүрген жылу электр орталықтары, көшедегі көліктің көптігі, тұрмыс қалдықтары сияқты факторларға байланысты. Сондықтан да министрге қойылған алғашқы сауал Алматының экологиясын жақсарту шараларына қатысты болды.

Ерлан Нысанбаев: «Бұл мәселе бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, Алматыдағы ең бірінші ауаны ластаушы – жылу электр орталығы. Бүгінде осы мәселені жою мақсатында жылу электр орталықтары газға ауысып жатыр. Сонымен қатар Алматыдағы ауаның ластануын ретке келтіру бойынша арнайы мемлекеттік бағдарлама да жүзеге асырылмақ. Жалпы еліміз бойынша ең ауасы лас қалалардың қатарына тек Алматы емес, Астана, Балқаш, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Өскемен, Семей қалалары кіреді.

Алматыдағы тағы бір мәселе — автокөліктердің көптігі мен табиғи газға қосылмаған жеке тұрғын үйлер. Сондықтан жылу электр орталықтарын толығымен газға ауыстыру – күн тәртібінде. Екіншіден, Алматыға шеткі аймақтардан келетін көліктерді тексеріп, экологиялық бекеттерде тиісті шаралар қолдану қажет. Үшіншіден, жеке тұрғын үйлердің табиғи газға қосылуын реттеу. Ең алдымен осы үш мәселені шешуіміз керек. Сондай-ақ әр қалада экологияны жақсартуға қатысты арнайы бағдарламалдар қабылданып, шешімін табуда», — деді.

Сонда жылу электр орталығының газға ауысуы Алматының экологиялық ахуалға қаншалықты әсер етеді?
Бұл сауалға министр былай деп жауап берді: «Жылу электр станцияларының модернизациялануы — маңызды шаруа. Әрине, газға ауысу — өте тиімді. Экологиялық тұрғыдан алып қарасақ, көмір жағумен салыстырғанда, зиянды шығарындылары аз».
Басқосуда Алматы сияқты алып шаһардағы қоқыс мәселесі де сөз болды. Мәселен, тұрғындар қоқысты арнайы жәшіктерге тастамай, шашып кетеді. Сондай-ақ жоюды талап ететін қалдықтарды қабылдайтын орындар аз. Бұл Мұндай мәселелерді шешуге қатысты экология және табиғи ресусртар министрі Ерлан Нысанбаев:

«Әрине, бұл өзекті мәселе. Қалдықтардың күн санап артып бара жатқаны байқалады. 20-25 пайызы ғана бүгінде қайта өңделуде. Қоқыс тастауды әрбір адам ең алдымен өз ауласынан бастаса екен. Балаларымызды да кішкентайынан осыған баулуымыз керек. Бұл мәселе — менің күн тәртібімдегі ең өзектісі. Осыған орай бірнеше облыста кездесулер өткіздім. Пилоттық режимде бірнеше жоба да таныстырылды. Қазір осы жобаларды жетілдіру үстіндеміз. Ең алдымен қалдықтарды сұрыптауды қолға алу керек. Сондықтан бұл мәселе бойынша нақты шешімдердің алгоритмі жасалады. Стихиялық полигондарды болдырмау, оларды жою барлық мүдделі тараптарды, соның ішінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарды тарта отырып, түбегейлі және шешуші әрекеттерді талап етеді. Тұрмыс қалдықтарын кәдеге жарату мәселесі бойынша «Жасыл даму» АҚ басшылығымен кездестім. Қалдықтарды утилизациялау бойынша бірқатар жобаларды талқыладық».

Брифингте Алматы қаласында жасыл желекті көбейту, құнарлы топырақты сақтау, жасыл экологияны дамыту мәселелері де талқыланды.

Мақпал Ноғайбаева,
Алматы қаласы

02 мамыр, 16:01
Түркістан: Жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатаң тосқауыл қойылады
30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді