
Елімізде Волонтерлер жылы басталды. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Birgemiz» волонтерлер фронт-офисін ашқаны белгілі. Мемлекет басшысы жастар алдында «Волонтер болу – жүректің ісі, яғни шынайы ниеттің көрінісі. Сендер қолға алған жұмыстардың барлығы дәл осындай мейірімділіктің жарқын үлгісі боларына күмәнім жоқ. Мен волонтер жылында, ең алдымен, еліміздің жастарына зор сенім артамын», – деді.
Шынында да, аймақтарда еріктілер қозғалысы қайырымдылық жасау мақсатында түрлі жұмыс бастап кетті. Мұның бір жарқын көрінісін – Алматы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіндегі «Самғау» еріктілер қозғалысы ұйымдастырған «Кітап жәрмеңкесінен» байқадық.
Еріктілер тобының жетекшісі Әсет Мәдениетұлының айтуынша, «Самғау» 2019 жылдың қазан айында құрылған. Ол бұл туралы: «Биылғы жыл – Еріктілер жылы деп жарияланып, қайырымдылық шараларын жандандыруға серпін берді. Біздің жастарымыз былтыр балалар үйіне көмек беріп, экологиялық акциялар, «Аулаңды таза ұста» секілді түрлі шара өткізген болатын. Ал биылғы алғашқы шарамыз – «Кітап жәрмеңкесі».
Мұндағы мақсатымыз – Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті ғалымдарының кітаптарын, оқырмандарға таныстыру. Кітап жәрмеңкесі аясында университетіміздің баспасынан шыққан 189 кітап сатылды. Түскен қаржы оқу орнының «Білім қазына» қорына аударылды. Жиналған қаржы университеттің жаңа корпусын салуға, сонымен қатар ақылы бөлімде оқитын студенттеріміздің оқу ақысына жұмсалады. Қазір тобымызда 80-ге жуық ерікті бар. Өзге оқу орындарынан да ерікті болуға өтініш білдіріп, жұмысты жандандыруға ықылас білдіргендер бар», – деді.

«Самғау» еріктілер тобының мақсаты – ең алдымен, елге жақсылық жасау. Осы арқылы адамдарды бір-бірімен таныстыру, табыстыру, біріктіру, қайырымдылыққа жұмылдыру. Сондықтан, мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасады.
Жәрмеңкеге келген қонақтар діни кітаптармен танысып, өздерін қызықтырған кітапты сатып алып жатты. Солардың бірі – Алматы қаласының тұрғыны Айдын Ибраев мұндай кітап жәрмеңкесінің жиі өткені дұрыс екенін айтты. Ол бізге берген сұхбатында: «Әлеуметтік желіден жәрмеңке туралы жарнаманы көріп, арнайы келдім. Өзімді көптен бері қызықтырып жүрген кітаптарды таптым. Бірнешеуін сатып алдым. Бірін өзім оқысам, бірін туысыма сыйға беремін. Өйткені, кітап – қазына. Кітап оқығанды жақсы көремін. Әсіресе тәрбиелік мәні бар, рухани кітаптардың пайдасы мол», – деді.
«Самғау» еріктілер тобы алдағы уақытта Алматыдағы қарттар үйіне, «Жанұя» балалар үйіне барып, қайырымдылық науқанын жалғастырады. Әсіресе Алатаудың етегін қоқыстан тазарту – ең басты міндеттері болып тұр. Сондықтан «Самғаудың» саңлақтары көктем шыға тау етегін қоқыстан тазартуға белсене кіріспекші.
Мақпал Ноғайбаева