jasqazaq.kz

Ерікті көмек ата-бабамыздың салтында бар

10 шiлде 2020, 14:56

Елімізде ерікті жастардың қатары көбейіп келеді. Әсіресе, алып қала Алматыда белсенді жастардың игі істеріне куәміз. Әлемді шарпыған пандемия кезінде «Біз біргеміз» деген ұранмен қаламыздың еріктілері тұрғындарға барынша көмек көрсетті. Біз Алматы қаласындағы еріктілер ұйымын бір арнаға тоғыстырған Almaty Volunteers жобасының үйлестірушісі Бидәулет Серікұлынан ерікті жастардың қызметі жайлы әңгімелеп беруін сұрадық.

Jas qazaq: Бидәулет Серікұлы, Almaty Volunteers еріктілер қозғалысы қашан құрылды? Жобаның ұйымдастырушысы ретінде жастардың ерікті болуға белсенділігі жөнінде айтып өтсеңіз? Қандай шаралар ұйымдастырылды? Оған үлес қосып жүрген ерікті жастардың қатары қанша?

Б.Серікұлы: Almaty Volunteers еріктілер жобасы осыдан бір жыл бұрын Алматы қаласында Жастар жылы аясында Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен құрылды. Жастардың еріктілік қызметін жандандыру аясында қолға алынған жоба. Негізгі мақсатымыз – қала жастарынан халықаралық стандартқа сай еріктілер қатарын көбейтіп, бренд қалыптастыру. Біз қаламыздағы 20-дан астам еріктілер ұйымын біріктіретін арнайы сайтты іске қосу идеясын ұсындық. Алматы қаласының әкімдігі ұсынысымызға қолдау көрсетті. Құрылғанымызға бір жылдан астам уақыт болды. Осы аралықта көптеген жұмыстар жүзеге асты. Биылғы жыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Еріктілер жылы болып бекітілгенін баршамыз білеміз. Бұл да еріктілік қызметтің дамуына, еріктілер ұйымының әрі қарай дамып жетілуіне септігін тигізді деуге толық негіз бар. Алматы – жастардың қаласы, үлкен мегаполис. Мұнда 30-дан астам жоғары оқу орындары мен 80-нен астам кәсіптік білім беру колледждері бар. Осы білім ордаларының барлығынан жастарымыз ерікті болуға өтініш білдіріп, қаламыздың қоғамдық жұмыстарына белсене қатысқысы келеді. Біз туралы әлеуметтік желіден, бір-бірінен естіп қатарымызға қосылғылары келеді. Әсіресе, жастарды үлкен концерттер, спорттық шаралар, қайырымдылық жобалар қатты қызықтырады. Ерікті болу дегеніміз – өз уақытын тиімді өткізу. Қоғамға тегін болса да өз пайдасын алып келу. Қаламыздағы барлық еріктілік ұйымдарындағы жастардың қатары 10 мың адамнан асады. Ал кәсіби түрде еріктілікпен айналысып жүргендердің саны – 3 мың адам. Әсіресе белсенді жастарымыз пандемия кезінде өз өмірлерін қатерге тіксе де, еріктілік қызметін адал атқарды. Олар екі жарым ай тынбай еңбек етті. Қала тұрғындарына барынша көмек көрсетті.

Jas qazaq: Ұйымның қазіргі кездегі қызметіне тоқтала кетсеңіз.

Б.Серікұлы: Алматыдағы еріктілер ұйымының интернет порталын бір арнаға тоғыстырсақ дейміз. Қалаға келген әрбір жас сайт арқылы біздің бағытымызды таңдай алады. Мысалы, экологиялық, қайырымдылық, әлеуметтік бағыт сынды өзінің қалаған еріктілер қозғалысы туралы толық ақпаратпен танысады. Биылғы еріктілер жылының негізгі бағыты – білім, асыл мұра, денсаулық, үміт, экология. Біздің ортақ сайт қаладағы барлық еріктілер қозғалысын бір арнаға тоғыстыратын ақпараттық орын. Мұнда әр түрлі бағыттағы еріктілер ұйымы бірігіп, белсене қызмет істейді. Мысалы, былтырғы Арыс оқиғасы кезінде, биылғы карантин кезінде біздің жастарымыз белсенділік танытты. Әсіресе қаланың аз қамтылған отбасыларын азық-түлікпен қамту, маска тарату сынды істерде біздің жастар өз үлесін қосты.

Jas qazaq: Еліміздегі еріктілер қозғалысының деңгейі қандай деп ойлайсыз?

Б.Серікұлы: Еріктілік іс – бұл біздің елге келген жаңашыл дүние емес. Ата-бабамыздың салтында бар нәрсе. Біздің салт-дәстүріміздегі «асар мәдениеті». Қазақ халқы жетімін жылатпаған. Сондықтан бір-біріне көмектесу, демеу болу – ол біздің қанымызда бар. Ал қазіргі еріктілік іс халықаралық стандартқа сай өз уақытыңды, өз еркіңмен тиімді де игілікті істерге жұмсау. Еріктілік тегін қызмет. Жұмысың 4 сағаттан аспауы керек. Еріктілерді қолы бос, жұмысы жоқ, бос уақыты көп деп ойлайтындар бар. Мүлдем олай емес. Ерікті болу жасқа, ұлтқа бөлінбейді. Қаламызда өткен Азиада, Универсиада еріктілік жұмыстың қажет екенін көрсеткен, еріктілерге үлкен серпіліс берген жарыс болды. Еліміздегі еріктілердің деңгейіне қандай да бір баға беру әлі ерте. Бірақ ерікті болғысы келетін жастардың қатары күннен-күнге көбейіп, еліне, жеріне көмек қолын созғысы келетін белсенді жастардың санының артуы көңілге қуаныш ұялатады.

Jas qazaq: Еріктілер қозғалысын дамыту үшін әлі де не істеуіміз керек? Өзге елдердің тәжірибесімен салыстырып көрдіңіз бе?

Б.Серікұлы: Еріктілік істі дамыту бойынша біз әлі де жұмыс істеуіміз қажет. Мысалы, дамыған елдерді алып қарайық. Ерікті болып жұмыс істеген жасқа жұмысқа тұруына үлкен көмегі тиеді. Көрші Ресейде ерікті болған әрбір адамға арнайы кітапша жүргізіледі. Біздің елде де осы сынды тәжірибелерді қолдану ұсынылуда. Сонымен қатар еліміздің барлық қалаларында еріктілерге арналған фронт-офис ашу жоспарда бар. Мысалы, Еуропа елдерінде зейнетке шыққан қарттар да ерікті болып қызмет етеді. Біздің елде де орта жастағы, егде жастағы бос уақыты бар азаматтарды еріктілер қатарына қосу қарастырылуда. Биылғы жылмен шектеліп қалмай, еріктілер ісі әрі қарай да дамитын болады.

Jas qazaq: Әлемді алаңдатқан пандемия кезінде елімізде төтенше жағдай жарияланды. Қазір де белгілі бір шектеулер болуда. Еріктілер қазір қалай жұмыс істеуде? Олардың жұмыс режимінде қандай да бір өзгерістер бар ма? Олардың қауіпсіздігі қалай шешілуде?

Б.Серікұлы: Пандемия біздің елді де шарпыды. Төтенше жағдай жарияланды. Еліміз қиын сәттерді басынан кешіруде. Бастапқы наурыз айында жарияланған карантин кезінде біздің еріктілер Алматы қаласы әкімдігінің аясында құрылған штаб пәтерде жұмыла жұмыс істеді. Олар қаладағы аз қамтылған отбасыларға, мүгедектерге азық-түлік, гигиеналық заттарды жеткізді. Жұмыс режимі халықаралық стандартқа сай болмаса да біздің еріктілер 4 емес 7 сағатқа дейін жұмыс істегендері болды. Ерікті жастардың еңбегі еленіп, Мемлекет басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Біз еріктілердің денсаулығын қадағалап, күнделікті дене қызуын өлшейміз. Сақтық шараларын жүзеге асырамыз. Онлайн режимде арнайы конкурстар ұйымдастырылуда. Сайт белсенді жұмыс істеуде. Еріктілердің игі істері алдағы уақытта да жүзеге асатын болады.

Сұхбаттасқан
Мақпал Ноғайбаева

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде