
Ат шығару арзандады. Қалай дейсіз бе? Былай. Мәселен, бір-ақ сәтте жұлдыз болғыңыз келсе, жұрттың қолынан келмейтін «ерлікке» барыңыз. Сол күні-ақ «жұлдызыңыз» оңынан жанады. Сізді бүкіл халық танып, сайттар жарыса жазып, ғаламтор алты құрлыққа атыңызды шығара салады. Айталық, екі жылдан бері хайп жасап жүрген Айжан Байзақова мен Шырын Наршаева осы жолды саналы түрде таңдағандар. Қазір Назар Роллан есімді жас жігіт те хайперге айналып алды. Былтыр Әл Фараби даңғылының бойында көлікті қарсы бағытпен құйғытып, жол полицейлеріне бағынбай жүруші еді. Биыл хайптың жаңа түрін тауыпты. Қалай дейсіз бе? Былай. Әлеуметтік желілер мен сайттарда таралған видеода Назар бір қызға сұрақ қояды. Жауап бере алмаған қыз киімін бір-бірлеп шешіне бастайды. Видеода бәрі анық көрініп тұр. Айтуға ауызымыз бармайды. Төсін жалаңаштаған әлгі арудан қасындағы жігіт «Енді неңді шешесің?» дейді. Шынында, қаракөз қарындастарымыз шешінуден алдыға жан салмай тұр. Көйлек қысқарып юбка болды, жейде қысқарып жіп болды.
Айтпақшы, қызды шешіндірген осы хайпер қазаққа белгілі бір жазушының ұлы деген ақпарат былтыр ғана тараған болатын.
Жарас ШӨКЕ