«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Расында да, ерінбей еңбек еткеннің көп белесті бағындырары белгілі. «Еңбек етсең – емерсің» деген де бар. Ежелден еңбек еткен, қол қусырып қарап отыруды білмейтін елдің баласы мұның бәрін жақсы білсе керек.
Алматыдан аттанған бір топ БАҚ өкілдері Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Ащыбұлақ ауылына барып, ондағы фермерлердің жай-күйімен танысты. Ал «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қоры» (бұдан әрі — ЖҚҚ) ауылдық жерлерді тұрақты дамытудың құпияларымен бөлісті. Баспасөз-туры барысында журналистер Шелек ауданындағы көкөніс өсірудің жаңа әдістерін көрді.

«Шелек Фермерлері» бағдарламасы аясында 4 жыл ішінде қатысушылар саны 4 есеге өскен. Аталған бағдарламаға қатысушы, фермер Ерсінбек Әукенұлы ауласындағы қызанақ өсіретін жылыжаймен таныстырды. Ол: « Мен бұл өңірге Қытай елінен көшіп келдім. Байқағаным, бұл ауылдың жергілікті тұрғындары алма, өрік сынды жеміс-жидектерді көп өсіреді. Ал үй жағдайында, болмаса ашық жерде қызанақ өсіруге аса қызығушылық жоқ. 2014 жылдан бастап «Шелек фермерлері» жобасына қатысып келемін. «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қоры» фермерлер үшін тек семинар – тренингтер, консультациялар ғана өткізіп қоймай, қаржылай қолдау да көрсетеді. Қордың түрлі байқауларына қатысып жеңімпаз атандым, тиісінше, көкөніс өсіруге арналған жабдықты сатып алуға мүмкіндік те пайда болды. Биыл «Шелек Фермерлері» ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшесі бола отырып, жылыжай құрылысын қаржыландыру мүмкіндігіне ие болдым. Мен үшін жылыжайда көкөніс өсіру — отбасылық бизнесті дамытудың тағы бір жолы, жылыжайдың үйімнің қасында болғаны қуантады, ауа райы өнімге әсер етпейді, ал, биыл салқын әрі жаңбырлы жаз маусымы. Менікі сынды шағын фермерлік қожалықтар үшін бұл үлкен қолдау»-деді.

Бүгінде аудан фермерлері шағын бизнестерін сәтті дамытып және көкөністерді өсіруде заманауи технологияларды қолдану мүмкіндіктеріне ие. Осы мақсатта Жергілікті қауымдастық қоры 2013 жылы ашылған Агробизнес орталығында фермерлерге тренингтер, семинарлар, консультациялар ұйымдастырады. Сондай-ақ басқа аймақтардан келген фермерлермен іс-тәжірибе алмасуға арналған кездесулер өткізеді.

«Менің әкем ОҚО-нда жергілікті қауымдастықтар қорымен ұйымдастырылған таныстыру турынан кейін, үй-жайындағы аулада кішігірім жылыжай салу идеясын жүзеге асыруға ниеттенді. Қазір мен әкемнің ісін жалғастырудамын және үшінші жыл қатарынан жылыжайға қызанақ өсіріп келемін. Біздің жылыжайларымыздың алғашқысы өте қарапайым, қазіргідей заманауи жабдықпен қамтылмаған еді. Біз көкөністерді өз тәжірибемізге сүйеніп өсірдік. Қарапайым пеш пен пленка, жылыжайдың конструкциясы да қарапайым болды. Ендігі кезекте, Қор қызметкерлерінің кеңестері арқасында жыл сайын жылыжайды кеңейтіп, оны озық технологиялармен толықтыру үстіндемін, сәйкесінше жоғары өнімділікке қол жеткізудемін. Алғашқы көкөністерді әдеттегіден бұрын жинап алғандықтан, оларды қымбатырақ сатамын. Мен барлық жетістіктерімді «Ауылдық аймақтарды дамыту» бағдарламасымен байланыстырамын және оның арқасында мен ғана емес, ауданымыздың өзге де фермерлері үйреніп келеді», — деді жергілікті фермер Ибрагимов Роллан.
2014 жылдан бері бағдарламаға қатысушы-фермерлер көптеген заманауи агротехнологияны кәсіпке енгізуге мүмкіндігіне ие болды, ал жылыжайларда түрлі-түсті бұрыш өсіру аудан фермерлері үшін дамудың жаңа сатысын ашады. Шелек ауданының дәстүрлі көкөнісі — бұрыш – бұрын-соңды жылыжайда өсірілмеген еді, жаңа әдіс жұмыс сапсаны жоғары көтереді. Енді фермерлер орақ маусымдын шілде айының ортасында, яғни үйреншікті уақыттан бір айға ертерек бастап, қараша айына дейін, яғни 1,5 – 2 айға, создыра алады. 7-8 ай уақытты қамтитын маусым фермерлердің қосымша табысқа қол жеткізуіне жол ашады. Осының арқасында, фермер-көкөнісшілер өз өнімін орта есеппен 20-30 пайызға арттыра алады. Ал Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бижанов ауылының тұрғыны агроном, Павел Кавунов жабық жылыжайда түрлі түсті бұрыш өсіруді қолға алыпты.

П.Кавунов:«Шелек Фермерлері» ЖҚҚ «Ауылдық аймақтарды дамыту» кешенді бағдарламасынің бір бөлігі болып табылады және біз осы жоба аясында жаңа ауыл шаруашылығы технологияларын эксперименталды аймақтарда тестілеуден өткіземіз. Жергілікті фермерлер тамшылатып суару, шпалерде қызанақ өсіру әдістерін үйреніп, топырақ бетін жабындау және өзге де технологияларды қолдануды игеруде. Біздің фермерлер ерте өнім алу мақсатында жылыжай тұрғыза бастады, әдетте, фермерлер жылыжайларда қызанақ және қияр өседі. Мен, агроном ретінде, эксперименталды учаскелерде жұмыс істеуді жалғастырамын және осы жылы жылыжайда бұрыш өсіруді қолға аламын. Кіріс пен өнімділікті саралап көремін. Қазірдің өзінде жақсы әлеуетті көремін, алдағы жылы фермерлерге жылыжайларда бұрыш өсіруді ұсынамын», — деді

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту перспективаларына ел дамуының ең маңызды 10 тармағының бірі ретінде көңіл бөлді. Мемлекет басшысы бүгінгі заман жағдайы мен уақыт талабына сәйкес, ғылыми база жетегінде ауыл шаруашылығында озық технологияларды қолдануға уақыт келгенін ерекше атап өткен болатын Ауыл шаруашылығына ғылым мен еңбекті кірістіру — ЖҚҚ «Ауылдық аймақтарды дамыту» бағдарламасы бағыттарының бірі. Оның басты ерекшелігі — шағын фермадағы шаруашылықтарға бағытталуы, бұл қадам олардың дамуына және тұрақтылықты сақтауларына көмектеседі.
Қоса кетейік, жақында өткен Қазақстанның Еуропалық Бизнес Қауымдастығы (EUROBAK) байқауында «Еңбекшіқазақ ауданының Жергілікті Қоғамдастықтар Қорының» «Филип Моррис Қазақстан» ЖШС-мен серіктестігі нәтижесінде ұйымдастырылған «Шелек Фермерлері» әлеуметтік жобасы «Жылдың үздік серіктес жобасы» аталымын жеңіп алды.
Мақпал Ноғайбаева, Алматы облысы