Ең бастысы – қоғамда әділдік орнату

06 қыркүйек 2019, 12:40

Кәрібай Мұсырман, Мәжіліс депутаты:

Jas qazaq: Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Елдегі мәселелер көшеде емес, Парламентте шешілуі керек» деген мәселені айтты. Бұл халық пікіріне құлақ асу қажеттігін білдірсе керек-ті. Ал жақында барлық депутаттар ел-жұртты аралап, көп нәрсеге куә болып қайтқаны белгілі. Шын мәнінде ауылды не толғандырады? Өзіңіз қандай проблемамен бетпе бет келдіңіз?
Кәрібай Мұсырман: Біз тоқсан сайын жергілікті жерлердегі сайлаушылармен кездесулер өткізгенімізде өзіміз сайланған өңірлерге ғана емес, басқа да облыстарға барып жүрміз. Мұның өзі өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін салыстыра бағалауға мүмкіндік береді. Байқауымша, халық тығыз қоныстанған оңтүстік және батыс өңірлерге қарағанда демографиялық ахуалы мәз емес солтүстік өңірлердегі ауылдардың жағдайы әлдеқайда төмен. Себебі ол жақта тұрғындары үдере көшіп кетіп, тоз-тозы шыққан елді мекен көп. Әсіресе, Ресеймен шекаралас аудандарда. Солтүстік өңірлердің тұрғындары бізбен кездесулерде оңтүстік пен теріскей өлкелердің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, кеңес заманында қолданылған, жалақыға қосылатын «солтүстік коэффициентін» қайтаруды сұрап жүр. Әрине, қысы алты-жеті айға созылатын аймақ тұрғындарының отбасылық бюджеттен отын мен киім-кешекке кететін шығындары екі-үш-ақ ай қыс болатын өңірлермен салыстырғанда қыруар көп екендігі анық. Еліміздің экономикалық қуаты арта келе бұл өзекті мәселе де оң шешімін табар деген ойдамын.
Көптеген елді мекендерде жол, ауызсу мәселелері де әлі толық шешімін тапқан жоқ. Шалғай ауылдарда интернет байланысының жылдамдығы төмен болғандықтан, тұрғындар «Қазпошта» бөлімшелері арқылы әртүрлі төлемдер жасайды. Дәрігерлер – науқастардың электрондық паспорттарын, мұғалімдер электрондық күнделіктерді уақтылы толтыра алмай, уақыттарын босқа шығындап, орынды реніш білдіріп жатады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында ауыл шаруашылығы біздің негізгі ресурсымыз екендігін атап көрсетіп, Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына бұрын бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жылда 90 миллиард теңге бөлуді тапсырғандығын ескерсек, ауылдағы әлеуметтік проблемаларды шешу қарқыны әлдеқайда арта түседі деп ойлаймын.
Тағы бір айта кететін мәселе – еліміз тәуелсіздік алып, үлкен экономикалық қиындықтарға душар болған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында иесіз қалған егіншілік жерлерді жалға алып, ауылдықтарды жұмыспен қамтамасыз еткен, сөйтіп тұралап қалған ауыл шаруашылығы саласын көтеруге хал-қадерлерінше үлес қосқан ірі инвестор-компаниялардың көпшілігінің уақыты өткен тәрізді. Өйткені, олардың кейбіреулері кейінгі кезде қаржылық қиындықтарға ұшырап, ауылдардың әлеуметтік саласына көмектеспек түгіл, жалға алған мыңдаған гектар алқаптарына егін егуді доғарған.
Жолдауда атап көрсетілгендей, «шөп үстіндегі иттей» болып, мыңдаған гектарды мемлекеттен жалға алғандарымен, ештеңе өсірмей отырған «латифундистер» де барлығы мәлім. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке пайдасыз жатқан жерлерді олардың қазіргі иелерінен алып қоюдың заңды тетіктерін ұсынуды талап етті. Бұл жұрт күтіп отырған шешім екендігі күмәнсіз. Алдағы уақытта мемлекетке қайтарып алынатын жерлерді бұрынғыдай сырттан келетін инвесторларға емес, егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысып жүрген жергілікті кәсіпкерлерге беру қажет деп ойлаймын.
Jas qazaq: Халық арасында түрлі әңгімелер болып жатады. Алайда тұрғындар еңсесін көтеру үшін ең бірінші кезекте не істелуі керек?
Кәрібай Мұсырман: Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп аталғандығына назар аударғым келеді. Саясаттағы сабақтастық қол жеткен жетістіктерімізді жоққа шығармай, одан әрі молайта түсуді, яғни эволюциялық дамуды көздейтін болса, әділдік орнату, ең алдымен, заңның үстемдігін қамтамасыз етуді және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуді талап етеді.
Осыған орай Мемлекет басшысы Жолдауында өздеріне сеніп тапсырылған ведомстволарда сыбайлас жемқорлықтың орын алуына жол берген бірінші басшылардың жауапкершілігін заң жүзінде айқындау, мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялардың жұмыскерлерінің санын 25 пайызға қысқарту, сот шешімдеріне талдау жүргізу және нормативтік-құқықтық актілерге қоғам өкілдерін қатыстыра отырып талдама жасау сияқты ықпалды шараларды ұсынды. Әсіресе, Президенттің өзіне тікелей бағынышты қызметкері сыбайлас жемқорлыққа ұрынған бірінші басшы орнын түсу туралы өтініш беруге тиістілігі жөнінде қатаң талап қойғандығы «айран ішкендердің құтылып, шелек жалағандардың тұтылуы» сынды келеңсіз құбылыстың тамырына балта шабады деп үміттенемін. Халық еңсесін көтеру үшін де, ең бастысы – қоғамда әділдік орнату қажеттігі анық.
Қасым-Жомарт Кемелұлы адамдардың өз ой-пікірлерін ашық білдірулері үшін бейбіт митингілер өткізуге және оларды бұрынғадай елді мекендердің шетінде емес, басқа арнайы бөлінетін орындарда ұйымдастыруға рұқсат бергендігі де жұртшылықтың көкейіндегіні дөп басқан шешім деп білемін. Әрине, Бауыржан Момышұлы айтқандай, «тәртіпке бағынған құл болмайтынын» естен шығармай, митингі өткізгенде заңдылықты қатаң сақтау қажет.
Jas qazaq: Парламентте Үкіметке түрлі сауалдар жолданып жатады. Осы қаншалықты нәтиже беріп отыр? Көтерілген мәселе аяқсыз қалып жатқан жоқ па?
Кәрібай Мұсырман: Үкіметке жолдаған депутаттық сауалдарымызда көтерілген өзекті мәселелердің ішінде оң шешімін тапқандары да, «сырғытпа жауаппен» кейінге қалдырылғандары да бар. Осы орайда әділдік үшін айта кетейін, менің бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбекке жолдаған депутаттық сауалдарым мен хаттарымда көтерілген мәселелердің көпшілігі нақты шешімін тапты.

Сұхбаттасқан Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Бүгін, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді