
Бас қаланың тіршілігін бүгін ақтүтек боран тұралатты. Мектептерде сабақ тоқтап, қаладан шығатын күре жолдар түгел жабылды. Ал әуежайда қырықтан аса ұшақ уақытында ұшып кете алмай, не қона алмай, жолаушылар бірнеше сағаттап күтіп қалды. Ауа райын болжаушылар боранның тек ертең дамылдайтынын айтып отыр. Боран әлегін елордалық тілшіміз Ербол Тұрымбет айтып берсін.Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Боран бүгіндікке бір тыным алмастан қаланы әппақ қарға көміп тастады. Аласұрып тұрып алған ақтүтек тіршілікті біраз қиындатып жіберді. 1-ден 9-ға дейінгі барлық сыныптарға сабақ өтпей қалды. Көшеде жүру былай тұрсын, күртік қар аулаларда үйіліп, көліктер белортадан кіріп қалған. Арқаның қатты желіне жол белгілері де төтеп бере алмай, ілініп-салынып әрең тұр. Үстіне тау-тау қып тиеп алған ауыр көліктер қаланы тазалап үлгере алар емес. Ауа райының осылай аласұруынан бүгін елорда әуежайынан 44 бағыт уақытынан кешікті.
22 ұшақ ұшып кете алмай, тағы 22-сі уақытында ұшып келе алмай қалған. Мына шулаған жұртқа да ұшағын 15 сағат күтуге тура келіпті.
Жеңіс Ахметжанов, Н. Назарбаев халықаралық әуежайының PR менеджері:
— «Эйр Астана» әуе компаниясының бірнеше ұшағы ұзақ уақытқа созылып ұша алған жоқ. Олар мысалы, «Fly Arystan» әуе компаниясының рейсі Мәскеуге ұшатын және де Алматы қаласына ұшатын рейс 15 сағатқа кешікті.
Қала ішінде осындай жағдай болып жатқанда, қаладан шығатын облыстық, республикалық тасжолдарда көлікпен жүру мүмкін болмай қалды.
Ақтүтек боран кесірінен барлық бағыттағы күре жолдар жабылған. Қаладан шыға берістегі полиция бекетінің тұсында үлкен жүк көліктері бірінен кейін бірі тізіліп қаңтарылып тұр. Олар берісі Қостанайдан, арысы Голландиядан келе жатқандар. Боран бітпейінше, олар енді осы тұрған орнынан тапжылмайды.
Ұзын-сонар тізбке құрған ауыр жүк көліктері қанша уақыт тұраты белгісіз. Олардың жалғыз үміті – боранның басылуы. Мұндайда жолға шығу қауіпті болса да, тәжірибелі жүргізушілердің жүрегі шайлықпайды.
— Қорқатын несі бар?! Бастысы – жылы, ептеп жүріп келдік. Көлігіміз биік болғандықтан, жол жақсы көрінеді. Қазір де жайлап жүре берсек болатын еді, бірақ, жоқ дегенде, кешке дейін тұрасыңдар деді.
Қазгидромет мамандарының айтуынша, бұл Атлант мұхитынан келіп жатқан жылы ауаның кесірінен болып жатқан дүлей екен. Жылдамдығы секундына 20 метрден асатын боранның екпіні ертең ғана біраз бәсеңдейді дейді мамандар.