
Миллиардқа жуық қаржы құйған! Елордада ақшасын беймәлім компанияға құйған тағы бір топ сан соғып қалды. «Үй алып береміз», «көлік мінгіземіз» деген компания өкілдері бұл күнде уәдесін орындамақ түгілі, салымшылармен тілдесуді де қойған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Қылмыстық іс қозғап, тексеруі тиіс полиция мен прокуратура да неше айдан бері хабарсыз. Не ақша жоқ, не баспана жоқ, қайтерін білмей дағдарған жұрт бүгін базынасын айтып, Бас прокуратураға барды.
— Мына тұрған кісілердің әрқайсының қолында бума-бума қағаз. Миллиондап ақша құйып, өндіре алмағанының дәлелі. Өздерін «Отбасы мен жастарды қолдау қоры» деп атаған ұйым барлығына өте ұтымды тәсілмен баспана, көлік алып береміз деп сендірген. Яғни баспананың 50 пайызын төлесе, қор қалған жартысын жылына 3,7 пайызбен несие қып бермекші болған. Алданғандар саны айтуларынша, жүз шамалы. Солардың бірі Ләззат Құралбаева 10 миллион теңгесін салған.
Ләззат Құралбаева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
— «Нұр Отанның» аумағында семинарын жүргізді. Ол бір. Екіншіден, әкімнің мақтау хаты бар екен, соны көрсетті. Әрине, біз де пендеміз, сендік. Сосын алғашқы кезде үй алған адамдардың да үйін көрдік. Біздің салған ақшамыз алдымыздағы тұрған адамдардың пәтер алуына, машина алуына кетіп қалған.
Гүлсара Қаюпова, Қызылорда қаласының тұрғыны:
— 20-тамызда «Отбасы және жастарды қолдау қорына» 5 миллион теңге ақша салдым. Содан бері, міне, үш айдан асты. Еш нәтиже жоқ. Елордаға келген кезімде, кеңсесіне барғанда мені риелторы – бәрі жабылып мені итеріп салды.
Алданғандардың айтуынша, қор басшысы Гүлбану Сәпи қазір Украинада жүр. Одан хабар алу да мүмкін болмай қалған. Соңғы жеткен сөзі мынау:
— Беталды сөйлей бермеңіз. Онан да мына қарызға алған ақшамызды қайтарыңыз. Қазір көріп тұрсыз, біздің жанымыз қысылып жатыр. Адамдарға ақша қайтаруымыз керек. Инвестициямыз тоқтап қалды. Кім, кім осы жерде отыр, қаншама адам. Көбісі маған қарыз.
«Жалпы, қоғамда осындай жапа шегушілердің көбейіп кетуі ел азаматтарының мемлекеттік органдарға сенімінің жоғалуынан», — дейді сарапшылар. Баспана құқығы бойынша мәселелермен айналысатын қоғамдық ұйым басшысы Зәуреш Батталова: «Қандай жағдай болмасын, бұндай істерге заңгердің көмегімен ғана кірісу керек», — дейді.
Зәуреш Батталова, жеткілікті баспана құқығы бойынша Орталық Азия желісінің үйлестірушісі:
— Жекеменшік болсын, мемлекеттік болсын, оның қандай құжаттары бар? Әділет министрлігінде тіркеуде бар ма? Неше жыл жұмыс істеп жатыр? Құжаттары заңды ма? Осыны тексеру керек. Екіншісі, сол мекемеге барғаннан бастап бәрін заңгермен өткізу керек.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, қазір бұл ұйымға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Дауға ұласып бара жатқан мәселеге Бас прокуратура енді араласып, істің неге созбалаңға салынғанын анықтайды.