jasqazaq.kz

Елді елеңдеткен ет

27 мамыр 2019, 13:58

Ет мәселесі
Соңғы апталарда елді елеңдеткен мәселенің бірі ет бағасының күрт өсуі болды. Бұған қарапайым халықтың алаңдайтындай жөні бар. Өйткені екінің бірі қорада мал ұстау мүмкіндігінен айырылған. Тұяқтыдан түгі жоқ жұрт амалсыз базар жағалайды. Ең арзан ет сол жерде ғана. Ал дүкендерде тұрып қалған өнімнің өзін қалта көтере бермейді. Біз осы орайда «Қазақстан ет одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұт Бақтыбаевты сөзге тартқан едік.

Jas qazaq: Соңғы айда барлық аймақтарда ет бағасы күрт өскені байқалды. Бұл дерек бізге жақпайтыны анық. Себебі етті көп жейміз. Онсыз ас батпайды. Мұның сыры неде?
Мақсұт Бақтыбаев: Иә, халқымызда «Ас – адамның арқауы» деген мақал бар. Біз қазан көтерсек, тамақтың арасында қарайған ет жүрмесе ас ішкендей болмаймыз. Ал келген қонаққа ет аспау – кешірілмес күнә. Сондықтан да болар, ұлтымызда «Қонақ келсе, ет қызарар, ет қызармаса бет қызарар» деген аталы сөз де бар. Қалай айтсақ та етке деген қызығушылық басылмайтыны даусыз.
Әрине, ет жеуден әлемде алғашқы орында емеспіз. Бірақ көштен де қалып қоймаған халықпыз. Өкінішке қарай елімізде соңғы айда ет бағасы 0,4–1,4%-ға өсті. Мәселен биыл сәуір айында қой етінің бағасы 1,2 пайызға (келісі – 1501,8 теңгеге дейін өсті. Сиыр еті бір айда 0,8 пайызға (келісі – 1575,1 теңге) дейін жетті. Бір жылда 6,6 пайызға қымбаттады.
Жылқы етінің келісі – 1789,4 теңге. Құс етіне де сұраныс артты. Статистикалық деректерге қарағанда, әрбір отбасының етке ақшалай шығыны былтыр жан басына шаққанда 91 мың теңгені құраған. Ет және ет өнімдеріне жұмсалатын шығынның үлесі еліміз бойынша –14,8, қалалық жерлерде – 14,6 пайыз, ауылды жерде – 15,3 пайызды құрады. Бұдан өзге халық жиі тұтынатын ірі-қараның ішек-қарыны мен өкпе-бауырына да сұраныс жеткілікті. Осының бәріне себепше не? Енді нақты әңгімеге көшер болсақ, соңғы екі жылда ауыл шаруашылығы саласында жанар-жағар майға сұраныс артып, литрі 120-дан 183 теңгеге дейін өсіпті. Малдың құнарлы жемі саналатын арпаның тоннасы 30-дан 60-65 мың теңгеге жеткен. Міне, осы екі нәрсе ет өндірісінің өзіндік құнын белгілейтін бірден бір қосынды. Осыған қарап отырып ет бағасының шарықтауына тым таңғалудың жөні жоқ.
Бағаның өсуі – нарыққа тән үрдіс дер болсақ, оның ішінде еттің қымбаттауы заңды құбылыс. Бұл жерде біз жекелеген сауда ғана емес, фермерлер тарапынан көтерме саудада да бағаның көтерілгенін баса атап өткеніміз жөн. Фермерлер өз шаруа қожалығын дамытуға жылдар бойы жұмсаған қаражатынан қайтарым ала бастағанының бір көрінісі осы. Бұның еш сөкеттігі жоқ.
Мойындайтын бір нәрсе, фермерлер экспорттың арқасында жақсы табыс таба бастады. Өткен жылдың көрсеткішіне қарасақ, біз күткеннен де жоғары – 4 есе табысқа жеттік. Нақты сандарды алсақ, 20 мың тонна сиыр етін, 3-4 мың қой етін сыртқа саудаладық. Бұл ішкі нарықтағы ет саудасының 4 пайызы.
Jas qazaq: Десек те, ет өнімдерімен ішкі нарықты қаншалықты қамтамасыз етіп отырмыз? Сырттан келетін етке тосқауыл қоя аламыз ба, әлде қажеттілікті өтеу үшін ол да керек пе?
Мақсұт Бақтыбаев: Қазіргі кезде еліміз тұрғындарының 95 пайызы сиыр етін тұтынады. Сонымен бірге етті сыртқы саудаға шығару да қолға алынуда. Мәселен өткен жылы елімізге 12 мың тоннадан аса ет сырттан жеткізілді. Өнім Украина, Моңғолия, Парагвайдан әкелінді. Бұл да жаман емес. Негізінен бургер үшін арзан ет жеткізіледі. Ал біз стейк үшін қымбат ет сатамыз. Егер шет елдерде бағасы арзан ет болса, оны неге сатып алмасқа? Оны қайта өңдеу мақсатында – шұжық өнімдері үшін пайдалануға болады. Өкінішке қарай, біз құс етін көбірек сатып алуға тәуелдіміз. Жұрттың сұранысын орындауға қауқарсызбыз. Құс фабрикаларын салу да оңай шаруа емес. Мысалы, 2017 жылы Ақмола облысында бір фабрика салу 100 миллион долларға түсті. Әрі қаншама уақыт керек. Сондықтан бұл мәселені шешу оңай болмай тұр.
Jas qazaq: Қазір еліміздегі ірі-қара қаншалықты көбейді? Бұл көрсеткіш ішкі нарықта етке деген сұранысты өтей ме?
Мақсұт Бақтыбаев: Қазір елімізде 7 миллион бас ірі-қара бар. Біз ішкі нарықты тұрақты түрде етпен қамтамасыз етіп, сыртқа сату көрсеткішін ұлғайту үшін мал басын 15 миллионға жеткізуіміз қажет. Бір оңды жері елімізде мал өсіруге мүмкіндік мол. Осы орайда әлем бойынша жайлымдық жер бойынша 5ші орында тұрғанымызды да ерекше атап өткеніміз жөн. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Бразилия жер шарында ет өндірісі бойынша ең ірі ел. Бұл мемлекет етті әлем бойынша саудалап отыр. Жайылымдық жері 195 миллион гектарды құрайды. Біздің көрсеткішіміз – 188 миллион гектар. Оларда 1 гектар жайылымға – 1 сиырдан келсе, бізде 20 гектарға 1 сиырдан келеді. Демек, бізде өзіміз үшін де, шет ел үшін де ет бағытында жұмыс істеуге барлық мүмкіндік бар.
Jas qazaq: Ет өнімдерін экспорттау жіті көтерілуде. Қазір етті сатуға кедергі бар ма? Экономикалық одақ заңдары белгілі бір шектеу қоймай ма?
Мақсұт Бақтыбаевты: Еліміздің ауыл шаруашылық министрлігі бүгінгі уақытта отандық етті жаңа нарықтарға шығару мақсатында белсенді саясат ұстанып отыр. Бұл үрдіс үздіксіз жұмыс істеуде талап етеді. Қазір Таяу Шығыс пен, Қытай, Иран, БАӘ, Бахрейн, Сауд Арабиясы секілді мемлекеттерге ет тасымалдау бағытында қажетті келісім жасалуда. Басқа да нарық көздері іздестірілуде.
Отандық ет өнімін шет елге шығару үшін өнімді сақтау, логистика, кедендегі баж салығына байланысты қосымша қаражат қажет етеді. Жақында Қазақстан мен Қытай арасындағы аймақаралық ынтымақтастық бірлескен форумында Қытай Халық Республикасы үкімет басшысының орынбасары мен біздің одақ арасында елімізден аспанасты еліне жеткізілетін ет өнімдеріне қатысты кедендік баж салығын төмендету мәселесі көтерілді. Мәселен біздің өндірушілер көрші елге ет жеткізу барысында қосымша 31,5 пайыз шығын жұмсайды. Ал Жаңа Зеландияға кететін шығын 12 пайыз ғана.
Jas qazaq: Елімізде етті шет елге қолында лицензиясы бар кәсіпорындар ғана сата алады. Мұның өзі қолында бірнеше мың бас малы бар, бизнесін дамытқысы келетін азаматтардың саудасын жандандыруға кедергі емес пе?
Мақсұт Бақтыбаев: Шетелге ет саудасымен тек делдалдар айналысады деген мәселе жоқ. Айталық Астана Агропродукт ЖШС (Ақмола облысы), АКТЕП компаниясы (Ақтөбе облысы), Қайып Ата ЖШС (Түркістан облысы), және басқа да шаруашылықтар мыңдаған бас мал өсіріп, сыртқы саудаға тікелей шығуда. Әрине экспортты ұйымдастыру көп еңбекті қажет етеді. Қосымша ресурстарды ғана емес, мол білім де керек. Сондықтан біздің фермерлерге ірі қара өсіріп, ет өндіріп, ал саудамен маманданған басқа азаматтардың айналысқаны тиімді.
Бір атап өтерлік мәселе, сырттан жеткізілетін еттің құрамында зиянды заттар бар деген жалған сөз. Еттің әр партиясы тиісті құжаттармен толық қамтамасыз етіліп, ауыл шаруашылығы министрлігінің қадағалау орындары арқылы бақыланады. Сонымен қатар, жеткізуші компаниялардың ЕАЭС аумағында кәсіпорынды тіркеу құжаты мен рұқсаты міндетті түрде талап етіледі. Мұқият тексерілген ет қана сауда орындарына жөнелтіледі.
Jas qazaq: Ет өнімдеріне қатысты қабылданған заң шаруа қожалықтарын қаншалықты қорғайды? Біз әлемдік нарықта бәсекеге төтеп бере аламыз ба?
Мақсұт Бақтыбаев: Өткен жылы елімізде ет бағытындағы мал өсіру бастамасы – Ұлттық бағдарлама үкімет тарапынан қолдау тапты. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар жеке шаруашылығын өркендетуге барлық мүмкіндікті пайдалана бастады. Мысалы мал басын көбейту мен ет бағытындағы мал санын арттыру үшін Сыбаға бағдарламасы қабылданды. Кәсіпорын қуатын арттыру үшін жаңғырту жұмыстары, инвестиция салу, субсидиялау, фермерлер үшін 15 жылға берілетін пайыздық мөлшерлемесі төмен несие, ауыл шаруашылық техникаларын алуға да тиімді несие беру сәтті іске асуда.
Қорыта айтқанда, бәріміз ата кәсіпке зор мән беруіміз керек. Бұл сала болашақта бақуатты тұруға, тұрмысымызды түзеуге, табысқа кенелуге жол ашады. Бүгінде бір жылда ірі-қара басының өсуі 6 пайызға жетті, ал мал өнімдерінің ішкі нарығы 2 трлн теңгеге жетті. Осындай көрсеткіштер болашақта ауыл шаруашылығының қарқынды дамитындығын көрсетеді. Оның ішінде мал шаруашылығы жедел өркендесе, арзан ет жеуге де қол жеткізетін боламыз.
Jas qazaq: Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбасттасқан Жолдасбек ДУАНАБАЙ

20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда