
ЕХРО Конгресс-орталығында өтіп жатқан «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев энергетикалық екі кешенді іске қосты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Тәуелсіздіктің 27-ші жылында «KEGOC» Ұлттық компаниясы «Солтүстік — Шығыс — Оңтүстік» жобасының екінші кезеңін іске қосуға дайын. Жоба бюджет қаражатынсыз жүзеге асты. Құрылыс барысында 500 кВ жаңа үш қосалқы станция мен 1770 шақырым электр желісі салынды. Жобаның арқасында сұранысы артып келе жатқан еліміздің оңтүстік аймағы электр қуатымен қамтамасыз етіліп, шығыс өңірінде тау-кен өнеркәсібінің дамуына жағдай туады. Осылайша, біз Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін арттырамыз», — деді «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев. «Gas Processing Company» ЖШС-ның техникалық директоры — жоба жетекшісі Болат Сақтағанов Ақтөбе облысындағы «Қожасай» кен орнында құны 42 млрд теңге болатын ілеспе газды кәдеге жарату және өңдеу жөніндегі заманауи зауыттың салынғанын баян етті. «Біз сіздің елдің ішкі нарығын тауарлық газбен толтыру және ресурстық базасын арттыу тапсырмаңызды орындадық. Шикізатты қайта өңдеуді арттыра отырып, өнімнің жаңа түрлерін игеруге және таяу және алыс шетелге экспорттауға дайынбыз. Аса мәртебелі, Нұрсұлтан Әбішұлы, екі энергетикалық кешенді қосуға рұқсат етіңіз!»,- деді Болат Сақтағанов. Елбасы аталған энергетикалық кешендердің жұмысына сәттілік тілеп, іске қосты.