
Бүгін елордада Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV кеңесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдері парламент мүшелері алдында маңызды міндет тұрғанын атап өтті.
«Бүгінгі кеңестің тақырыбы өткен жылдарда Қазақстанның халықаралық аренада жүзеге асырып жүрген саясаттың негізгі ұстанымдарымен үндес. Осыған байланысты сенім мен серіктестік диалогы Үлкен Еуразияның ажырамас бөлігі болуы үшін «осы аудиторияның құрметті мүшелері не істей алады» дегенге қатысты өзімнің ой-пікірімді жеткізгім келеді. Біріншіден, парламентарийлер дауысы континентте айқын әрі қаттырақ шығуын қолдаймын», — деді Н. Назарбаев. Осы орайда Елбасы әлемнің алдыңғы қатарлы державалар арасындағы сенімге қатысты қазіргі заманғы жаһандық дағдарыстың тереңдігі мен өткірлігін түсіне отырып, аталған шиеленістерді еңсеруде халық қалаулылары өздерінің үлесін қосуы қажеттігін атап өтті. Бұдан бұрын хабарланғандай, елордадағы Тәуелсіздік сарайында «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбында Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV кеңесі жұмысын бастады. Форум жұмысына Еуропа мен Азияның 65 елінің парламенттері делегациялары, 14 халықаралық парламенттік ұйым өкілдері қатысуда. Олардың қатарында ЕҚЫҰ мен ҰҚШҰ парламенттік ассамблеялары, Парламентаралық одақ, Азия парламенттік ассамблеясы, Халықтың қоныстануы және дамуы жөніндегі парламентарийлердің Азиялық форумы, Еуропалық парламент, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Ислам ынтымақтастық ұйымы парламенттік одағы, ТМД ПАА, ШЫҰ сынды ұйымдар бар.