
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Реджеп Тайып Ердуанға Түркия Республикасының Президенті лауазымына сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жіберді.
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Реджеп Ердуанды Түркия Республикасы Президентінің сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады. «Өткен сайлаудағы жеңісіңіз түрік халқының Сіздің мемлекет басшысы лауазымындағы атқарған жұмыстарыңызды жоғары бағалағанын және Сіздің жүргізіп отырған саяси және экономикалық реформаларыңызды, сондай-ақ дамудың айқын стратегиялық бағыттарын шынайы қолдайтынын көрсетті», — делінген жеделхатта.