
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қоғамдық даму министрлігін құрды, деп хабарлайды Today.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) болып аталсын.
2. Министрлікке Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қоғамдық келісім саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері берілсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) жоғарыда көрсетілген мемлекеттік органдардың штат санын қайта бөлуді;
2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:
1-тармақта:
«Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі» деген жол мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі».
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», – делінген Жарлықта.