jasqazaq.kz

Экономистер «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының акцияларын сатып алу тиімді деп есептейді

22 қараша 2018, 14:24

 

Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы IPO-ға шыққанда акциялардың үштен бірін сатып алған. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Қазатомөнеркәсіптің IPO-сын қорытындылағанда хабарлады, деп жазады forbes.kz.

БЖЗҚ бағалы қағаздардың 30% -дан асатын көлемін сатып алды, бұл шамамен 135 млн доллар. Отандық экономистер инвестиция Қордың қаржылық жағдайына оң әсерін тигізеді деп санайды. Мәселен, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мағбат Спанов «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның IPO-ға шығуы барлық қатысушыларға тиімді шешім деп есептейді.

«Қазатомөнеркәсіп әлемдік уран нарығының 37%-дан артығын қамтиды. Қазір компания руда өндірісін 30% -ға дейін қысқартуды жоспарлаған. Менің ойымша, Қазатомөнеркәсіптің IPO-ға шығуы дұрыс, компания ашық болуы тиіс және Қазақстанның экономикасының дамуына үлес қосуы керек», — деді спикер.

Сондай-ақ, М.Спановтың айтуынша, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның акциялары БЖЗҚ үшін тиімді инвестиция болмақ. Бірыңғай зейнетақы қорының барлық инвестициялары сәтті болды деп айту қиын. Мәселен, 2014 жылы зейнетақы қоры Әзірбайжан Халықаралық Банкінің бағалы қағаздарын сатып алды, кейіннен банк банкротқа ұшырады.

«Біз тиесілі сыйақыдан айырылдық, бірақ Әзірбайжан үкіметі қарызды өтеуге міндеттеме алды. Ал қазіргі жағдайда БЖЗҚ үшін пайда болады. «Қазатомөнеркәсіп» — тұрақты, серпінді дамып келе жатқан компания, мемлекеттің меншігіндегі компания, яғни көптеген жылдар бойы кіріс әкелетін болады. БЖЗҚ-ның қарапайым салымшылары үшін бұл маңызды. Егер индустрия қарқынды дамып келе жатса, онда ол белгілі бір табыс әкелетіні анық, бұл салымшыларға да әсер етеді», — деді ол.

Зейнетақы бойынша Enpi.kz платформасының негізін қалаушы Бота Жұманова бұл оймен келіседі. Сарапшының пікірінше, БЖЗҚ «Қазатомөнеркәсіп» секілді ірі компаниялардың акцияларын алу арқылы кірісті арттырады.

«Егер зейнетақы қорындағы ақша қайда жұмсалғанын қарасақ, қордың инвестициялық портелінің үштен бірі банктердің құнды қағаздары мен облигацияларына салынған, қаржы секторындағы тұрақсыздықты ескерсек, бұл инвестицияларды сәтті деп атау қиын. Осы тұрғыдан алғанда, батыс нарығында сұранысқа ие шикізатты өндіретін және өнімін долларға сататын Қазатомөнеркәсіп сияқты квазимемлекеттік компанияның акцияларын сатып алу — зейнетақы қоры үшін өте жақсы инвестиция болмақ», — деді Жұманова.

«Atyrau Invest Partners» инвестициялық компаниясының директоры Арман Батаев уран бағасының қымбаттай түсетініне сүйене отырып, БЖЗҚ инвесторлары жыл соңында-ақ пайда көретінін болжайды.

«Менің пікірімше — бұл өте тиімді инвестиция, әсіресе акциялардың арзан бағамен сатып алынғанын ескерсек. Техникалық және фундаменталды талдау көрсеткендей, қазір атомның бағасы төмен деңгейде және жақын арада айтарлықтай өсуі керек. Менің ойымша, БЖЗҚ үшін акцияларды сатып алу — бұл ақталатын тәуекел. Бұл Қордың салымшылары үшін де пайдалы, біз оны бір-екі жыл ішінде көре аламыз, уран бағалары көтеріліп, БЖЗҚ дивидендтерді ала бастайды», — деді ол.

Өз кезегінде сарапшы-экономист Жарас Ахметов зейнетақы қорының ядролық компания акцияларын сатып алуы таңқаларлық жағдай емес, бәлкім кейінірек БЖЗҚ белгілі бір табыс көреді деп санайды.

«Қазатомөнеркәсіптің акциялары пайда әкеледі, олар уақыт өте қымбаттауы мүмкін. Бұл өз кезегінде акцияны сатып алушыларға табыс көзі болмақ. Зейнетақы жарналарына бағалы қағаздар сатып алып, табыс табу – БЖЗҚ-ның міндеті, және олар дивиденд алу мақсатында ұлттық компания акцияларын сатып алды», — деді экономист.

Сонымен қатар, Financial Freedom қоғамдық қорының директоры Расул Рысмамбетов «Қазатомөнеркәсіп» көмпаниясының биржаға шығуы IPO бастамасын іске асырудағы маңызды қадам деп санайды, бірақ экономист БЖЗҚ-ның көрер пайдасы туралы болжам жасаудан тартынды.

Қазатомөнеркәсіптің акцияларына иелік ету БЖЗҚ үшін сөзсіз табысты инвестиция деп айта алмаймын және бұны тек 2018 жылдың қорытындысы бойынша көреміз», — деді Рысмамбетов.

Еске салайық, «Самұрық-Қазына» АҚ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акцияларының 15% -ын Лондон қор биржасында және АХҚО кеңістігінде орналастырды. IPO барысында 451 млн доллар инвестиция тартылды, оның 64 млн жуығы Астана қор биржасына тиесілі. «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының IPO-сына 49 шетелдік, 16 отандық заңды тұлға, сондай-ақ 2700 қазақстандық азамат қатысты. «Самұрық-Қазына» Қорының басшылығының пікірінше, Лондонда Қазатомөнеркәсіптің акцияларына деген сұраныс ұсыныстан 1,7 есе артық болды. Бұл шетелдік инвесторлардың ядролық компанияға деген қызығушылығын танытады.

Бүгін, 15:48
Үнді дипломаты: Қазақстанның сыртқы саясаты сындарлы әрі теңгерімді ұстаныммен ерекшеленеді
Бүгін, 15:30
Серікбай Жәңгірбаев: Су ресурстарын ұтымды пайдалану – экологиялық қауіпсіздік негізі
Бүгін, 14:22
Есірткіге қарсы ымырасыз күрес тоқтамайды
20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді