
Батыс Қазақстан облысында түйіскен екі жүк көлігі өртеніп, екі адам, 39 жылқы, жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 15 мамыр күні сағат 23.56-да Самара-Шымкент жолының 464-шақырымында Қаратөбе ауданы аумағында болған. Тіркемесіне 40 жылқы тиелген «КамАЗ» және бос келе жатқан Mersedes-Benz Actros (Түркия) жүк көліктері соқтығысып, түгелдей отқа оранды.
https://youtu.be/EtXjMFgE7CI
Соның салдарынан «КамАЗ» жүк көлігінің тіркемесіндегі 39 бас жылқы жанып кеткен. Автокөліктерден өртеніп кеткен екі адамның мәйіті алынды. Бір адам түрлі жарақатпен Сырым аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Қаза тапқан және зардап шеккен адамдардың кім екені анықталып жатыр. Бүгін сағат 04.47-де өрт толықтай ауыздықталды. БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын жеткізді.