
Пандемияға қарамастан, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс оң нәтиже көрсетті. Соңғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша көрші елден тартылған тікелей инвестиция көлемі 360 млн АҚШ долларына жетті. Қытай коронавирусқа қарсы 13 түрлі вакцина жасап, оның бесеуін клиникалық сынақтан өткізді. Вакцинаның бірі алдағы күндері сатылымға шығады. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Жан Сяоның БАҚ өкілдерімен дәстүрлі кездесуінде айтылды. Биылғы кездесу онлайн режимде өтті.
Ынтымақтастық
Ең маңызды байланыс – эпидемияға қарсы іс-қимыл. Қытай коронавирус соққысына бірінші болып ұшырады. Қазақ елі өз кезегінде Қытайға моральдық әрі гуманитарлық көмегін көрсеткен алғашқы елдің бірі. Гуманитарлық көмек ковидпен күресте ең басты күш болды. Індет басталған алғашқы аптада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге хат жолдап, моральдық қолдау көрсетті. Біз бұл достық ықыласты ешқашан ұмытпаймыз. Сондай-ақ Қазақстанда індеттің белгісі пайда бола бастаған кезде Қытай да қол қусырып қарап отырмады. Қазақстанға көмек қолын созған алғашқы мемлекеттердің қатарынан табылды. Ковид екі елдің достығын сынады. Біз ол сынақтан сүрінбей өттік деп үлкен сеніммен айта аламыз. «Нағыз дос қиындықта танылады» деген қанатты сөз де екі елге арнап айтылғандай.
Тауар айналымы мен инвестиция
Қытай елінен тартылған тікелей инвестицияның көлемі 9 айдың көрсеткіші бойынша 360 млн АҚШ долларына жетіпті. Бұл өз кезегінде 80% көрсеткішті құрайды. Ең тиімді байланыс шекара аралық сауда-саттық. Қазан айының көрсеткіші бойынша Қытай – Еуропа бағыты бойынша «Достық-Алашаңқай» бекетінен 4000-ға жуық пойыз өткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға көп. Ал «Қорғас» қақпасы арқылы 2020 жылдың бірінші тоқсанында 4300-ден аса пойыз контейнерлері өтті.

Пандемия экспортқа да, импортқа да кері әсерін тигізгені белгілі. Соған қарамастан, Қазақстаннан өтетін магистраль әлемге керек екенін көрсетті. Қытайдың сыртқы істер министрі Ва Ни бұл магистральға образды түрде «темір керуен» деген атау берді. Бүгінде бұл магистраль көптеген елдер үшін өмір жолы бола білді. «Бір белдеу, бір жол» жобасының арқасында осындай нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізілді. Қазір Қазақстанның транзит әлеуеті ең маңызды рөлге ие.
Вакцина дайын
Пандемия екі елдің бірігуіне ықпал етті. Бүгінде Қытайда жасалған ковидке қарсы вакцина үшінші фазаға жетті. Оның ішінде алғашқы вакцина жақын күндері сатылымға шығады. Бүгінде Қытай вакцинасының тиімділігі 90 пайыздан жоғары.
Өкінішке қарай, пандемия әлі бізбен біраз жыл бірге болады. Менің алдағы жылы атқаратын жұмысымның бірі – Қазақстанда жұмыс істейтін Қытай азаматтарының денсаулығы. Мен олардың індеттен сақтануына бар күшімді саламын. Одан бөлек, екі елдің арасындағы рухани байланысты арттыруға арналған жобаларды жүйелі жүзеге асырамын. Пандемия кезінде бұл жұмыстарды жүзеге асыру қиын болатыны белгілі. Ең бастысы, жұмыс тоқтамайды.
Мәдени байланыс
Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық тек экономикалық байланыспен шектелмейді, білім, ғылым, денсаулық, туризм, мәдениет саласында да жалғасып келеді. Қазақстандықтар тарапынан қытай тілін үйреніп, қытай мәдениетімен танысқысы келетіндердің қатары көбейіп келеді. Коронавирусқа дейін Қытайдың ең үздік жоғары оқу орындарында 15 мыңнан астам қазақстандық студент білім алған. Бұдан бөлек, Қазақстандағы ЖОО-да, Конфуций институтында қытай тілін үйреніп жүрген 2000-ға жуық студент бар.
Сондай-ақ Қытайда қазақ тілі мен мәдениетіне қызығушылық білдіргендер көп. Бүгінде Қытайдың түрлі ЖОО-да Қазақстан туралы 6 орталық жұмыс істейді. Қазақстанда оқитын Қытай студенттері де қысқа мерзімде қазақ тілінде еркін сөйлейтін деңгейге жеткен. Олардың тіл үйренудегі нәтижесі таң қаларлық.
Екі ел арасындағы білім және мәдени іс-шаралар пандемияның алғашқы кезеңінде тоқтағанымен, онлайн режимде түрлі байқаулар өткізілді.
«Қытай тілі көпірі», « Қытай тілін үйренуге арналған онлайн курстар», «Қытай әнін орындау» сияқты байқауларға қатысушылар саны артты.
Байқауға 6 жастағы баладан 70-тегі қарияға дейін қатысты. Барлығы да белсенді. Қазақстандықтар ғана емес, таяу және алыс шетелдіктер де қызығушылық танытады.
Индустрияның дамуы
Қазақстандағы индустрияны дамытуға арналған 55 жоба тұрғындар үшін аса маңызды. Бұл жоба аясында 25 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Бүгінде 4 млрд долларға арналған 16 жоба іске қосылды. Соның бірі – Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы 100 МВт қуаты бар жел электр стансасы. Ол үстіміздегі жылдың қыркүйек айында іске қосылды. Маусым айында Алматы облысында 50 МВт күн электр стансасы жұмысын бастады. Атырау облысында газ-химиялық өңдеу зауыты келесі жылы іске қосылады. Қазір зауыт құрылысы 70 пайызға аяқталды. Қызылорда облысындағы шыны зауыты да келесі жылға дайын тұр.
Түйін
Коронавируспен күресте Қытай тәжірибесінің құпиясын сұрағанымызда Жан Сяо оның қарапайым жолдарын тілге тиек етті: «Біздің елде ең басты қағида індеттің таралуын қалайда шектеу болды. Сондықтан тұрғындарға қиын болса да, індет ошағы саналған Ухан қаласын жабу туралы шешім қабылдадық. Ең бастысы, бетперде режимі толық сақталды. Тұрғындардың да өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы маңызды».
Мақпал Ноғайбаева