«Егемен» – өмірім, Шераға – ұстазым!

02 қараша 2022, 14:39


Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай жарияланған «Ақиқаттың ақ туы» атты республикалық мәртебелі байқауға Шерағаның көзін көрген, қасында жүрген, тәрбиесін алған қазақтың бар игі жақсылары бір кісідей белсеніп қатысты. Арнайы құрылған комиссия бәсеке қорытындысында «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер журналисі, қарымды қаламгер Гүлзейнеп Сәдірқызын (Әбдірахманова) бірауыздан байқаудың Бас жүлдесіне лайық деп тапты. Төменде байқау жеңімпазы – Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері, Қазақстан Журналистер Одағыны сыйлығының бірнеше дүркін иегері, ҚР Ақпарат саласының үздігі Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫМЕН болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

–Әріптестер арасында Гүлзейнеп Сәдірқызы «Айды аспанға шығарып Шерағамның 90 жылдығында Бас жүлдені жеңіп алды» деген дүрілдеген әңгіменің арыны әлі күнге дейін басылмай тұр. Тектен-тек емес шығар, біз мұны қалам ұстаған қауымның өзіңізге деген шынайы құрметі мен шын ықыласы деп ойлаймыз. Тағы да… құтты болсын айтамыз!

–Рахмет. Көп құттықтаулар, мадақтаулар естідім, естіп те жатырмын… «Ана тілінің» бас редакторы белгілі қаламгер Қали Сәрсенбайдың бас бәйгеге қатысты Шерағамның туған жері Жуалыда маған арнап айтқан «Бүгін расында да ақиқаттың ақ туы көтерілді. Шерағаңның аты аталған жерде тек шындық жүруі керек қой. Шіркін, Шерағаңның рухы» деген сөзі ұнады. Расында да, шындық атаулының алмас қылышындай жарқылдаған Шерхан Мұртазаның атындағы бәйгеге – Ұлы дүрмекке қосылғандағы бар ойым, Ұлы суреткердің, ұлағаты ұлан-ғайыр ұстазымыздың рухын көтеруге арналған игі шарадан шет қалмай, ілтипатпен үлес қосу ғана болатын. Әйтеуір көптің қатарында атымыз аталса деген ниет еді.

– Өзіңіз ширек ғасырға жуық еңбек еткен, сансыз мақала жазған «Егемен Қазақстан» газетінде «Бас жүлде иегері – Гүлзейнеп Сәдірқызы» деп тақырыбын «айқайлатып» қойған өзіңіз туралы жазылған мақаланы қалай қабылдадыңыз?!

–Өмір бойы автор болған газеттің өзің туралы, Ұлы ұстаздың атындағы марапатты иеленгенің туралы жазғаны жаныңа шынында шуақ ұялатады екен. Біздер журналистиканың кәдімгі жалаңтөс жауынгерлеріміз ғой. Таңдаған немесе тапсырма берілген тақырыпты, кейіпкерің туралы жазу бір басқа да, сол алтын ұяңның, осынша жыл арқаңда сүйеу болып тұрған газетіңнің, сен туралы, сенің жеңісіңді лайық деп жарқыратып жазуы толқытады. «Егеменнің» мәртебесі мен Шерағаңның рухын өз басым бөле жарып қарамаймын. Оның сыры тереңде. Өте танымал бір ағамыз сол тойда маған алая көз тастап, мені танымайтынын аңғартып, мысалы, «Мені күллі қазақ біледі, сен кімсің, қайдан шыққансың?» дегенді астарламай ашық жеткізді. Қатты ыңғайсызданып қалдым. «Мен «Егемен Қазақстанның» бұрынғы тілшісімін, Шерағаңның шәкірттерінің бірімін» дедім. Әлгі кісі сабасына түскен сыңайлы. Шіркін, «Егеменнің», Шерағамның мысы-ай десеңізші, әйтпесе, мен кіммін, әлгі ағамыз таптап кетуге әзір тұр. Енді бірі «Бас жүлдені қалай алдың…» деуден де тайынбады. «Соны ойланыңыз… жасым келген адаммын…» дедім. Сонда қалай бас жүлдені өздерінен басқалар алмауы керек пе… Түсінбедім…

–Қарақыздың «Егемен Қазақстанда» қара қылды қақ жарып, ақиқаттың жаршысы болғанын білмейтін болды ғой ол ағамыз. Ал жарайды, білмейтіндерге білдірейік, жалпы сіз «Егемен Қазақстанға» қалай келдіңіз, әңгімені содан бастайықшы?!

–Осы киелі шаңырақта табан аудармай 45 жылдан астам қызмет етіпппін. «Социалистік Қазақстанға» тарыдай болып кіріп ем, «Егемен Қазақстаннан» таудай боп… зейнет демалысына шықтым дейтінім бар. Иә, ол кезде атынан ат үркетін республикамыздың бас басылымына қаршадай кезімде қалай, қайтіп қызметке тұрдым?! Керек десеңіз, туған ауылым Ақтеректен мектеп бітіріп Алматыға шыққандағы бар ойым – экономист-қаржыгер болу еді. Байқауда балым жетпеді. Бір жылды құр өткізгенше деп стенографистер училищесіне түстім. Үздік бітірдім. Оқуды тәмамдаған 30 қыздың ішінде үш қана қыз нағыз стенографистка деген атақ алдық та, қалғандары машинка басумен шектелді. Ол кезде бүгінгідей журналистердің қолында диктофон жоқ. Барлық жиналыс, сьезд, талқылауларды стенографист мамандар ғана хаттайтын. Қазақ радиосының «Шалқар» редакциясына жолдамамен келіп, іске қызу кірісіп кеттім. Бірде «Социалистік Қазақстан» Талғарда өткен сот процесін стенографиялап беруімді өтінді. Тап-тұйнақтай етіп жасаған қызметім қатты ұнағаны ғой, сол кездегі газет редакторы белгілі қаламгер Сапар Байжанов газетке мамандығым бойынша ойланбастан қабылдады. Сөйтсем, жастары жетпістен асқан редакциядағы қос апама «орнын басар» керек боп тұрған сәт екен. Қазақ стенографиясының негізін салған Данабике Байқадамова мен әйгілі мемлекет қайраткері Ораз Исаевтың келіні Мәриям Исаеваның кәсіби-шеберлік тәрбиесін көріп үлгердім. Газеттің әр облыстағы тілшілерінің телефонмен айтқан жедел түрдегі мақалаларын қабылдаумен ғана шектелмей, Данаш апай екеуміз Жазушылар Одағындағы жыл қорытынды-ларының есебін, театр қоғамдарындағы талқылауларды, өзге де республика-лық маңызды жиналыстарды ақ параққа жылдам түсіріп, былайша айтқанда, стенографияға әбдан төселіп алдым. Араға бір жыл салып, редакция екі апайды бір күнде зейнет демалысына шығарды, бар жауапкершілік енді менің мойнымда артылды.

–Күнделікті шығатын республикадағы бас басылымның стенографисіне тілшілік жазу-сызуға сіңісу оңай бола қоймасы анық. Уақыт тапшылығын қалай жеңіп жүргенсіз?..

–Кішкентайымнан әдебиетке құмарлығым бір төбе, қан майданда көп қиындық көрген соғыс ардагері әкем жарықтық өте сауатты кісі болатын, аудандық газеттен бастап, еліміздегі барлық газет-журналға бір айлығын төлесе де әрдайым бірін қалдырмай жазылып тұратын. Ол басылымдарды біздер «кеміріп» оқыдық. Осының барлығы менің шығармашылық ортаға тез бой үйретуіме септігін тигізді. Талпынып, ізденіп мақала жаза бастадым. Өзіміздің ҚазМУ-дің журналистика факультетін сырттай оқып бітіріп те алдым. Ара-тұра әңгіме жазуға уақыт таптым… Газеттегі екінші редакторым Балғабек Қыдырбекұлы, ол кезде бірінші орынбасар қызметінде еді, менің журналистік талабымды байқап қалды да бірде өзіне шақырды. «Қарағым, жазғандарыңды оқып жүрміз, жап-жақсы дүниелер, өкініштісі… сені бөлімге қызметке ала алмаймыз. Тілші табылар, бірақ, сендей стенографист маман таба алмаймыз. Дегенмен саған да обал жасамайық, «стенографистка-журналистка» деген куәлік берейік, тиісті орындардан дерек алғаныңа жеңіл болсын. Жазуыңды да тоқтатпа» деді. Қызметте қатал өте кірпияз әрі төңірегендегі қызметкерлеріне өте әділ қараған Балғабек аға – газеттегі екінші редакторым, жарықтық әкем дүние салғанда үшінші редакторым Шерхан аға екеуі үйге көңіл айтып келді. Сондағы Балғабек ағаның айтқаны есімде қалыпты: «Гүлзейнеп, айналайын, саған обал жасаппын… Шерхан менің қателігімді түзеді… Жазғандарыңды оқып жүрмін, өте жақсы бағалаймын, мақалаларыңа неге Әбдірахманова емес «Сәдірқызы» деп қол қойып жүрсің. Оқырмандарыңды жоғалтасың ғой» деді. Шын журналистік, редакторлық жанашырлық танытып тұрған Балғабек ағам сұңғыла кісі, бәрін сырттай бақылап, қадағалап жүретін болғаны ғой! Мұндай бағаға қатты қуандым, толқыдым. «Әкем соғыстың зардабын көп тартқан адам, сондықтан көзі тірісінде атының жарияланып жүргенін көрсінші деген ниетім еді, аға» дедім.

–Ал, ендеше, міне… үшінші ақиық редакторыңыздың ауылына да ат басын тірелік, сіздің басылымдағы «жасындай жарқылдайтын» кезіңіз де осы тұс қой, қателеспесем…

–Сең сол үшінші редактордың келуімен бұзылды ғой… Ой-хой, мен ғана дейсіз бе, сол жылдары қаншама қазақтың мықты журналистері осы газеттен түлеп шықты, қуаты төңкеріс жасайтын уытты қаншама мақалалар дүниеге келді. Қоғам, сана өзгеріп жатқан. Газетіміз тарихи құбылыстың қозғаушы күшіне айналды. Қаншама қоғамдық, мемлекеттік институттар айлап-жылдап шешетін ұлттық мүддені, көкейтесті мәселелерді бір ғана «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы – оның қайсар редакторы қысқа мерзім ішінде төңкеріп, шешіп тастап жатты. Халықтың аузында «Егемен» мен «Шерхан, Шераға…» жүрді. Бәрі есте, бәрі көз алдымызда. Бүгінігі «Шерағаңның шекпенінен шыққандармыз» дейтін бір буын дәл сол жылдары қанат қаққандар.

Қызметкерлерін тың тақырыптар, күйіп тұрған проблемалар жазуға үндеп, «тірі дүниелер… тірі дүниелер әкеліңдер» деп отыратын еді, жарықтық, редакторлардың редакторы атанған Шерағамыз. Көп ұзамай-ақ газет басқа реңк ала бастады. «СҚ-ның» сірескен сеңін бұзып: «Сендер жазуын жазып, айтуын айтсаңдар, баспасам маған серт» деп, жоғары жаққа жалтақтамай, «Үлкен үймен» ақылдаспай небір өткір проблемалық мақала, фельетондарды басып, Орталық Комитетке шақырса өзі барып, мақаланы да, авторды да қорғап шығатын.

–Журналисті танытатын оның жазғаны ғой, сіз бен біз бұл қағиданы жақсы білеміз. Талабы да талғамы да зор қаламгердің назарына сіз қалай іліктіңіз? Ол кезде бұрынғы әрі партияның, әрі мемлекеттің бірінші үн қағазына айналған бас газетімізге қыз балаларды техникалық қызметке қабылдамаса тілшілікке алудың қиындықтары болғаны басы ашық жайт еді ғой ?!

–Менің ең алғашқы «Әйел жаны» атты әңгімем «Қазақ әдебиеті» газетіне Шерхан Мұртаза сонда редактор болып тұрған кезде басылды. Кейін біздің газетке редактор болып келгенде бұған дейін жүзбе-жүз кездеспеген ағамыз кезінде әңгімемді жылы қабылдаса керек, «Е, сол әңгімені жазған сен бала екенсің ғой» деп, бір қабағын керіп тұрып айтқаны бар. Көп ұзамай Шерағаң өзі жақсы көретін, ақ мылтық жауынгер журналист Қайнар Олжайды шақырып: «Осында істейтін ана Гүлзейнептің әйел туралы жазған жақсы бір әңгімесін білемін. Сол балаға әйел тақырыбына қатысты тапсырма беріп көрші» деген ғой. Өзім үшінші перзентімді ауыр босанып, перзентханадағы сорақы жағдайды басымнан өткізіп, жұмысқа жаңа ғана шыққан кезім. «Перзентхана пердесі… талай сырды бүркеп тұр…» деген сериялы мақалам газеттің үш номеріне басылды. Шерағаң сосын Қайнарға: «Енді шопан әйелінің проблемасын көтеріп көрсінші» деп сәлем айтыпты. Ауылда өскен, әрі қойшының келіні болғандықтан, шопан әйелінің бейнетін жақсы білемін, «Айдалада ақ отау…», сосын көп балалы аналар туралы «Аты ғана ардақты ма?» деген көлемді проблемалық мақалаларым жарық көрді. Енді тағы бір тапсырма бергісі келіп шақырғанда Қайнар: «Шераға, қызықсыз, ол кісі техникалық қызметкер, тапсырма беруге құқымыз жоқ, одан да хат бөліміне тілші етіп алып, жұмсай берейік те» дейді. «Е, мұның жөн екен, бұл балаға обал жасамайық» деп, сөзге келмей мені бөлімге алды. Шерағаң мені әбден сынап, өз елегінен өткізіп, жарау аттай дайындап барып, әдеби қызметкер етіп алғанына арада отыз жыл өтсе, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Егемен Қазақстанның» бір ғасырлық жылнамасында жарты ғасырға жуық шежіресіне тікелей куә болғаным, оған хал-қадерімше үлесімді қосуым – әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін мүмкіндік, бақ деп білемін. Ал бүгінде өзімнің қазақ руханиятының әдебиеті мен журналистика-сының тарланы, алаштың асқақ азаматы, қаламгерлікті де, қайраткерлікті де, күрескерлікті де төрт тағандап, қатар алып жүрген Шерағаңның шекпенінен шыққандар қатарынан болғанымды мен де ардақ тұтып, мақтанамын.
Міне, қыз-келіншектерге «жатырқаңқырап» қарайтын үлкен газетке журналист болып келуімнің осындай тарихы бар.

–Осы орайда «Егемен Қазақтанның» күллі ұжымы – бұрынғы, кейінгі буыны осы күнге дейін әсте аузынан тастамайтын сізге қатысты «қызыл шапан» туралы естелікті жаңғыртудың орай кеп тұр, қалай қарайсыз?

– Иә, иә… ол да бір қызық дәурен, ұмытылмас күндер! «Егеменнің» ерекше дүрілдеп тұрған кезі! Бірде газетте бас редактордың орынбасары, белгілі қаламгер марқұм Сабыржан Шүкірдің «Кіші октябрь» деген атақты сын мақаласы жарық көрді. Онда Шелек ауданы Сарыбұлақ совхозының директоры заңсыз қызметінен алғандығы жөнінде айтылып, автор өз кейіпкерін ақтап шығады. Мақала Орталық Комитетте қаралып, совхоз директоры қайта қызметіне кіріседі. Міне, сол совхоз басшысы «СҚ»-ға рахметі ретінде бүкіл ұжымды ауылға шақырып, оқырмандармен кездесу ұйымдастырып, артынша өзеннің үстіне тақтай төсетіп, үлкен дастархан жайып, күтті. Кездесуге тек шығармашылық топ бармақ. Сабыржан ағай маған келіп: «Қарақыз, кездесуге сен де жүр. Шерағаңа әлі үйренісе алмай жатырмыз… Ұжым Шерағаңмен алғаш рет кездесуге бара жатыр. Оқырмандарға домбырамен ән салып берсең… – деп қолқа салды. Өзім де үшінші перзентімді дүниеге әкеліп, декреттік демалыстан жаңа шығып, ұжымды сағынып келген кезім, келісе кеттім.
Былайша айтқанда, алыстағы бір ауылда оқырмандармен кездесу өткен сол дастархан басында «Шерағаңмен кездесу… ұжымның бас редакторымен алғаш рет жақын жүздесуі» дейікші… басталды. Жұрт тым-тырыс. Төрде Шерағаң мен Шелек ауданы дөкей басшыларының бірі отыр. Анда-санда ғана Шерағаң фото тілші Сиез Бәсібеков ағайды «Бұл Сырым Датұлының ұрпағы…» деп сөзге тартып қояды. Әншейінде отырыстарда әзіл-қалжыңның майын тамызатын ағайлар момақан. Шерағаңның мысы-ай… Әнші Нұрлан Өнербаев арасында гитарамен ән салып қояды. Содан бір кезде Шерағаммен қатар отырған аудандық атқару комитеті төрағасының алдына ыстық шай құйылып кетпесі бар ма. Төраға өте ыңғайсыз жағдайда. Ешкім «ләм-мим» демейді.
Мен өзі мінезім ашық, әзіл-қалжың жаныма жақын болғандықтан, ешкімді жатырқамай еркіндеу сөйлейтінім бар. Кейде осы мінезімнің пайдасы болса, кейде артық кетіп қалдым ба деп өзімді жек көретін кездерім де жоқ емес. Дастархан басында өлі тыныштық. Мына үнсіздікке шыдамай, не болса ол болсын дедім де: «Ау, төраға, күйіп қалған жоқ па? Аман ба? Болмаса ертең «СҚ»-ны айыптап жүрерсіз», – дегенім сол екен, әзер тығылып отырған жұрт ду күлсін. Шерағаңның еркелей күлетін күлкісі бар екен, тоқтамай күліп жатыр. Содан әңгімені іліп алып, аттың басын жіберейін. Бір кезде Шерағаң: «Волчица! Мына бала қасқыр ғой…» деп сұқ саусағымен асқан ризалықпен мені нұсқады. Одан әрі еркінсіп, арасында домбырамен де, гитарамен де ән салып қоямын. Отырыс қызып, емен-жарқын әңгіме кетті. Шерағаң татарша ән айтып, бір есте қаларлықтай әдемі кеш болды.

Қайтып келеміз. Гу-гу әңгіме. Көңілдіміз. Жолға сарқыт алғанбыз. Арамызда сол ауданның қызы, тілші, марқұм Сәуле Ілімтонова: «Жігіттер, осы күре жолдың бойында Бүркіттің ескерткіші қойылған суағарға тоқтап, бір демалып алсақ» деген. Межелі жерге жетіп, жігіттер сарқытқа бас қойғанда, су алуға алаңқайға шықсақ, Шерағаңның көлігі тұр. Бұрынғыдай емес жігіттеріміз де батылданып алған, Шерағаңды қаумалап ортаға алып, тұра-тұра қалды. Шерағам жүргізушісіне «шапанды әкелші» деді. Жүргізуші жүгіріп барып әкеле қойды. Сосын жайлап: «Ал жігіттер, бүгінгі кездесу де, отырыс та жақсы өтті. Қызым, бүгін сізге өте риза болдым. Баяғыда Нарынқолдан бір топ жазушылар келе жатып, осы Бүркіттің басында Ғабең – Ғабит Мүсірепов үлкен шарадан киіп келе жатқан шапанын, «осы қарабалаға кигізсем» деп, иығыма жапқан еді. Бүгін мен сол дәстүрді жалғастырып, шапанымды қарақызға жапсам деймін. Айтыңдаршы, бүгін осы қызымыз отырысты гүлдендіріп жіберді емес пе» деп иығыма қызыл шапанын жапты.

–Расында да ғажап естелік… Көзі қарақты қауым, оның ішінде қаламдас-әріптестеріңіз сонау 1991 жылғы Тәуелсіздіктің елең-алаңында сіздің Ленинград шаһарына барып Ұлы ақын Жамбыл мен батыр қызымыз Әлия Молдағұлова туралы «Ту ету мен тұл ету» атты жазған сериялы мақалаңыздың дүмпуін осы күнге дейін ұмытқан жоқ. Бүгінгідей қуанышта, ол туралы біреу білер, біреу білмес әрі әңгіме журналистің жазбалары жөнінде болғандықтан да сол бір қызықты оқиғаны еске алғанымыз орынды болар деймін?!

–1991 жылы Кеңес одағы ыдырап, социалистік реализм өзгеріп, республикалар тәуелсіздік ала бастаған тұста тарихи тұлғалар туралы әрқилы пікір алуандығы орын ала түсті, өзіңіз білесіз. Осы арада Санкт-Петербургтегі Жамбыл атындағы көшенің атын өзгерту керек деген белгілі бір топтың елді дүрліктірген келеңсіз пікірлері туралы Қазақ радиосының кезекті хабарынан естіп қалдым да, редакцияға жеткізгенім сол, Шерағам қолыма жолкіремді ұстатып, іс-сапарға аттандырды да жіберді. Бөлім бастығым белгілі журналист Рысбек аға Сәрсенбайұлы Жамбыл бабамыз жатқан жерден «қандай заман болады, шүбірекке бір уыс топырақ түйіп алуымды» өтінді. Сол топырақты өмірде көрмеген жат қалада кезінде соғыста «Ленинградтық өрендерім» атты уытты жыры елге қорғаныс-қалқан болған Жамбыл атам атындағы көше бойындағы гүлзарда өсіп тұрған жас талдың түбіне салып тұрып, әруақтардан ендігі бейберекетсіздіктен атамызды қорғауды ниет еттім, сұрадым. Сонадай жерде соғысты көрген, Жамбыл атамыздың қоршаудағы халықтың рухын көтерген өлеңін тыңдаған кейуаналар менің әрекетімді бақылап отырыпты. Келді. «Көшенің атын өзгертейін деп жатыр екенсіздер, Қазақстанннан сол үшін келдім» деп ем, «Мүмкін емес, ондай бассыздыққа жол бермейміз! Сонда Санкт-Петербург блокадасы дейміз бе?» деп өре түрегелді. Ашулы аналардың сөздерін жазып алдым. Содан салып ұрып, Ленинград қалалық атқару комитеті жанындағы көшелер атауы жөніндегі комиссияға келсем Г.Ю.Никитенко деген: «Егер Ленинград қаласының аты өзгеріп жатса, Жамбыл көшесінің аты өз-өзінен алынып қалады. Ал 1978 жылдан берілген Ә.Молдағұлова атындағы көшені міндетті түрде өзгертеміз. Себебі, біздер осы есімді айтқанда да, жазғанда да қатты қиналамыз. Ол қызға ілінген тақта да жеткілікті. Ал Жамбыл көшесінің алыну-алынбауы туралы бұрынырақта сөз болғаны рас. Біздің әдебиетшілер «өлең аударма, оны кімнің жазғаны белгісіз» дегенді айтуда» деп сайрап тұр. Шамам келгенше айтысып, осы көшеге иелік жасайтын аудандық атқару комитетінде болып, жағдайды айттым. Қарақыздың Қазақстанға құр қайтпайтынын сезді ғой деймін, ондағылар да жергілікті халықпен бірге екенін айтып, шат-шәлекейі шықты. Бұл менің бірінші жеңісті қадамым еді.

Осы екпінмен Әлия оқыған Ә.Молдағұлова атындағы №140 орта мектепке барайын. Мұражай болған сыныпқа кіргенімізде оқушылар мұрны тесіліп, аузы ойылған, беті сызылған Батыр әпкеміздің бюстіне кезек-кезек секіріп мініп, тайраңдап жүр. Музейдің бүкіл заттарын радиорубкаға тығып тастаған. Директордың теріс әрекеттерін айтып, Ленинград қалалық атқару комитеті жанындағы Музей мен көркемсурет өнері басқармасының бастығы Б.И.Назарцев дегенге кіріп, өзім куә болған сорақы жағдайды жеткіздім. Көзі атыздай болды. Ақталып әлек. Бұл – екінші жеңісті қадамым еді. Қысқасы «Егемен Қазақстанда» 1991 жылы 30 тамызда жарияланған «Ту ету мен тұл ету» атты сериялы мақалам елімізде де, Ресейде де үлкен қоғамдық пікір туғызды. Көп ұзамай құрамында Красногвардейск аудандық мәдениет комитетінің төрайымы, сол ауданның халыққа білім беру комитетінің төрағасы бар арнайы делегация Алматыға келіп, екі мәселе де шешілді. Бүгінде «Бұл тұйық көше – Ұлы Отан соғысы жылдарында ленинградтықтардың ерлігін жырлаған қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың құрметіне аталған» деген тақта ілініп, өзіміз көрген гүлзарда Жамбыл бабамыздың ескерткіші тұр.

–Әрине керемет, мына ісіңіз ерлікке бара-пар… Ұрпақ үшін ұран! Менің таңғалып отырғаным – барлық тілшілік істеріңіз айбынды Шерағамның ақиқат жолындағы редакторлық күресімен сондай бір жарасымды үйлесіп тұрғандығы!

–Айтпаңыз, ақыры бастап қалдық, одан кейінгі жылдары 21 жасар бейкүнә қыздың қазасына орай «Соқтасы солқылдаған сыздауық» атты сын мақалам Денсаулық сақтау министрлігін тәубесіне түсірген. Мақтанды демеңіз… Қандастарымыздың проблемасы туралы «Көш керуен кері бұрылып кетпесе екен…» деген мақаламның негізінде Парламентте депутат Әкім Ысқақтың белсенділігімен тұңғыш рет қазақ тілінде балама заң мәтіні хатталды. «Мәншүк неге екі рет жерленді?» деген мақаламмен таныссыз ба? Неге екі рет жерленді, а? Айналып келгенде осының бәрі-бәрі даңқты Шерағамның редакторлық мектебінің арқасы! Сондай мектепті бітірген біздер қандай бақытты едік! Алла-тағалам қазақ журналистикасындағы жаңа буын ішінен Шерағамдай тұлғаны көруге жазса екен деп тілеймін…

–Соңғы бір сауал, журналистің қолынан қаламы түспейтіні ақиқат… Дей тұрғанмен дәл қазір немен шұғылданып жүрсіз, қай бағытта қалам тербеп, не жазып жүрсіз дегендей?

–Әйел журналистің қай кезде қолы бос болған дейсіз? Жас кезімізде бала-шағаның, отағасының тамағын тойдырып, одан соң ыдыс-аяқты жуып болған соң, түн ауғанша сол ас үйде жайланып отырып алып, ертеңгі нөмірге салынатын мақаламызды жазушы едік… Қазір қолымыз ұзарған секілді, бірақ, тіршіліктің қолбайлауы шаш-етектен. Немерелерге еміренесің… Әңгіме жазып жүрмін! Шерағамның мектебінен өткен шәкірттері деген атымыз бар. Ұстаз атына кір келтірмеуге құлықтымыз. Қолым қалт еткенде үйдің маңындағы Есентай өзенін жағалып, Алатауды бетке алып серуендеймін. Есіме Америка түседі… «Егеменнің» арқасында Нью-Йоркте болдым. Бродвейді шарладым. Манхеттеннен көлбей созылған желі Бронксқа дейін жалғасып жатыр. Аңызда бір заманда осы соқпақпен үндіс тайпасының жігіттері суатқа мал айдаған дейді. Осы жолда жаныңа не керекті табасың. Есентай өзенін жағалап тауға қарай бір заманда біздің аталарымыз да үндістер секілді мал айдағаны ақиқат. Ұқсастықты айтамын. Әңгімеге желі ме, желі… Сол Есентайдың бойымен жарты шақырым жүрсең, табиғаттың тамылжып тұрғанын қиып, үйіңе қайтқың келеді. Өйткені, бұл аумақта жол ұзын, бірақ, ұлы сөзде ұят жоқ, дәретхана таппайсың. Әңгімені қойып, газетке қанын сорғалатып, әкімдіктің жанына тигізіп мақала жазғың кеп кетеді. Сабама түсем. Біз кезінде өз миссиямызды адал орындадық. Енді бізден кейінгі ұрпақ қалғымай жүруі керек емес пе?! Қазір жұрттың бәрі «журналист-блогер», солар не тындырып жүр, әлде осындай тамаша өзен жағасына демалуға келмей ме, келсе, көрмей ме деп те таңырқаймын…

–Гүлзейнеп Сәдірқызы, салихалы әңгімеңіз үшін үлкен рахмет, жазарыңыз көбейсін!

Талғат СҮЙІНБАЙ,
Алматы
Р.S.: Сұхбат дайындалып жатқанда белгілі қаламгер-журналист Гүлзейнеп Сәдірқызына Алматы облысы Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді деген жағымды хабар жетті.

18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды