
Мамыр мерекесі қарсаңында еліміздің кей өңірінде ауа райы күрт суытты. Көктемнің шуақты күндері жаңбыр соңы қарға ұласып жолдардағы көктайғақ көліктіні де,жаяуды да әбігерге салып жатыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Бұл Қарағанды облысы. Дүлей дауылдың күштілігі сонша, алып ағашты түп тамырымен қопарып тастаған. Сондай-ақ, бірнеше көпқабатты үйдің шатырын ұшырып жіберді. Таңертеңнен бері алай-дүлей соққан жел әлі де басылар емес. Елордада да жаңбыр жауып, соңы қарға ұласты. Табиғаттың тосын мінезі ағаштар енді бүр жарып, жер көктей бастағанда көкшетаулықтарды да таң қалдырды. Түнімен жауған ұлпа қар жер бетін тегіс көмкеріп тастады. Бір түнде жерге 7 миллиметрге дейін қар түскен. Бұл жарты айлық меже екен. Синоптиктерге сенсек, күн райы жақын арада жылы қабақ танытпайтын сыңайлы.
Даниэль Жұмажанов, «Казгидромет»РМК Ақмола облысы бойынша филиалының бөлім басшысы:
— Фронттардың артынан жылжып келе жатқан Скандинавияның солтүстігінде қалыптасқан суық антициклон кезекті суытуды тудырады. Сондықтан алдағы 3 тәулікте ауа температурасы түнде 0-5, кей жерлерде 10 градус аязға дейін,күндіз 2-7, кей жерлерде 10 градус жылыға дейін күтіледі.