
Ақмола облысы Щучинск қаласында ер адам сауда үйінде кезекте тұрған жасөспірімді соққының астына алды, – деп хабарлайды Stan.kz.
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жарақат алған жасөспірімнің әкесі ұлын соққан ер адамның үстінен полицияға арыз жазды. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, жанжал күдікті ер адам дүкеннің кассасында сатып алу үшін төлем жасамақ болған кезде болған.
“Щучинск қаласының 17 жастағы тұрғыны ер адамның кезекке тұруын сұраған. Ауызша қақтығыс кезінде 30 жастағы жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған баланы дүкеннің фойесіне алып шығып, оған дене жарақатын салған”, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұл бапта екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе алты жүз сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейін бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалу көзделген.