
Донецк және Луганск халық республикаларын мойындау мәселесі бойынша Қазақстан әзірге ресми шешім қабылдаған жоқ. Бұл туралы сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеді. Украинаның шығысындағы жағдай бүгін Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысында да талқыланды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-саяси және санкциялық текетірестердің салдарынан ушығуы мүмкін халықаралық ахуалға шұғыл әрекет ету үшін дағдарысқа қарсы жедел шаралар жоспарын қабылдау қажет екенін алға тартты. Мемлекет басшысы ықтимал экономикалық қауіп пен өзге де қатерлердің алдын алу жөнінде Үкіметке бірқатар нақты тапсырма берді. Негізінен, Қазақстан билігі мүдделі тараптарды күш қолдануға бармай, мәселені дипломатиялық жолмен шешуге шақырады. Қазіргі уақытта Украинаның шығысындағы жағдай күн сайын емес, сағат сайын ушығуда. Сол жақтағы отандастарды көшіру мүмкіндігі туралы да сыртқы істер министрі сөз қозғады. Соғыс бастала қалса, жерлестеріміз Киевтегі еліміздің елшілігіне дереу хабарласуы керек. Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның бұл қақтығысқа араласпайтынын айтады. Бұған ешқандай себеп жоқ. Тіпті Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында да Донбассқа әскер жібере алмаймыз. Өйткені Донецк пен Луганск халық республикалары ұйымға мүше елдердің территориясы емес. Сыртқы істер министрлігі Қазақстан бұл жағдайда бейтараптық ұстанатынын жеткізді.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Сыртқы істер министрі:
— Біз халықаралық құқық негіздеріне және БҰҰ жарғысының негізгі қағидаттарына сүйенеміз. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы бар. Қазақстан оған мүше мемлекет. Бірақ бұл Ұйымнан ол жаққа әскер жіберуге құқығы жоқ.