
Домбыра – көнеден келе жатқан асыл мұрамыз. Ол ғасырлар бойы халқымыздың қуанышы мен қайғы-қасіретін тең бөлісіп, тарихтағы ауыр кезеңдерінде сүйеніш болды. Ата-бабамыз домбыраны ағаштан ойып жасап, үкі тағып, төрге ілген. Халық ақыны Кенен Әзірбаев:
Домбырам, қайда барсам тастамаймын,
Әнменен сенсіз өлең бастамаймын.
Екі шек, он бір перне, бір тиекпен
Сайрасам қызыл тілмен аспандаймын… – деп жырлаған.
Ал академик Ахмет Жұбанов: «Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды, жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ой, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі», деп домбыраға ерекше сипаттама беріп кеткен.
«Алатау» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетуде
Елбасы Н. Ә. Назарбаев қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында «Ұлттық домбыра күні туралы» жарлыққа қол қойды. Елбасы Қазақстан халқын осы айтулы мерекемен құттықтай келе, келесідей лебізін білдірді: «Тыңдаушысын жігерлендіретін төкпе күйлер мен сыршыл шертпе күйлер қазақтың табиғатын танытады. Күміс көмей әншілеріміз домбыраны қолға алып, сайын даланы жаңғыртып, әуелетіп ән салған. Қастерлі аспап бүгінде симфония мен операға әр беріп, классикалық өнердің
ажырамас бөлшегіне айналып келеді. Ол – қазақтың бренді мен паспорты, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбеті».
Президент Қаулысына орай, 2018 жылдың 1 шілдесінде Алматы қаласындағы Панфилов, Жібек жолы көшелерінің бойында және Ықылас атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар мұражайы маңында домбыраға байланысты мерекелік іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, көрермендерге домбыра жасау, домбыра тартуды үйрету шеберлік сыныптары жүргізілді. Сондай-ақ, іс-шара барысында ұлттық қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі және дәстүрлі музыка орындаушыларыларының фотокөрмесі өтті. 5 жастан 75 жасқа дейінгі 500 домбырашы сахнада Құрманғазының «Балбырауын», «Адай» және Н. Тілендиевтің «Ата толғауын» бірге орындады.
Аталмыш іс-шараға «Алатау» дәстүрлі өнер театрының» ұжымы да белсене араласты. Жібек жолы көшесінің бойына жиналған қауым Театр өнерпаздары орындаған Молдабайдың әні «Молдабайды», Қапездің әні «Үш Меркіні», халық әні «Сары бидайды» тыңдап, Шәмшінің әндерін қосыла шырқады. С. Қалиев, Р. Қайыртайұлы, Ш. Сезімхан бастаған бір топ айтыскер ақындарымыз «Ұлттық домбыра күніне» арналған арнауларын тарту етті.
Ұлттық құндылығымызды насихаттауға бағытталған осындай игі іс-шараның ойдағыдай өтуіне «Алатау» дәстүрлі өнер театрының» директоры
Берік Жүсіпов те атсалысып, шара соңына дейін Театр артистерімен бірге болып, оларға қолдау көрсетті.
Сонымен қатар, мерекенің қызықты өтуі үшін Театрымыздың «Алатау» фольклорлық-этнографиялық ансамблі әртүрлі музыкалық шығармалардан үзінді орындап, дұрыс жауабын тапқан көрермендерге Мемлекеттік қуыршақ театрына, Алматы хайуанаттар бағына тегін кіру билеттерін және сыйлықтар табыс етті.
Мерекеге қатысушылар Серік Қалиев, Жүрсін Ерман және Тимур Болсынбек
«Ұлттық домбыра күні» мерекесі ұлттық аспабымызды дәріптеп, мәдени ұлттық бірлікті нығайтады. Сондай-ақ, домбыраның дәрежесін биік-тетіп, өнеріміздің, музыкамыздың заманауи, жаңашыл, жалпыұлттық сипатын қалыптастырады. Уақыт үні, ғасырлар мұрасы – домбыра ұлттық құндылығымыз болып қала бермек.
Назгүл Нұрсағат,
«Алатау» дәстүрлі
өнер театрының
Дәстүрлі өнерді дамыту және
үйлестіру бөлімінің қызметкері