Егемендік пен Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан заманауи отандық дипломатияның бастауында тұрған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бас сәулетшісі болып табылатын дәйекті және тиімді сыртқы саясатты жүргізіп келеді. Дипломатия бейбіт өмір қалыптастыруда әрқашан негізгі рөл атқарады, ал дипломат кәсібінің ең күрделі және жауапты кәсіптердің бірінен саналатыны кездейсоқ емес.

Бұны «Дипломаттар сөйлегенде зеңбіректер үнсіз тұрады» деген қанатты сөз де растайды. Еліміздің ел болып қалыптасуына үлес қосқан алғашқы дипломаттар туралы « Дипломат» деректі фильмінде айтылды. Деректі фильмнің тұсауы Qazaqstan ұлттық арнасында кесіліп, көпшілікке ұсынылды.
Еліміздің дипломатиясы аппақ беттен басталды. Кеңес Одағы ыдыраған тұста, 15 мемлекет абдырап қалады. Тәуелсіздікке қол жеткізген әрбір мемлекеттің алдында дербес дипломатиясын қалыптастыру міндеті тұрды. Елімізді сыртқы саясатта кім таныта алады? Қазақстан туралы кім айта алады деген сұрақ туды?
Дипломат болып жүрген санаулы мамандар елге қайта шақырылып, Елбасы әрқайсысына жаңа міндеттеме жүктеді.
Бүгінде біздің еліміз – халықаралық қатынастардың қалаулы және беделді қатысушысы. Қазақстанның аты әлемдік қоғамдастықта сенімді әріптестігімен, бейбітсүйгіш саясатымен, халықаралық күн тәртібі мәселелерін шешудегі жауапты қызметімен, медиаторлық саладағы тиімді жұмысымен, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту саласындағы жарқын бастамаларымен белгілі.
Деректі фильмде еліміздің дипломатиялқ қарым-қатынасына үлес қосқан ең алғашқы елшілерінің пікірі беріліп, олар Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық аренаға қалай көтерілгенін баяндайды.
Мақпал Ноғайбаева