
Қарағанды облысында аудандық мәслихат депутаты мен ауыл тұрғыны тракторға таласып жатыр. Тіпті, арызданып сотқа дейін барған. Ауыл тұрғыны Қыдырбай Құрманов техниканы кеңес заманы ыдырағанда пай есебінен алғанын айтады. Мәслихат депутаты, ауылдағы ірі шаруа қожалығының төрағасы Жолдыбай Рахымберлинов трактор менікі дейді. Дегенмен аудандық сотта депутаттың арызы қанағаттандырылмаған. Шешіммен келіспей жазған апелляциялық арызы облыстық сотта бүгін қаралды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
— Өздері 5 ағайынды. Өзі депутат, біреуі жол полициясында бастық. Біреуі Астанада. Қолы ұзын ғой. Ал мен кіммін? Мен тракториспін. 4 баламнан басқа ешкімімім де жоқ.
«Тасауылдың» тумасы Қыдырбай Құрманов осыдан 25 жыл бұрын мына тракторға қолы жеткен. Ауыл тарағанда еншісіне тигені осы екен. Әу баста құрылған қожалықта осы тракторымен бірнеше жыл жұмыс істеген. Кейін төрағамен сиыспай, Жолдыбай Рахымберлиновтың шаруашылығына тракторымен ауысыпты. Онысына қазір қатты өкінеді. Жылдар бойы жалақыны жарытып бермей, әбден титықтатты дейді.
Қыдырбай Құрманов Тасауыл ауылының тұрғыны:
— Бір тиын төлеген жоқ. Шөпті үйіп алып сатады. Өзіне котедж салып алды, үй салды. Астанада үйі бар, камазы бар. Өзінде бір тиын жоқ бәрі халықтыкі. Өз пайыммен келдім, өз тракторыммен келдім оған. Енді келіп ол менікі дейді. Қалай оныкі? Сен миллион тауып жатырсың дейді. Қайдан табам ондай ақшаны? Алсам бір екі мың теңге алам, соляркамды алам болды.
Ақыры одан да кетіп, көрші қолаңның шөбін түсірісіп, қи-көңін шығарып өз күнін өзі көруге көшіпті. Тракторға талас сонда басталған. Шаруашылықта техниканың жеті атасы болғанымен Жолдыбайдың көзі жалғыз тракторыма түсті дейді ауыл тұрғыны. Сотқа да берген. Аудандық сот істі тракторшының пайдасына шығарған. Алайда, шешіммен келіспеген депутат аппеляциялық арыз түсіреді. Қолында техниканың өз шаруа қожалығына тиесілі екенін растайтын құжаттары бар. Онда 1993-ші жылы шыққан МТЗ Беларус тракторы деп жазылған. Ал тракторшының қолындағы құжатта 1987 жылы шыққан деп көрсетілген. Айтуынша, тракторды даулай бастағанда Қыдырбай техникаға жалған құжат жасатып алған.
Жолдыбай Рахымберлинов Бұқар жырау аудандық мәслихатының депутаты:
— Онда 1987- ші жыл деп тұр. Ал терезесінде, рамасында және блогында 1993-ші жыл деп тұр. Жыл сайын сұраймын.Ауылдың жігіттері табысын санады. Кім миллионнан бас тартады? Салығын төлемейді, салықты мен төлеймін. Ол миллионды қалтасына сала береді.
Пайдадан қағылғанын депутат сотта да баса айтты. Ал Құрмановтың қорғаушылары тракторға жаңа төлқұжаттың қалай берілгенін дәлелдей алмады. Керісінше, арызданушы тарап трактордың қожалық құрамына кіргенін растайтын мөрі басылған бір жапырақ қағаз көрсеткен. Сондықтан апелляциялық алқа Қыдырбайдың жалғызын депутат Жолдыбайдың қанжығасына байлап жіберді.
Апелляциялық сотта Құрмановтың сөзін бір емес екі қорғаушы сөйлеген. Алайда, олар совхоз тарағанда трактордың Қыдырбайға берілгенін растайтын құжат көрсете алмады. Пұлын алса да, облыстық мұрағатқа сұраныс беруге уақыттары жетпей қалыпты. Ал депутат жеңетініне сенімді болғанын айтады. Өйткені бұрнағы жылдары ауыл тұрғынынан тағы бір тракторды дәл осылай даулап алғанмын дейді.