
Сотталушылар Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева сотта соңғы сөзін айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі сот залынан.
«Тағы да кешірім сұраймын, осылай болғанына өкінемін. Көңіл айтамын. Осылай болғанын қаламадым. Өмірімде мұндай жағдай болады деп, осындай жағдайға тап боламын деп ойлаған емеспін. Сізді түсінемін. Ол отбасыңыздың, Қазақстанның бетке ұстар азаматы болды. Осындай тұлғаны жоғалтқанымызға өкінемін. Сіз оны тәрбиелеп, осындай ұлы адам болуы үшін барыңызды салдыңыз. Сізден кешірім сұрауға міндеттімін», — деді Құдайбергенов. «Оксана ханым, сізден кешіруіңізді сұраймын. Менің де әпкелерім, әжелерім бар, сізді түсініп тұрмын. Сүйікті ұлыңыздан айырдық. Ұлыңыздың өліміне себепкер болдық, бірақ біз оны өлтіргіміз келген жоқ. Көңіл айтамыз. Біздің де анамыз, әкеміз бар. Оларға да бұл жағдай ауыр тиді. (…) Сот әділ шешім қабылдайды деп сенемін. Ата-анама қатысты жаман сөздер айтып, оларды қараламауыңызды сұраймын. Бізді осындай жаман әрекетке олар итермелеген жоқ. Өз қателігімді өзім түзеткім келеді», — деді Қиясов. Жанар Толыбаева да соңғы сөзін айтты. «Бұл орны толмас қаза. Соттан әділ шешім қабылдауын сұраймын. Маған қандай қатаң жаза тағайындалсын, Оксана Тен енді ұлын қайтара алмайды. Кешірім сұраймын. Мені үйде күтіп отырған баланың көз жасы мен құрсағымдағы баланы ескерулеріңізді сұраймын. Басқа айтарым жоқ», — деді Толыбаева.