Бәріне ортақ журналистика

Jas qazaq газеті мен Chevron компаниясының бірлескен жобасы «Бәріне ортақ журналистика». Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды журналистика жанрларын меңгеріп, сауатты жазуға бейімдеу. Қазір журналистикаға құмар жандар компьютерлік сауаттылық, мерзімді баспасөз, дизайн, тележурналистика бойынша дәріс алып, тәжірибесін шыңдап жатыр. Солардың бірі – Захра Маханова. Бұл жолы Захра КТК арнасының тілшісі Асқарбек Қазанғаппен сұхбатын сайтымызға ұсынып отыр.

З.Маханова: Асқарбек мырза, қош келдіңіз! Бүгінгі өзекті тақырып, сіздің мамандығыңызға тікелей байланысты, «ақпараттың таралуы» жайында әңгіме өрбітсек. Медиа – журналистиканың бірнеше саласын біріктіретін жүйе ғой. Заманауи өмір сүру дағдысына айналған «медиа» ұғымы екіге бөлінеді: «жаңа медиа» және «дәстүрлі медиа». Осы ұғымдарға сипаттама беріп, айырмашылығын айтып берсеңіз.
А.Қазанғап: Дәстүрлі медиа дегеніміз – кез келген ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында, яғни газет-журналда, радиода адамның басқаруымен жариялау. Ал жаңа медиа — сол дәстүрлі медианы заманауи технологиялармен, ғаламтор арқылы, жаңаша түрде жеткізу.
З.Маханова: Жаңаша жеткізу жолын ұстанамыз деп дәстүрлі медианы ығыстырып тастамаймыз ба?
А. Қазанғап: Елімізде технологияның жоғары деңгейде дамуына байланысты ХХ ғасырдың аяғында қолданысқа енген жаңа медианың дәстүрлі медианы әлсіреткені рас. Осы орайда жаңа медианың басымдығын көрсететін бірнеше артықшылығына көңіл бөлген жөн.
З. Маханова: Ол қандай артықшылықтар, кеңінен тоқталсаңыз?
А.Қазанғап: Біріншіден, бірнеше ақпарат көзінен бір мезетте ақпарат алу мүмкіндігі. Кез келген адам қалта телефонына арнайы жүктелген бағдарламалар арқылы әлеуметтік желі немесе ақпараттық сайттардан бірнеше ақпаратты оқи алады. Екіншіден, ғаламтордың келуімен уақыт тиімділігі мен ақпаратқа қолжетімділік артты. Ақпарат тұтынушыға газет пен радиоға қарағанда жылдам жететін болды.
«Сенсация» деп жатамыз ғой, қандай да бір оқиға, әрине, әлеуметтік желі арқылы тез тарайды. Жаңа медиа құралдары арқылы сіз сол ақпаратқа оңай әрі жылдам қол жеткізе аласыз.
Үшіншіден, сайт дизайнына заманауи тұрғыда айрықша көңіл бөлінеді. Оқырмандардың, жалпы сайт тұтынушыларының сұранысына байланысты барынша көркем әрі оқуға ыңғайлы етіп жасауға мүмкіндік бар. Ал көп газеттердің дизайны сұранысқа сай келе бермейді.
Осы және тағы басқа көптеген артықшылықтарымен жаңа медиа дәстүрлі медиаға қарағанда алға суырылып шықты. Бүгінгі таңда ғаламтор желісіне деген қолжетімділік халық арасында аса жоғары.
З.Маханова: Асқарбек мырза, басты сұрағымызға қайта оралсақ. Жаңа медиа дамып кеткен жағдайда дәстүрлі медианың жойылып кетуі мүмкін бе?
А.Қазанғап: Негізі жаңа медианың мақсаты — дәстүрлі медианы жаңаша түрде жеткізу. Мысал ретінде айтсақ, дәстүрлі медиа өкілі газет болса, жаңа медиа өкілі — сайт. Екеуін салыстырсақ, екеуі де ақпарат жеткізуші, хабарлаушы. Сонымен қатар сайттағы жаңалық жиі жаңарып отыратындығын назарға алу керек. Ескеретін бәр жәйт, сайттағы ақпарат кейде сенімсіз келеді. Қандай да бір жағдайға байланысты сайт жұмысы тоқтаса, ондағы ақпараттың жойылып кетпесіне кім кепіл. Ал газет бетіндегі ақпарат сақталып қалады.
Осы жағын ескерсек, жаңа медиа жуық арада дәстүрлі медианы жаппай ығыстыруы мүмкін деп ойламаймын. Бәлкім, газет оқитындар азайған да шығар. Бірақ газетке сұраныс жойылғвн жоқ. Меніңше, жаңа және дәстүрлі медиа қатар жүріп, бір-бірін толықтыруы тиіс. Оң нәтижеге жету үшін сайт пен газетті сәйкестендіріп, санын арттыру керек.
З.Маханова: Асқарбек мырза, Jas qazaq газетінің редакциясына уақыт бөліп келгеніңіз үшін рахмет! Алдағы уақытта қос медиа қатар көркейіп, жаһандана беруін тілеймін! Жаңа медиа – болашағымыз десек, дәстүрлі медиа – тарихымыз болып қала бермек!
Сұхбаттасқан Захра Маханова