
Шоқыр Бөлтекұлының қаққан қазығынан шыққан қазақ боксының бүгінгі биігімен әркім де санасады. Айтпағымыз, кәсіпқой бокстағы қазақ боксшыларының қазіргі сүрлемі жайында.
Кәсіпқой боксқа ауысқан тарландардың дені мұхит асып, АҚШ-қа аттануды жөн санайды. Себебі осы құрлықта кәсіпқой бокстың базары қыз-қыз қайнап жатады. АҚШ-та білікті маманға деген сұраныс алабөтен. Отандасымыз Дарын Нұрқасымов та осы күнде АҚШ-та тұрады. Шәкірт тәрбиелеп, саңлақтарын түрлі додаларға қосып жүр. 90-жылдардың басында қазақ боксының алаңына алтын шоғыр келді. Сол буынның ішінде Дарын Серікбосынұлы да болды. Түрлі деңгейдегі сайыстарға қатысып, шеберлігін көрсетті. Кейін көпшілік көзінен тасаланып қалғандай көрінген білікті боксшы бапкерлік шеберлігін әйгілеп, АҚШ-та шәкірт баулып келеді.

Jas qazaq: АҚШ-қа қалай жолыңыз түсіп жүр? Ол жаққа турист есебінде барудың өзіне виза алу машақат. Ал сіз ол жақта тұрғылықты тұрып бапкер болып қызмет етесіз.
Дарын Нұрқасымов: 1997 жылы сол кездегі дене шынықтыру және спорт институтын бітірдім. Осы оқу орнында профессор Төлегенов сынды ұстаздан тәлім алдым. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Эдуард Ғабдулов ағайдың тәлімін алып, бокстың қыр-сырын меңгердік. 1998 жылдан 2002 жылға дейін Қазақ спорт және туризм академиясында бапкер-оқытушы болып еңбек еттім. 2009 жылға дейін «Абылай хан» спорт клубында директор әрі бапкерлік қызметті қоса атқардым. Осы клубта жүргенде бапкер ретінде спортшыларды Еуропа, әлем чемпионаттарына бастап барып, спортшыларымыз олжалы оралып жүрді. 2009-2011 жылдары «Карабелла» клубында директор, жаттықтырушы, 2016-2018 жылдар аралығында ПСП «Арыстанда» бапкер нұсқаушы болып жұмыс істедім.
2016 жылы қоян-қолтық ұрыстан қорғаныс министрлігінің кубогында командалық есепте 2-орын алдық. Сол жылы Мәскеуде күштік құрылымдар арасында халықаралық турнир өтіп, олжалаған жүлдеміздің нәтижесінде 3-сатыға орнықтық. 2017 жылы Жоғарғы бас қолбасшының кубогында көш бастап 1-орынға көтерілдік. Осы додаларға командадағы жігіттерді баптап апарып қостым.
АҚШ-қа қоныс аудару турист есебінде келген сапардан басталды. Туристік визамен АҚШ-тың Флорида штатындағы Кей-Вест қаласында жекпе-жек залында болдым. Залдағы спортшылардың жаттығуына қатысып, өзімнің бапкерлік шеберлігімді көрсеттім. Олар менің жұмыс істеу тәжірибемді бағамдап, бапкерлікке жұмысқа шақырды. Сосын жұмыс визасымен барып, бүгінгі таңда бокстан және ережесіз жекпе-жектен шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Өзім баптаған спортшылар сегіз жарысқа қатысып, соның жетеуінде чемпион атанды. Алда Майамиде үлкен турнир өтеді. Соған қызу дайындалып жатырмыз. Әуесқойлар арасындағы ережесіз жекпе-жек турнирі әлемге Hard Rock Hotel атауымен әйгілі. Міне, осы сайысқа екі бірдей шәкіртім қатысады. Турнирді ұйымдастырушылар бір клубтан екі спортшы қатыстыратын тек мен ғана екенімді айтты. Демек бұл да үлкен жетістік деп санаймын.

Jas qazaq: Қазақ бокс мектебі жайында оның ішінде кәсіпқой боксшыларымыз туралы АҚШ-та айтылғанда, ең алдымен ауызға Василий Жиров ілігеді. Тәуелсіз Қазақстанның спортында кәсіпқой боксқа ауысып, орасан жетістікке жеткен алғашқы саңлақтардың бірі.
Дарын Нұрқасымов: Жировты сонау бозбала шағынан жақсы білемін, жете танимын. Осы күнде екеуміз де АҚШ-та тұратындықтан жиі хабарласып тұрамыз. 90-жылдардың басынан бері қарай әуесқой бокстағы оның жүріп өткен жолы, жарқын жеңістерін де жақсы білемін. 1996 жылы Атланта Олимпиадасында алтын медальмен бірге үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын иеленді. Қазақ бокс мектебі бұл жақта зор беделге ие, санасады бәрі де.
Jas qazaq: Күні кеше ғана кезекті жарқын жеңісіне жапон елінде қол жеткізіп, әйгілі Муратоны техникалық нокаутпен ұтқан бірнеше чемпиондық белбеулердің иегері Геннадий Головкиннің ізін жалғап, бірнеше жастарымыз шықты. Жәнібек Әлімханұлы да чемпиондық белбеуге жақындап келеді. Айдос Ербосынұлы, Мәдияр Әшкеев, Мейірім Нұрсұлтанов, Данияр Елеусінов, Садриддин Ахмедов сынды саңлақтардың артынан да қалың шоғыр өсіп келеді.

Дарын Нұрқасымов: Дұрыс айтасың, қазақ бокс мектебінің түлектері тегеурінді болатынын америкалықтар да жете біледі. Кәсіпқой бокстың қаржылық нарығы шарықтау шегінде қазір. Сол себепті де оған қызығушылар, қазанында қайнап шыңдалуды көздейтіндер әлемнің әр қиырынан келеді. Қазақ боксшылары да сол қалың нөпірдің ішінде өздерінің жұдырықтасу өнері биік екенін дәлелдеп жүр.
Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Қуаныш Рахмет