
Соңғы кезде әлеуметтік желіде коронавирустан емделуге қатысты түрлі кеңес қаптады. Өкінішке қарай, ондай «шала молдалардың» айтқанына имандай сенетіндер көп. Осыған орай денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осы аптада өткен брифинг барысында кез келген дәріні ішуге болмайтынын ескертті. Сондай-ақ министр өзі басқаратын мекеменің пневмониямен ауырып жатқан науқастар туралы барлық ақпаратты жариялайтынын мәлім етті.
Кесел белгісі білінбеген, бірақ КВИ-тест оң нәтиже көрсеткен көптеген азаматтар түрлі антибиотик, дене қызуы болмаса да ыстығын түсіретін дәрі-дәрмек іше береді. Шамадан тыс витамин қабылдайды. Бұлай жасауға мүлде болмайды.
Сондай-ақ кейбір азаматтар алыпсатарлардан «ауыр» препараттарды сатып алып, үйде өз бетінше емделіп жүр. «Алувия» сияқты стационарлық дәріні жөтел пайда болғанда әлеуметтік желіден іздеп, сатып алады. Әдетте, алыпсатардан қымбатқа алады. Өкінішке қарай, ондай дәрілер нарықта табылады. Көбіне контрабандалық жолмен жеткізіледі. Міне, жұрт соны сатып алып ішеді. Бұл дұрыс емес. Ондай препарат дәрігерлердің қатаң бақылауымен, қан көрсеткішіне қарай берілуі тиіс. Әрі кеселдің белгілеріне де мән беру керек. Әйтпесе, ауру асқынып, денсаулық нашарлап кетуі мүмкін.
Мұндай дәрілер, әсіресе, бауыр мен бүйрекке кері әсерін тигізеді. Сол себепті науқастың жағдайына қарай тек дәрігер ғана белгілеп, стационар жағдайында қабылдануы қажет.
Ал препараттардың дәріханаларға жеткізілу мерзіміне келсек, мынаны айтуға болады: дәрі-дәрмек оңайлатылған жолмен қоймадан көтерме саудамен айналысатын компанияларға жеткізіледі. Содан кейін тікелей дәріханаларда сатыла бастайды. Бұған дейінгі кедергіні біз алып тастадық. Енді қысқа мерзімде препараттар нарықта болады. Сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізіп отыр. Әр өңірдегі әкімдіктерде арнайы топтар құрылды. Олар дәрі-дәрмекті белгіленген шекті бағамен сатылуын қадағалайды.
Бүгінде денсаулық сақтау министрлігінің сайтында нақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Азаматтар «пневмония мен коронавирус инфекциясының бірлескен есебі жүргізіле ме» деп сұрайды. Қазіргі кезде коронавирус инфекциясының анализімен расталған статистика бар. Бұған қоса, жағдайды бақылауда ұстау үшін, пневмонияға ұшыраған науқастардың санына қатысты талдау жүргізудеміз. Осылайша дәрі-дәрмектің бөлінуін жоспарлаймыз. Өйткені емдеу тәсілдері біркелкі. Әсіресе, пневмонияның ауыр түрін емдеуде.
Сондықтан біз өзімізде мониторинг жүргізіп жатырмыз. Егер азаматтар бұл туралы білгісі келсе, ашық түрде жариялауға дайынбыз.