Елордалық дәрігерлер күйеуі үстіне бензин құйып, өртеп жіберген әйелдің жағдайы туралы айтып берді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Зардап шегуші бізге 6 қазан күні келіп түсті. Денесінің 75 пайызын от шалып, күйіп қалған. Өте ауыр күйік шалған, жоғары тыныс алу жолдарын термоингалляциялық күйік зақымдаған. Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы өте ауыр», — деді Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының дәрігер-реаниматологы Татьяна Лебига. Оның атап өтуінше, әйел күйген кезде қатты қорқып қалған. «Ол есін біледі, естиді. Бірақ жағдайын бағамдай алмайды. Әйел үнемі опиоидты анальгетикте және өкпесі жасанды жолмен желдетіліп жатыр», -деді ол.