jasqazaq.kz

Дәрігерге емес, құрылысшыға арналған киім

23 сәуiр 2021, 11:07

Жазушы Әлібек Асқаровтың «Аюдың өті қайда?» деген әдемі хикаяты бар. Сол хикаятта Алтайдан аюдың өтін іздеп келіп, қомақты ақшаға өгіздің өтін алып қайтқан жапондар туралы айтылады. Әр келген жапонға өтін ойып алып ұстата қоятын, байлап отырған маймақ бар дейсің бе? Пысықтар аюдың өті деп өгіздің өтін берген ғой. Оңбай алданған жапондар содан кейін Алтайға ат ізін салмай кетіпті…

Алматыда бір жылдан бері дәрігерлерге арнап 90 млн теңгеге сатып алынған жеке қорғаныс құралдарын шаң басып жатыр. Өйткені олар эпидемиологтар үшін емес, құрылысшыларға арналған киім екен. Аю орнына өгіздің өтін берген әңгіме сияқты ғой.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топ Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің өтініші бойынша қоймада тұрған жеке қорғаныс құралдарын тексереді. Қоймада түсірілген видеоны Facebook желісінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топ төрағасының орынбасары Рафаэль Гасанов жариялады.

90 млн теңгеге 12 мыңға жуық киім әкелінген. Мысалы, бір адамға арналған қорғаныш киім жабдықтарымен 7500 теңге тұрады. Қазір қоймада 7028 данасы қалыпты. Тауарды Алматы қаласы тауар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова қабылдап алған. Ж.Бекшин тексеріп, қорғаныш жабдықтың талапқа сай келмейтінін мәлімдеді. Бұл киім адамды шаң мен бояудан қорғайды, бірақ су өткізеді. Сондықтан эпидемиологтардың қолдануына мүлде жарамсыз. Жандарбек Бекшин: «Мұны қарапайым түрде ешқандай зертханасыз тексеруге болады. Егер су өтсе, онда вирус та өтеді. Мен мұндай киімдермен эпидемиологтарымды ауру ошағына жібере алмаймын. Құжаттарға қарасаңыз да, сәйкес келмейді», — деп отыр. Сондай-ақ бас санитар дәрігер қоймада денсаулық сақтау министрлігінің талабына сәйкес келмейтін көзілдірік пен масканың да бар екенін жеткізді. Ол «Біз сотқа бердік. Бір инстанция өтті, соттар тез қарап, негізсіз қабылдамай жатыр», — деп түсіндіреді. Оның айтуынша, бұл қалада жеке қорғаныш құралдары жетіспейтін көрінеді. Қоймадағы қор екі айға да жетпейді. Рафаэль Гасанов жағдайға былайша түсініктеме береді. Ол «Әсел Қалықова (санитар дәрігердің орынбасары) бұл жеке қорғаныш құралдары эпидемиологтар үшін жарамды деп санайды, ал басқа санитарлық дәрігерлер бұлай емес дейді. Түсініксіз. Біз оны анықтап алып, комитетті шақырайық дедік. Сараптама ешқандай сертификат жоқ екенін көрсетті. Көзілдірікке, киімге және маскаға арналған жеке сертификат болуы керек. Мұның бәрі жоқ. Сондықтан осындай сұрақ туып отыр», — дейді.

Жарас ШӨКЕ

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде