
Күдіктінің туыстарының болжамы бойынша, жанжал жуылмаған ыдыстан шыққан көрінеді. Яғни бір үйде отырып тамақ ішкен оқушылар жиылмаған дастархан үшін ерегісіп қалғанға ұқсайды. Десе де, соңы кісі өлімімен аяқталған оқиғаға нақты не себеп болғаны әлі де анықталуда. Ал мектепті енді бітірген түлекті өлтірді деген күдікпен ұсталған оқушы қазір қамауда жатыр.
Биыл ғана мектеп бітірген түлектің оқыстан болған өлімі ұстаздарын есеңгіретіп тастаған. Айтуларынша, Жаннұр Байқоныс ең үздік оқушылардың бірі болыпты. Бірнеше тілді меңгерген жігіт Қытайға өз күшімен оқуға түсіп, бірер күнде кеткелі жүрген екен. Сондықтан да мұндағылар оның төбелесті өзі бастады дегенге сенбейді.
Гүлмира Пірімбетова, №173 мектеп-лицей директорының орынбасары:
— Жаннұр төбелеске баратын бала емес. Оқиа орнында болған жоқпыз. Бірақ қалай болды деген сұрақ мазалап жүр.
Бұзақылар ұрып өлтірді дейін десе де олай емес. Өйткені, күдікті ретінде осы 173-ші мектеп-лицейінің бұрынғы оқушысы ұсталған. Ұстаздары оның да тәртібінің жақсы болғанын айтады. Тек мектеп бағдарламасын қиынсынған соң ғана басқа білім ошағына ауысыпты.
Гүлмира Пірімбетова, №173 мектеп-лицейі директорының орынбасары:
— Бізде жүргенде жақсы бала еді. Бірақ 8 сыныпта кетіп қалған бала. Ал ол қазір 10-шы сыныпқа өткен бала боп тұр. Біздікі физика-математика лицейі болғаннан кейін білімге ілесе алмай, ауысып кетті.
Жаннұр Байқонысты өлтірді деген күдікпен ұсталған, 10-шы сыныпқа өткен оқушы қазір қамауда. Күдіктінің туыстарының айтуынша, ерегісті мектеп бітірушінің өзі бастаған көрінеді. Ал жанжал жуылмаған ыдыстан шыққан дейді олар. Ортақ таныстарының үйінде тамақтанған жігіттер сол үшін сөзге келіп, мына сауда орталығының тура тұсында төбелес басталады. Соққы кезінде Жаннұрдың басы мына бардюрге ұрылып, жігіт бірден тіл тартпай кеткен. Мұнда қан іздері әлі жатыр. Сорақысы сол, бір-біріне жұдырық ала жүгірген оқушыларға қой дейтін жан табылмаған. Керісінше, қызық көріп ұялы телефонға түсіріп алыпты. Айта кетейік, мерт болған бала белгілі дәрігер Шахерезада Ахашеваның ұлы. Білдей қазақ ұлттық медицина университетіне тиесілі клиника басшысының орынбасары жалғыз баласын бүгін жер қойнына тапсырды.