Дәния Еспаева: Елде педиатр жоқ

09 қыркүйек 2016, 15:56

espaeva

Еліміздегі мемлекеттік емханада халыққа қызмет көрсететін дәрігерлер жетіспейді. Мұның себебі – білікті дәрігерлер жекеменшік клиникаларға кетіп жатыр. Ал мемлекеттік емханаларда айлық жалақы аз болып отыр. Егер дәрігерлердің жалақысын көтермесек, мемлекеттік емханаларға маман келмейді. Мәжіліс депутаты Дәния Еспаева газетімізге берген сұхбатында осылай деді.

Жас қазақ: Күні кеше Сіз медицина оқу орындарында балалар дәрігері бөлімдерінің жабылуына байланысты Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің атына депутаттық сауал жолдадыңыз. Министрлік жоғары оқу орындарынан «педиатр» мамандығын неге алып тастаған?

Дәния Еспаева: Денсаулық сақтауды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы аясында былтырдан бері балалар емханасы ересектер емханасымен біріктірілген болатын. Осыған байланысты барлық медицина мекемесінде жалпы тәжірибедегі дәрігер балаларды да, ересектерді де қабылдай береді. Себебі жоғары оқу орындарында «педиатр» мамандығы жойылған болатын. Мұндай жаңалық қоғам тарапынан орынды сынға ұшырауда. «Ақ жол» партиясына шағымданғандар осының салдарынан емханаларда бір дәрігерге қаралу үшін аяғы ауыр әйелдер де, емшектегі баласы барлар да, қарт кісілер мен жас балалар да үлкен кезекке тұратынын айтады. Ондай кезекте тұрған науқастардың көңіл-күйі айтпаса да түсінікті.

Бүгінгі күні терапевт дәрігерлер төрт айлық курстан өткендіктен, олар балалар арасында ең көп таралған ауру түрі туралы ғана білімін жетілдіреді. Ал балалар ағзасының ерекшелігі арнайы біліммен қатар ұқыпты қарым-қатынасты да талап ететіні белгілі. Мәселенің моральдық-психологиялық қырынан бөлек, балаларды емдеудегі ендігі дәрігерлердің білікті әрі тиімді қызметі де күмән тудырады. Мұндай реформа ата-аналардың ғана емес, дәрігерлердің өздері тарапынан да түсінісбеушілікке ұшырауда. Ең сорақысы, осындай сынақтан біздің балаларымыз жапа шегіп жатыр.

Жас қазақ: Ала жаздай еліміздің әр аймағында болып, халықпен кездестіңіздер. Өзіңіз еліміздің қай өңіріне болып, қандай түйткілді көзбен көріп келдіңіз?

Дәния Еспаева: Негізінен, іс-сапар бойынша Ақтөбе облысында болып, ондағы халықтың тыныс-тіршілігімен таныстым. Сол кездесулерде қарапайым халық тарапынан медицина саласындағы олқылықтар туралы көп естідім. Өзім депутат болмай тұрып, 30 жылға жуық банк саласында жұмыс жасаған болатынмын. Сондықтан да медицина саласына ешқандай қатысым жоқ адаммын. Алайда күнделікті өмірде қарапайым халықтың дәрігерлерге бірнеше күн бойы кіре алмай жүргенін көріп жүрміз. Мәселен, жуырда немерем ауырып емханаға емделейін деп барса, «екі аптадан кейін келіңіз» деп қайтарып жіберіпті. Өзі ауырып тұрған адам екі аптада ауруын асқындырып алмай ма? Бұл өзгеріске ата-аналардан бастап, дәрігерлердің өзі наразы болып отыр. Оларға «былтыр осы заң қабылданып жатқан кезде өз наразылығыңызды неге айтпадыңдар» десем, «Жоғары жақтан бізге бұйрық келді» дейді.

bart201303161752191

Бұған дейін Ресейде балалар мен ересектерді бірге қарайтын бағдарлама қабылдау мәселесі көтерілген болатын. Бірақ олар аталған бағдарламаны қабылдамай тастады. Белгілі ресейлік дәрігерлер «балалар дәрігері болмаса болашағымызды жоғалтып аламыз» деп президентке айтқан екен. Бір қызығы, біз қандайда бір заң қабылдайтын болсақ «Ресей немесе Еуропаның тәжірибесіне сүйене отырып, заң қабылдадық» деп айтамыз ғой. Ендеше, біз неге осы жерде Ресейдің тәжірибесін алған жоқпыз? Менің ойымша, медициналық институттарға балалар дәрігері факультеттерін қайтадан ашуымыз керек. Сондықтан да жұртты алаңдатып отырған мәселенің оңынан шешілуі үшін ақырына дейін күресемін. Депутаттық сауалға Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жауап берсе, оны міндетті түрде әлеуметтік желі арқылы жариялаймыз.

Жас қазақ: Емханаға барған адамдардар ондағы кезектің салдарынан «ауруымызға ауру жамап қайтамыз» деп айтады. Жалпы, медицина саласындағы ұзынсонар кезекті қалай шешкен дұрыс деп ойлайсыз?

Дәния Еспаева: Ең біріншіден, емханада халыққа қызмет көрсететін дәрігерлер жетіспейді. Мұның себебі – білікті дәрігерлер жекеменшік клиникаларға кетіп жатыр. Ал мемлекеттік емханаларда айлық жалақы аз болып отыр. Егер дәрігерлердің жалақысын көтермесек, мемлекеттік емханаларға маман келмейді. Сондықтан да ең бірінші кезекте дәрігерлердің жалақысын көтеруге күш салуымыз керек. Сондай-ақ мемлекеттік емханаларда медицина саласы бойынша барлық мамандар болмай отыр. Мәселен, қазіргі таңда мемлекеттік клиникаларда балалар неврологы мен отоларинголог жоқ. Дәл қазіргі таңда аталған мамандықтарға деген сұраныс жоғары.

Жас қазақ: Сөз басында 30 жыл бойы банк саласында қызмет еткеніңізді айттыңыз. Қарапайым адам кәсіпкерлікпен айналысамын деп екінші деңгейлі банктен несие алатын болса, оның пайызы тым жоғары. Мәселен, 1 миллион теңге алсаңыз, оның үстіне 1 миллион қосып қайтарасыз. Осы мәселені қалай шешуге болады?

Дәния Еспаева: Қазіргі таңда 16 пайыздан бастап 22 пайызға дейін несие берілуде. Кейбір жекеменшік банктер ойына келгенін жасап жатқан шығар. Алайда Ұлттық Банк оларды қатаң бақылап отыр. Ал кәсіпкерлік ашамын деген адамға 16, ары кетсе, 22 пайызбен кредит беріліп жатыр. Сондай-ақ үкіметтің бағдарламалары бойынша 6 пайызбен несие алып, кәсіп ашуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы ақша алып, өндіріс ашуға болады. Өзім Ақтөбеде жұмыс жасағанда байқағаным, 7-9 пайызбен несие алуға мүмкіндік қарастырылған.

111

 

Зағипа Балиева,
Мәжіліс депутаты:

 

«Біз аурухананы ескі әдіс бойынша ересектер және балаларға арналған деп бөлуіміз керек. Себебі 25 адамның келуіне арналған клиникада, жүзден астам адам келіп қаралады. Егер біз емдеу орталықтарын біріктіретін болсақ, ұйымдастыру жағын да реттеуіміз керек. Өйткені, туберкулездің ашық түріне шалдыққан адаммен, емізулі баласымен ана бір кезекте тұрмауы керек. Сонымен қатар педиатр мамандығын 5 жыл оқытып, 2 жыл ортақ тәжірибеден өткізсек. Себебі педиатр ересекті де, баланы да емдей алады. Ал терапевт дәрігер ешқашан жас баланы емдей алмайды. Сондықтан педиатр мамандығын даярлауды қайта қарау керек»

 Сұхбаттасқан Серік Құдайбергенұлы

22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде