Чемпиондар өсіп келеді

18 қазан 2019, 14:27

Салауатты өмір салтын қалыптастыруда дене тәрбиесінің маңызы зор. Бәріміз де жастарды болашақтың тірегі болатын, денсаулығы мықты азамат ретінде көргіміз, олармен мақтанып жүргіміз келеді. Одан бөлек, ұл-қыздар арасынан мықты спортшылар даярлап, оларды халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауға әзірлеу өз алдына жауапкершілігі мол жұмыс. Сондықтан қазіргі қыз-жігіттердің болашағына зор сеніммен қарап, үміт артатындар көп.
Осы орайда елімізді әлемдік аренада спорттағы жетістіктерімен әйгілеп, көк туымызды биікте желбіретіп жүрген жас өрендер жетерлік. Оларды жарысқа барынша баптап, жеңіске деген құштарлығын оятуда спорт мектептерінің қосар үлесі зор. Сондай білім ордаларының бірі де бірегейі – Алматыдағы Шаңырақ ықшамауданында орналасқан «Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» республикалық мемлекеттік мекемесі. Біз кеше аталған спорт шаңырағына арнайы барып, ондағы балалар өмірімен таныстық.

«Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» алғашында 2007 жылы Үкімет шешімінің негізінде «Спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернат» болып ашылды. 2012 жылы «Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі» республикалық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Колледждің аумағы 6,3 гектар. Құрылтайшысы – мәдениет және спорт министрлігі мен спорт және дене шынықтыру істері комитеті. Бізді оқу орнының директоры Ернар Таласбекұлы ең алдымен мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Оның айтуынша, мекеме спорттың 13 түрінен болашақ Олимпиада және әлем чемпиондарын дайындау мақсатында жұмыс істейді. Бұл спорт түрлеріне бокс, қыздар боксы, еркін күрес, грек-рим күресі, әйелдер күресі, үстел теннисі, суда жүзу, садақ ату, таэквондо, ауыр атлетика, байдарка мен каноэде есу, семсерлесу, каратэ-до жатады.Елімізде жақсы дамыған бокс, ауыр атлетика, күрес түрлерінен бөлек, садақ ату, семсерлесу, су спорты түрлеріне де көп көңіл бөліп жатыр екен. Олардан күткен нәтижелер де жаман емес.

Осы төңіректе сөз қозғаған Ернар Таласбекұлы: «Спорт мектеп-интернат колледжінің мақсаты – стандартқа сәйкес білім беруді қамтамасыз ету, орта білімнен кейінгі кәсіби білім беру жүйесін жетілдіріп, спорт салаларына арнап кәсіби мамандарды, сонымен қатар ұлттық құрама сапына спорттық резерв даярлау. Мұнда қазіргі уақытта 380 оқушы мен 60 студент білім алуда. Қызметкерлер саны – 312. Оның ішінде: мұғалім – 26, оқытушы 8. Балаларымыздың денсаулығына 5 дәрігер, 7 медбике жауап береді. 18 тәрбиеші мен 67 жаттықтырушы бар. 7 жаттықтырушымыз – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушы, 3 жаттықтырушы – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 34 жаттықтырушы – спорт шебері, 6 жаттықтырушы спорт шеберлігіне үміткер», – деді.
Ғимараттың құрылымына келсек, оқу-әкімшілік корпусы, жатақхана, асхана және медициналық орталық, спорт кешенінің ғимаратынан тұрады. Мекеменің материалды-техникалық базасы халықаралық стандартқа сай салынған. Сондай-ақ спорт кешенінде 8 жолақты жүзу бассейні, семсерлесу залы, күрес залдары, жаттығу залы, кітапхана, оқу және компьютерлік сынып бар.
Мекеме басшысының айтуынша, оқушылар мен тәлімгерлерге барлық жағдай жасалған. Ең бастысы – оқушыларға 5 мезгіл құнарлы ас беріледі. Сонымен қатар медициналық орталық қызметкерлері әрбір оқушының денсаулығын күнделікті қадағалап тұрады. Спорттық жаттығуларға басымдық берілгенімен, оқушылар білім және ғылым министрлігі бекіткен стандартқа сай білім жүйесімен оқытылады.

Мекеме басшысы Ернар Таласбекұлы мектеп оқушылары мен колледж тәлімгерлерінің жоғарғы жетістіктерін мақтанышпен атап өтті. Ол өз сөзінде: «2018-2019 оқу жылы мектеп спортшылары үшін табысты жыл болғанын атап өткім келеді. 2018 жылы жастар арасындағы Олимпиада – 1 күміс, 23 жасқа дейін әлем чемпионатында – 1 күміс, Азия чемпионатында – 3 алтын, 5 күміс, 9 қола. Барлығы 19 медаль алдық.
2019 жылы әлем чемпионатында – 1 алтын, Азия чемпионатында – 1 алтын, 6 күміс, 6 қола. 23 жасқа дейінгілер арасында 1 қола. Барлығы 14 медальді иемдендік. Оның ішінде Дамир Тойбай бокстан +91 келі салмақта 2018 жыл жастар арасындағы Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасында Азия чемпионы атанды. Олжас Құлажан (70 кг) каратэ-до спорт түрінен кадеттер арасында Азия чемпионы. Жастар арасында Игорь Рященцев байдарка мен каноэ есуден Азия чемпионы. 2019 жылғы кадеттер арасында Саматбек Ізімғали грек-рим күресінен әлем және Азия чемпионы (45 кг). Қаһарман Қисметов грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі жастар арасында әлем және Азия чемпионатының қола жүлдегері болды. Сонымен қатар мектебіміздің түлектері – бүгінде атақты спортшылар: бокстан әлем чемпионы және кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы, қыздар арасындағы бокстан 2 дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай, грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері – Мейрамбек Айнағұлов., үстел теннисінің үздігі Кирилл Герасименконың есімдерін ерекше айтқым келеді», – деді.
Осы спортшыларды жеңістерге жетелеген, рухын көтерген жаттықтырушылардың аты-жөндерін де атап өткен жөн. Айталық, грек-рим күресінен Саматбек Ізімғали мен Қаһарман Қисметовтың жаттықтырушысы Жарқын Тұрсынов, бокстан Дамир Тойбайдың жаттықтырушысы – Бақыт Алпысбаев, Жәнібек Әлімханұлын баптаған Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Мұрат Сиқымбай, Назым Қызайбайдың жеке бапкері – Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Жұмабек Өмірзақовтың орындары бөлек азаматтар.

Мекемеде жас спортшыларды жігерлендіру мақсатында еліміздегі белгілі спорт шеберлерімен де кездесу өткізіліп тұрады. Мысалы, Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбрайымов, Арман Шілманов, Елдос Сметов, Қанат Ислам сынды танымал спортшылар осында қонақта болып тұрады. Әрине, олардың әрбір жүріс-тұрысы, ақыл-кеңесі, пікірі болашақ спортшылар үшін сабақ болары даусыз. Ең бастысы – тәртіп, білім, спорт қағидасын берік ұстанған оқу ордасынан әлі де талай танымал жастар шығарына сенімдіміз. Мекеме тіршілігімен танысу барысында оқу ордасында балалары білім алып жатқан ата-аналармен кездесіп, пікір алмастық.
Кездесу соңында Ернар Таласбекұлы: «білім ордасында жаңа мүмкіндіктерді сәтті іске асыруымызға қолғабыс беріп, жанашырлық көрсетіп отырған мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен вице-министрлер Елдос Рамазанов, Нұрғиса Дәуешов және спорт және дене шынықтыру комитетінің төрғасы Серік Сәпиевке алғысымызды айтамыз», – деді.

Міне, Алматының орталығынан шеткерірек орналасқан «Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» республикалық мемлекеттік мекемесі былайғы жұрттың көзіне түсе қоймағанымен, мұнда ұлан-ғайыр тірлік бітіп жатыр. Осында білім алумен қатар, спортта бақ сынағысы келген болашақ спортшылар да, үмітін үкілеген ата-аналар да еш өкінбейді. Ал бабында жүрген бапкерлер болса, қол астындағы келешек жеңімпаздардың әр күнін босқа өткізуге жол бермейді. Олардың тынымсыз еңбегі, маңдай терлері өз өтеуін беруде. Соған шүкіршілік еткен мамандар қанатын қомдаған шәкірттерінен көп үміт күтеді. Сол үміттің ақталарына бізде кәміл сенеміз. Өйткені, мұнда чемпиондарды даярлаудағы ұшан-теңіз шаруаның барлығы тиянақты атқарылатындығына көз жеткіздік. Бүгінінен ертеңі нұрлы спорт орталығының түлектер ел намысын қорғауда әрдайым алда бола береді.

Дамир Тойбай, бокстан ауыр салмақ бойынша жастар арасында Азия чемпионы, 2018 жылы Аргентинада өткен Олимпиаданың күміс жүлдегері:

«2017 жылдан бастап осы спорт мектебінде оқыдым. Биыл осында колледжде 2-курста оқимын. Қазір еліміздің ұлттық құрама сапындамын. Спортта жеңіске жетуі үшн ең алдымен тәртіп пен еңбек керек. Өйткені тәртіп болса, бәрі болады. Тәртіптің ішіне еңбек, білім, талмай жаттығу секілді қағидалар кіреді. Ең алдымен, осы оқу орнының басшыларына, тәрбиешілері мен бапкерлерге үлкен алғыс айтамын. Болашақта өмірімді спортқа арнап, Олимпиада чемпионы атанғым келеді. Қазіргі таңда Токиода өтетін үлкен додаға жолдама алу үшін дайындалып жатырмын».
 

Саматбек Ізімғали, грек-рим күресінен кадеттер арасында Азия және әлем чемпионы:

«Спортта жоғары нәтижеге жетуім ең алдымен осы мектептегі тынымсыз жаттығудың жемісі деп ойлаймын. Әсіресе жеңіс тұғырында тұрғанда көк туымыз желбіреп, әнұранымыз орындалған сәтте толқымау мүмкін емес. Спортта ең алдымен белгілі бір тәртіпті сақтап, бапкерді тыңдап, мықты дайындықтың нәтижесінде жоғарғы көрсеткішке жетуге болады.
Мектепте спортқа басымдық берілгенімен, сабақты да жақсы оқуға тиіспіз. Мұнда белгілі бір күн тәртібі бар».

Ата-ана пікірі

Салтанат Жүсіпова:
«Спорт мектебінде балам 7-сыныптан бері оқиды. Қазір 11-сыныпта. Өзі боксты ертеден таңдаған болатын. Осында келгенге дейін бокстан жүлделі орындар алып жүрді. Бұл мектепке түсіруіне өзі себепші болды. Оқуға аттестациядан өтіп, барлық талаптарды орындаған кейін түсті. Қазір 11-сыныпты жақсы нәтижемен аяқтағалы отыр. Ұлым «Алтын белгіге» үміткерлердің бірі. Колледж баланың сапалы білім алуын да қадағалайды. Тәрбиешілер, жаттықтырушылар, ұстаздар барлығы бір-бірімен тығыз жұмыс істейді. Мектеп формасы мен спорттық киімдер тегін беріледі. Осының барлығы оқуға құштарлықты оятады».

 

Шерхан Айдосов:
«Менің ұлым ауыр атлетика бойынша 8-сыныпта оқиды. Мектепке биыл қабылдандық. 1,5 ай ішінде байқағаным, мектепте тазалыққа ерекше мән беріледі. Смартфонды оқушылар қолданбайды. Олардың алаңсыз білім алуына, жаттығуына барлық жағдай жасалған. Бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етілген. Ең бастысы – тәрбиешілері де өте тәжірибелі мамандар».

 

Гүлнұр Тұрлыбекқызы:
«Қызым ауыр атлетика спортын таңдады. 7-сыныптан бастап осында. Ең алғаш осы мектепке түсірген сәтімізде қыз бала болғандықтан, қатты қобалжығанымыз да рас. Бірақ мұнда барлық жағдай жасалыпты. Медициналық орталық 24 сағат жұмыс істейді. Қызым ауыр атлетика саласында жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп жүр».

 

Әсия Сұлтанбекова:
«Бұл мектепте оқушылар жылына бір рет аттестациядан өтеді. Медицина мамандары мен тәрбиешілер жаттықтырушылар бірігіп, оқушылардың білімі мен жетістіктерін сарапқа салады. Мысалы, бір баланың сабағы нашар болғанымен, спорттан мықты болуы мүмкін. Осы секілді мәселелер бір мезетте талқыланып, әр баланың мүмкіндіктері тексеріледі. Қызым таэквондо бойынша 8-сыныпта оқиды. Қыз бала болғандықтан, спортқа беруге қарсы болдым. Бірақ қызым өзі талаптанып, жаттықтырушылары қолдап, осы мектепте тәрбиеленіп жатыр».

Мақпал Ноғайбаева
Фото: Ержігіт Ибрагимов

Бүгін, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді